Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары

Ішкі саясат – елді тұрақты дамыту үшін мемлекеттік институттарды жұмылдыруға және нығайтуға арналған мемлекеттік саясаттың аса маңызды саласы.

Қазақстанның жан-жақты жаңғыруына байланысты ішкі саясаттың негізгі қағи­даттарын, құндылықтары мен бағыт­та­рын бір жүйеге келтіретін жеке тұжы­рым­дамалық құжат қабылдау қажеттігі туындады.

2022 жылғы конституциялық реформа еліміздің жаңа тарихындағы маңызды оқи­ғаның бірі болды. Бұл реформа мемлекеттің негізгі институттары арасында билік өкілеттіктерін қайта бөлу арқылы барынша әділ саяси жүйе құруға септігін тигізді.

Сондай-ақ нарық қағидаттарына, адал әрі еркін бәсекелестікке, ресурстарды әділ бөлу ұстанымына негізделген жаңа эко­номикалық саясатқа көшу үдерісі бас­талды. Ұлттық экономиканы дамыту ісі азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға, Қазақ­станның өңірдегі көшбасшылық рөлін сақтауға және халықаралық беделін күшейтуге бағытталған.

Әлеуметтік-гуманитарлық салада ауқым­ды өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Ғылым, білім және мәдениет озық ойлы ұлт болуға ықпал ететін басты үш тірек ретінде жарияланды.

Сонымен қатар қазір әлемде геосаяси, экономикалық, климаттық,  демографиялық және көші-қон факторларынан туындайтын түбегейлі өзгерістер жүріп жатыр. Жаппай цифрландыру ісінің және жасанды интеллектінің негізінде жаңа технологиялық тәртіп қалыптасып келеді. Бұл үдерістер қазіргі заманғы қоғамдардың әлеуметтік құрылымдарына, соның ішінде Қазақстанға едәуір ықпалын тигізеді.

Сондықтан елді жүйелі жаңғыртудың жаңа кезеңінде мемлекет алдында ішкі саясат саласына қатысты мынадай екі деңгейлі міндет тұр.

Біріншіден, еліміздің ішкі және сыртқы ахуалға тиімді бейімделуін қамтамасыз ету керек.

Екіншіден, мемлекеттік институттар мен қоғамның жасампаздық бағыттағы өзара іс-қимылының негізгі қағидаттарын айқындау қажет.

Бұл құжат ел дамуының келешегіне қатысты мемлекет пен қоғамның ортақ көз­қарасын қалыптастыруға септігін тигізеді.

Құжаттың нормативтік және құқықтық негізі – Қазақстан Республикасының Конститу­циясы, Қазақстан Республикасы­ның заңдары, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтары, Қазақстан Рес­публикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері.

Құжат Президенттің Қазақстан халқына Жолдаулары мен Қазақстан Республикасы Президентінің сөйлеген сөздері, Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары негізінде, Ұлттық құрылтай мүшелерінің, мемлекеттік органдардың, қоғамдық және ғылыми ұйымдардың ұсыныстары ескеріле отырып әзірленді.

Ұсынылған басты қағидаттар, құндылық­тар мен бағыттар негіздемелік сипатқа ие болып, мемлекеттік органдардың ішкі саясат саласындағы жұмысын ұйымдастыратын маңызды бағдарлар мен тәсілдерді ғана анықтайды.

 

1-тарау. Ішкі саясаттың мақсаты мен қағидаттары

1. Ішкі саясаттың мақсаты

Ішкі саясаттың мақсаты – мемлекеттілігі­міз­ді және ел бірлігін нығайту, елді тұрақты дамыту үшін қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету.

Басты идея – баршаға бірдей мүмкіндік беретін ашық, қуатты және дамыған ел, жауапты әрі өркениетті қоғам – Әділетті Қазақстанды құру.

Оны жүйелі жүзеге асыру үшін ішкі саясаттың «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» сияқты қағидаттары қалыптастырылды.

Мемлекет құру ісінің осы әмбебап қа­ғи­дат­та­ры ауқымды қоғамдық диалог жағ­­дайын­да ұлтты одан әрі ұйыстыруға бағыт­тал­ған. 

 

2. Ішкі саясаттың қағидаттары

«Заң мен тәртіп» қағидаты

«Заң мен тәртіп» қағидаты – құқықтық мемлекеттің іргетасы, азаматтардың қоғам­дық және жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі алғышарт.

Барша азаматтың заң алдында тең болуы, заң бұзған адамның жазасыз қалмауы, жоғары құқықтық мәдениет қоғамдағы әділеттіктің негізі әрі өлшемі саналады.

