Қазақстандық кино әлемдік экрандарды бағындыруда

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұлттық киноны дамыту және халықаралық деңгейде ілгерілету жұмыстарын жалғастыруда.

Отандық туындылар 300-ден астам халықаралық кинофестивальге қатысып, 177 жүлде иеленді. 2020-2025 жылдар аралығында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы түрлі жанрдағы 119 киножобаны жүзеге асырды.

Соңғы екі жылда үш питчинг (киножобаны қаржыландыруға ниетті инвесторларды тарту мақсатында өткізілетін визуалды таныстырылым) өткізіліп, оның нәтижесінде 57 жобаның 40-ы жас кинематографистердің қатысуымен жүзеге асырылуда.

2024 жылы конкурсқа іріктеу ережелері қайта қаралып, процесс ашық әрі тиімді болды. Басым тақырыптар белгіленіп, сценарий әзірлеу мерзімі қысқарды. Құжаттарды электронды түрде қабылдау енгізіліп, Сарапшылар кеңесінің дауыс беру механизмі жетілдірілді. Бұл өзгерістер қазақ тіліндегі сценарийлер үлесін 75%-ға жеткізіп, режиссерлердің қатысуын арттырды.

«Qaitadan» фильмі мемлекеттік қолдау алып, отандық прокатта 1 миллиард теңгеден астам касса жинап, маңызды жетістікке жетті. Фильм мемлекеттік инвестицияларды бес есе қайтарып, мемлекеттік қолдау механизмдерінің тиімділігін дәлелдеді.

2025 жылы жаңадан талантты актерлерді (әсіресе өңірлерден) іздеу және қолдау мақсатында «JARQYRA» республикалық кастингі басталды. Бұл жоба арқылы жас әртістер өздерін танытып, ұлттық кинематографияға қосылу мүмкіндігіне ие болды.

«Қазақ киносының онкүндігі» акциясы аясында отандық фильмдердің көрсетілімі Қарағанды, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Жетісу облыстарында өткізілді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT