АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жаңа Конституция жобасы әлемдік БАҚ-та тарихи шешім ретінде бағаланып отыр. Бұл туралы «Референдум-2026» онлайн марафоны барысында «ҚазАқпарат» ХАА Қытай редакциясының шеф-редакторы Мұқтар Мұрат айтты.
— Жалпы, бір елде болып жатқан, әсіресе Ата заңына енгізілетін өзгерістер, реформалар мемлекет ішіндегі ғана саяси оқиға емес. Ол әлемдік қауымдастық деңгейінде де маңызды. Сондықтан әлемдегі жетекші ақпарат құралдары жаңа Конституциямыздың жобасына қатысты көптеген материал жариялап жатыр. Аталған материалдарда Қазақстанда болып жатқан реформалар мемлекеттің ұзақмерзімді тұрақтылығын сақтау әрі тиімді мемлекет жүйесін құру үшін жасалып жатқан тарихи шешім ретінде бағаланып отыр. Мұнан бөлек, Қазақстанның бұрынғы суперпрезиденттік модельден бас тартып, «Күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет» құру үстінде деген оң пікірлер басым, — деді ол.
Сонымен қатар, ол агенттіктің Қытай редакциясы Қытай баспасөз беттеріндегі Қазақстанға қатысты ақпараттарды мұқият бақылап отыратындықтарын атап өтті.
— Қытай қауымдастығы Қазақстанда болып жатқан реформаларға зор қызығушылық танытып отыр. Ресми бұқаралық ақпарат құралдарынан бөлек, Қытайдың жеке блогерлері және қарапайым әлеуметтік желі қолданушылары қызу талқылап жатыр. Байқауымызша, Ата заңға енгізіліп жатқан өзгерістер, Қазақстанның саяси жүйесіндегі реформалар демократиялық құрылымды нығайту, мәдениетті мемлекеттердің қатарына қосылуға ұмтылу жолындағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көрегенділігі әрі батыл шешім қабылдауы ретінде бағалануда, — деді Мұқтар Мұрат.