Іс жүзінде бұл қағидат соттардың және құқық қорғау құрылымдарының тиімді жұмыс істеуі, цифрлық технологияларды, жасанды интеллектіні енгізу арқылы құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру және құқық қорғау жүйесіне қоғамның сенімін арттыру жолымен жүзеге асады.

Заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдар мен азаматтардың күш-жігерін жұмылдыру қажет.

 

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының түпкі мәні – азаматтардың талап-тілегіне әділ және уақтылы ден қою, мемлекет пен қоғам арасында тұрақты әрі жүйелі диалог орнату.

Іс жүзінде бұл қағидат тікелей диалог, яғни мемлекеттік органдар басшы­лары­ның халықпен кездесуі, сарапшылар­дың пікірталас алаңы, өкілді және консуль­тативтік-кеңесші органдар арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар ашық үкімет порталы, «E-petition» онлайн-петициялар институты, азаматтар өтініш білдіретін «E-Otinish»  порталы  сияқты пәрменді цифрлық байланыс арналары іске қосылуда.

Осындай ашық әрі нысаналы жұмыс мемлекеттік институттар мен қоғам арасын­дағы өзара сенімді нығайтуға мүмкіндік береді.

 

«Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» қағидаты

«Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» қағидаты барлық мемлекеттік шешімдер қоғамның пікірі ескеріле отырып, елдің мүддесі үшін инклюзивті тәсіл аясында қабылданады дегенді білдіреді. 

Бұл қағидат азаматтардың референдум мен сайлауда дауыс беруі, диалог алаңдары мен консультативтік-кеңесші органдардың жұмысы, қоғамдық пікірді тұрақты зерделеу арқылы жүзеге асырылады.

Азаматтардың ортақ ұстанымына негіз­делген әділ әрі тиімді шешімдер мем­ле­кеттігіміздің демократиялық тұғырын ны­ғай­туға және елімізді орнықты дамытуға ық­пал етеді.

 

«Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» қағидаты

«Күшті Президент – Ықпалды Парла­мент – Есеп беретін Үкімет» қағидаты билік­тің осы институттарының өзара үйлесімді әрекет жасайтынын білдіреді.

Президент институты – мемлекеттік басқару жүйесінің ең негізгі элементі және стратегиялық шешімдер қабылдау орталығы. Мемлекет басшысы реформалар жасау туралы бастама көтереді, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды.

Парламент азаматтардың мүддесін білдіре отырып, қоғамдағы өзекті мәселе­лердің кеңінен талқылануын қамтамасыз етеді және заңдар қабылдайды.

Үкімет атқарушы органдар жүйесін басқарып, реформалардың тиімді іске асырылуына жауапты болады.

Бұл басқару моделі билік тармақтары арасындағы оңтайлы тепе-теңдік сақтал­ған әділ мемлекеттік құрылымның жаңа инс­титуционалдық дизайнын қалыптастырады.

 

«Адал азамат» қағидаты

«Адал азамат» – азаматтардың мінез-құлқы мен жүріс-тұрысының озық үлгісін қалыптастыруды және оны қоғамда орнықтыруды көздейтін қағидат. «Адал азамат» – заңды сыйлайтын, білімді, отаншыл, жауапкершілікті сезінетін, саламатты өмір салтын ұстанатын, адал еңбегімен табысқа жетіп, қоғамда сый-құрметке бөленетін азамат.

Іс жүзінде бұл қағидат білім беру меке­мелеріндегі оқу-тәрбие үдерісі, ауқымды ағарту жұмысы, мәдени-гуманитарлық жобалар, заңнамалық бастамалар, сондай-ақ саламатты өмір салтын дәріптеу арқылы жүзеге асырылады.

«Адал азамат» қағидаты озық және әді­летті қоғамның негізі болатын құндылықтар мен идеалдарды айқындайды.

 

«Таза Қазақстан» қағидаты

«Таза Қазақстан» қағидаты барша азаматқа ортақ жасампаз ой-сана жүйесін қалыптастырады.

Тазалық пен тәртіпті сақтау, тарихи-мәдени мұраны қорғау, табиғатты аялау ұлт­тық мінездің ажырамас сипаты болуға тиіс.

Бұл қағидат іс жүзінде қалалар мен ауыл­дарды абаттандыру, көгалдандыру және тазарту, экологиялық ортаны жақсарту, вандализм мен мәдениетсіздікке қарсы күрес ісінде мемлекет пен қоғамның күш-жігерін біріктіретін «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында іске асырылады.

