Бүгін елімізде аудан әкімдерінің сайлауы өтуде. Бұл сайлаудың ерекшелігі азаматтарымыз әкімді тікелей дауыс беру арқылы сайлауда. Атырау облысы бойынша бұл тәсілмен Қызылқоға және Исатай аудандарының әкімдері сайлануда.
Қыркүйектің 1-інде Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа дәстүрлі жолдауында аудан әкімдеріне нақты елді мекендердегі қордаланған мәселелерге орай бюджетті жасақтауды өздеріне тапсыратынын айтты. Сондай-ақ Президент тапсырмасы бойынша, министрлер мен әкімдер салалық шешімдерді орындауда және дайындауда біршама тәуелсіздікке қол жеткізетінін, тиісінше, оларға артылатын міндет те артатынын мәлімдеді. Олар жасалып жатқан реформалардың нәтижесі үшін тікелей жауапты болады.
Енді бір жылдың ішінде өңірлер блоктық бюджетке өтіп, жергілікті аудан бюджеттері НДС алатын болса, онда республикалық бюджетке қол жою тоқтайды. Әр ауданның әкіміне, оның іскерлігіне көп нәрсе байланысты болады.
Президент ұсынған жаңа блоктық бюджет идеологиясы бойынша әкімге сенім шкаласы бойынша белгілі бір қаржы лимиті бекітіледі. Осы қаржы көлемінде ол өз шешімі негізінде әрекет ете алады. Артынан, белгілі бір уақыттан кейін облысқа есеп беріп, ненің қайда жұмсалғанын көрсетеді.
Осы жүйеге аудан әкімдерін сайлау идеясы сұранып тұр. Беделі кіршіксіз, тұрғындар сенетін, қолынан іс келетін азаматты халық өзі таңдап, сайлауы керек. Бүгінгі сайланып жатқан әкімдер өз ауданын адам танымастай етіп өзгерте алатындай жігермен жұмыс атқарады деп сенеміз. Өйткені, ендігі жерде жергілікті бюджетке корпоративті, жеке табыспен бірге НДС салығы да берілмек. Демек, әр аудан әкімі бұдан былай өз жерінде бизнестің көп болғанына, олардың салық төлеуіне мүдделі болады. Көп салық жинадың ба, ол ақша өзіңде қалады. Баяғыдай тек бюджеттің бергенін ғана жеп, игеріп отыратын тиімсіз кездер артта қалмақ. Аудандар бизнесті тарту, қызық локациялар ашу, креатив бойынша бір-бірімен бәсекелесе бастайды. Осы ретте жолдар да түзеліп, түрлі кәсіптің пайда болатыны анық.
Ғибрат Мырзағали, Жалғансай ауылдық округінің әкімі.