АСТАНА. KAZINFORM - 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап суармалы су беру бойынша «Қазсушар» РМК мен су пайдаланушылар арасындағы келісімшарттар тек онлайн форматта жасалады, деп хабарлайды ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл шара судың «көлеңкелі нарығына» тосқауыл қою мақсатында қолға алынып отыр.
Қазіргі уақытта Су ресурстары және ирригация министрлігі өтінім қабылдау, келісімшарт жасау және төлем жүргізу үдерістерін автоматтандыруға арналған арнайы биллинг жүйесін әзірлеп жатыр. Жаңа жүйе іске қосылғаннан кейін «Қазсушар» РМК су пайдаланушылармен электронды келісімшарттар жасайды, ал төлемдер екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы жүзеге асады.
Министрлік биыл қараша айында биллинг жүйесін пилоттық режимде іске қосуды жоспарлап отыр.
«Келесі жылдан бастап барлық келісімшарт электронды форматта рәсімделуі керек. Бұл талап шаруа қожалықтарына, өндірістік кәсіпорындар мен басқа да су пайдаланушыларға бірдей қолданылады. Төлем де тек қана электронды түрде жүргізілуі керек. Бұл бөлінген су ресурстарының ашықтығы мен нақты есебін қамтамасыз ету үшін қажет. Бұрынғы келісімшарттарды да жүйеге енгізген абзал. Кімнің қанша су алғанын және қанша қаражат төлегенін біз нақты білуіміз керек. Ортада жүрген делдалды алып тастауымыз қажет. Келесі жылдан бастап барлық келісімшарт электронды түрде жүргізілуі тиіс. Төлемді де электронды түрде қабылдау қажет. Каналдың басында жүріп, шаруалардан ақша жинауды тоқтату керек», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Осыған дейін 2026 жылы Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі іске қосылатыны туралы жаздық.