«Таза Қазақстан» – азаматтардың жауап­кершілігін арттыра түсетін және қоғамда жаңа этика қалыптастыратын қағидат.    

Осылайша, ішкі саясаттың бұл қағи­даттары мемлекеттік құрылыстың бірыңғай бағдарларын айқындайды.

«Заң мен тәртіп» – құқықтық мемлекеттің негізі.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – өзара іс-қимыл құралы.

«Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» – өзара түсіністік орнату жолы.

«Күшті Президент – Ықпалды Парла­мент – Есеп беретін Үкімет» – басқару үлгісі.

«Адал азамат» – ойлау пайымы.

«Таза Қазақстан» – мінез-құлық пен жүріс-тұрыс этикасы.

Бұл қағидаттың барлығы Қазақстан қоғамы­на тән өмір салтының және ел бола­ша­ғының бейнесі – Әділетті Қазақстанның бірыңғай формуласын құрайды.

Әділетті Қазақстан – заң үстемдігі берік орнаған, демократиялық институттары мықты дамыған және азаматтардың конституциялық құқығы мен бостандығы мүлткісіз қорғалатын мемлекет.

Әділетті Қазақстан – елдің дамуына елеулі үлес қосатын жауапты әрі еңбекқор азаматтар қоғамы. Бұл – тарихи тұғырына нық орнығып, алға ұмтылған озық ойлы қоғам. Қазақстан болашақта технологиялық тұрғыдан дамыған ел болуды көздейді. 

Әділетті Қазақстан – жайлы өмір сүру, қызмет бабында өсу және бизнес жүргізу үшін баршаға бірдей мүмкіндік беретін мемлекет. Бұл экономикасы барлығы жағынан инновацияға, ауқымды цифр­ландыру үдерісіне негізделген және жасанды интеллект технологиясы жаппай енгізіліп жатқан, қарқынды дамитын ел. Бұл – азамат­тардың әл-ауқаты мен тіршілігі сапа­сын арттыруға басты басымдық беретін мемлекет.

Әділетті Қазақстан – инвестиция мен адам капиталын тартатын өңірлік орталық. Өзінің ұлттық мүдделерін ойдағыдай ілгері­лететін, әділ әрі орнықты әлемдік тәртіптің қалыптасуын қолдайтын орта держава.

 

2-тарау. Жалпыұлттық құндылықтар және нышандар

1. Жалпыұлттық құндылықтар

Кез келген қоғамда адамдар арасындағы және әлеуметтік ортадағы қарым-қатынас қашанда белгілі бір ортақ құндылықтарға негізделеді.

Осы мақсатта Ұлттық құрылтай мүше­лері тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашыл­дық сияқты негізгі жалпыұлттық құндылық­тардың тізбесін жасау туралы  бастама көтерді. Сарапшылар мен азаматтардың ұсыныстарына, қоғам пікірін жүйелі зерделеу қорытындысына, пәнаралық зерттеуге негізделген осы тізбеде дәстүрлі, жалпы адамзатқа ортақ және заманауи құндылықтар үйлесім тапқан. 

Бұл құндылықтар жүйесі саяси және идеологиялық көзқарасына, экономикалық және мәдени факторларға, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, Қазақстанның барша азаматына ортақ.

Қоғамдағы әмбебап құндылықтар жүйесі – ішкі саясат саласындағы жұмыстың негізі.

 

Тәуелсіздік және отаншылдық

Қазақстанның тәуелсіздігі – ішкі және сыртқы мәселелерді өзіміз дербес шешу мүмкіндігімізді көрсететін құндылық. Бұл – ел бірлігінің және мемлекеттігіміздің қастерлі нышаны, оның мән-маңызын Президентіміз «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген бірауыз сөзбен айқындап берді.

Қазақстандық патриотизм мемлекетке, оның рәміздері мен ұлттық мәдениетіне құрметпен қарау, еліміздің тарихи және руха­ни құндылықтарын қадірлеу, Отаны­мыз­дың бүгіні мен  болашағына жауап­кер­шілікпен қарау деген мағынаны білдіреді. Азаматтардың отаншылдық қа­сиеті елі­міздегі әлеуметтік-экономикалық және мәдени үдерістерге белсене атсалысу, Қазақстанның жалпыұлттық құнды­лық­тарын ұстану арқылы көрініс табуға тиіс.

