Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына жолдауында Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне толыққанды стратегиялық HR институтына айналу міндетін қойды.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Агенттіктің 2023 жылғы жыл қорытындысы бойынша алқа отырысында Президенттің тапсырмаларын орындау шаралары туралы айтты. Агенттікпен осы бағытта тиісті дайындық жұмыстары жүргізіліп, өткен жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының құрылымында Адами ресурстарды басқару институты құрылғанын атап өтті.
Аталған Иинститут құзыреттілікті бағалау, HR-аналитика, талант менеджмент, тестілеу, ақпараттық жүйені сүйемелдеу тәрізді бес бағыт бойынша жұмыс атқаратын болады.
Институт жұмысы 2024 жылы толығымен жанданып, даму жоспарына сәйкес төмендегідей көрсеткіштерге қол жеткізу көзделіп отыр:
- бағалау нәтижелерінің деректері, E-Kyzmet жүйесінде жүргізілген тестілеу, оқыту, мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және басқа да қолда бар деректерге аналитикалық талдау жүргізу;
- уәкілетті органдарға мемлекеттік қызметтегі кадрлық ресурстардың сапасын арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
- мемлекеттік қызметтегі таланттарды басқарудың әдістемелік тәсілдерін әзірлеу;
- тестілеу арқылы үміткерлерді бағалаудың әдіс-тәсілдерін жетілдіру;
- мемлекеттік қызметке тұруға өтініш берген үміткерлерді бағалау үшін тиісті тесттер базасын толықтыру, және үміткерлерді тестілеуден өткізу;
- ағымдағы ақпараттық жүйені «e-Qyzmet» жүйесіне интеграциялау.