Тәуелсіздік пен отаншылдық бір-бірінен ажырамас ұғымдар. Олар біздің қоғамның құндылықтар жүйесінің іргетасы саналады. Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген жетістіктерімізді мемлекеттің және жауап­кершілігі мол отаншыл азаматтардың жасампаз қызметі арқылы ғана сақтап, еселеу­ге болады.

 

Бірлік және ынтымақ

Бірлік және ынтымақ – қоғамдағы тұрақтылық пен үйлесімділіктің тұғыры саналатын құндылықтар, жаңа сын-қатерлер жағдайында олардың өзектілігі арта түседі.

Ел бірлігін сақтау және нығайту саясаты «Бірлігіміз – әралуандықта» деген қағидаға арқа сүйейді.

Ел бірлігі тарихи тағдырдың ортақты­ғына, азаматтық құндылықтар мен жалпы­ұлт­тық бірегейлікке, барлық азаматтың озық дәстүрлерді ұстануына,  заң алдындағы тең­дігіне, деструктивті, радикалды және біздің қоғамға жат көзқарастарды қабылдамауына негізделеді.

Ынтымақ – баршамыздың бір елдің азаматы екенімізді сезіндіретін ұғым, ол ортақ мақсаттарға жету үшін бір-бірімізді қолдаудың және жауапкершіліктің маңызды екенін білдіреді.

Бірлік және ынтымақ құндылықтары елді жүйелі жаңғырту ісінде айрықша рөл ат­қарады, қоғамның реформаларды қолдау және азаматтардың стратегиялық мін­деттерді шешуге атсалысу мүмкіндігін кеңейте түседі.

 

Әділдік пен жауапкершілік

Әділдік және жауапкершілік – қоғамда өзара сыйластықты, сенім мен келісімді ны­ғайтатын, бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар.

Әрбір азамат өзінің рөлі маңызды екенін және жеке жауапкершілігін, құқықтары мен міндеттерін сезіне білуі керек. Бұл – шын мәнінде, орнықты, қарқынды дамитын және үйлесімді қоғам құрудың негізгі шартының бірі.

Әділдік пен жауапкершілік құндылық­тары мемлекет пен азаматтар күш-жігерін біріктірсе ғана Әділетті Қазақстанды құруға болатынын көрсетеді.

 

Заң мен тәртіп

Тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заң бұзған адамды тиісті жазаға тарту –мемлекеттің негізгі функциялары.

Елімізде қоғамға жат мінез-құлыққа қарсы иммунитет, кез келген құқық бұзушы­лыққа «мүлдем төзбеу», қатыгездік пен зорлық-зомбылықтың ешбір түріне жол бер­меу сияқты ұстанымдар берік орнығып жатыр.

Әрбір азамат заңды мүлтіксіз сақтау өзінің әл-ауқатын жақсартудың және еліміздің өсіп-өркендеуінің кепілі екенін түсінуге тиіс.

Заң мен құқықтық тәртіптің үстемдігі – тұрақ­ты әрі өркениетті мемлекеттің тірегі.

 

Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік

Қоғамда, әсіресе өскелең ұрпақтың санасында «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» формуласы берік орнығып келеді. Бұл – жауапты, еңбекқор, өз ісін сүйетін адам ғана шынайы табысқа қол жеткізе алады де­генді білдіреді.

Жұмысшы мамандықтарының беделін көтеріп, еңбек адамына құрметпен қарау әрі жеке кәсіби біліктілікті бағалау, масылдыққа қарсы әрекет ету мәдениетін қалыптастыру қажет.

Еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік құндылықтарын дәріптеу ел экономикасын дамыту үшін ғана емес, озық ойлы әрі бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру үшін де маңызды.

 

Жасампаздық пен жаңашылдық

Жасампаздық пен жаңашылдық – идея­лар мен инновациялар, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект басты қозғаушы күш саналатын, индустриялық тұрғыдан дамыған әлемде еліміздің бәсекеге қабілетті болуының кепілі.

Озық ойлы қоғам құру үшін азаматтары­мыздың өзгерістерге ашық болуы, жасам­паздыққа ұмтылуы және креативті ойлай білуі маңызды.

Білімпаздық, сауаттылық, парасаттылық пен прагматизм қоғам менталитетінің ажырамас бөлігіне және әрбір азаматтың тұлға ретінде өсіп-жетілуінің негізгі факторына айналуға тиіс.

Жасампаздық пен жаңашылдық құнды­лықтарын ілгерілету үшін ағартушылық қыз­мет және қоғамда ғалымдар мен педа­гогтердің мәртебесін дәйекті түрде көтеруге бағытталған жұмыс маңызды рөл атқарады.

Қазақстанның технологиялық тұрғыдан дамыған ел болуы үшін қоғамда жасампаздық пен жаңашылдық құндылықтарын бүгіннен бастап орнықтыру қажет.

 

2. Жалпыұлттық нышандар

Елдің тарихи-мәдени ерекшеліктерін айқындайтын ұлттық нышандардың тізімін жасау – әлемде кеңінен қолданылатын тәжірибе.

Ұлттық нышандар елдің өзіне тән ерекше­лігін тануға,  жалпыұлттық бірегей­лігі­мізді нығайтуға және тарихи-мәдени мұрамызды сақтауға ықпал етеді.

Осы мақсатта жалпыұлттық нышандар­дың мынадай тізімі айқындалады:

ұлттық ұран – «Алға, Қазақстан!»;

ұлттық түстер – аспан түстес көк, алтын сары түс;

ұлт­тық кітап нышаны – Абайдың «Қара сөздері»;

ұлттық бірлік нышаны – шаңырақ;

ұлттық музыкалық аспап нышаны – домбыра;

ұлттық өсімдік нышаны – қызғалдақ;

отандық өнім шығарудың ұлттық белгісі – «Қазақстанда жасалған», «Made in Qazaqstan»;

ұлттық хэштег – #Qazaqstan, #Kazakhstan.

Жалпыұлттық нышандардың осы тізімі елдің бірыңғай нышандар жүйесін және брендін қалыптастырады.

Ұлттық нышандар жалпыұлттық айдентика­ның, атап айтқанда, мемлекеттік органдардың, әкімшілік-аумақтық бір­ліктердің, білім беру, мәдениет және спорт мекемелерінің, азаматтық қоғам инс­титуттарының базалық элементтеріне айналуға тиіс.

Ұлттық нышандар салтанатты рәсім­дерді, қоғамдық-саяси, гуманитарлық, мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу барысында қолданылуы мүмкін.

 

3-тарау. Ішкі саясаттың басым бағыттары

Ішкі саясаттың басым бағыттарына мыналар жатады:

1) қоғамдық диалог;

2) этносаралық қатынас саласындағы саясат;

3) дін саласындағы саясат;

4) мәдени-гуманитарлық саясат;

5) отбасы саясаты;

6) жастар саясаты;

7) ақпарат саясаты.

 

Қоғамдық диалог

Ашық және тұрақты қоғамдық диалог орнату үшін:

мемлекеттің азаматтық қоғамның барлық институтымен өзара байланыс орнату тетігін жетілдіру;

азаматтық қоғам институттарын дамы­туға қажетті құқықтық, экономикалық және басқа да жағдайларды жасау;

шешім қабылдау ісіне азаматтар мен азаматтық қоғам институттарының барынша араласуы;

қоғамдық кеңестер мен орталық және жергілікті мемлекеттік органдар жанындағы өзге де консультативтік-кеңесші органдардың қызметін жетілдіру;

мемлекеттік органдар жұмысының айқын және ақпараттық тұрғыдан ашық болуын қамтамасыз ету;

қоғамдық пікірге үнемі мониторинг жүргізу қажет.

 

Этносаралық қатынас саласындағы саясат

Этносаралық қатынас саласындағы мем­лекеттік саясаттың тиімділігін қамтамасыз ету үшін:

бірлік пен ынтымақтастық құндылық­тарын қоғамда дәріптеу;

қоғамдағы этносаралық келісім мен толеранттықты нығайту;

ұлтына, нәсіліне және басқа да белгілер бойынша кемсітудің барлық түріне түбегей­лі қарсы тұру;

Қазақстан халқы Ассамблеясын этнос­ара­лық келісім саласындағы негізгі институт ретінде дамыту;

мемлекеттік органдар, ұйымдар және азаматтық қоғам институттары этносаралық қатынастар саласында өзара тиімді іс-қимыл жасау;

этносаралық қатынас саласындағы ахуалға сапалы мониторинг жүргізу және талдау жасау қажет.

 

Дін саласындағы саясат

Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін қамтамасыз ету үшін:

мемлекетті дамыту ісінде зайырлылық қағидаттарын тұрақты түрде ілгерілету;

конфессияаралық келісімді және дін­аралық толеранттықты нығайту;

дінді деструктивті мақсаттар үшін пайдалануға және діни наным-сенімді ұстануға біреуді мәжбүрлеуге жол бермеу;

діни радикализм мен экстремизм насихатына қарсы тұру;

дін саласындағы ахуалға сапалы мониторинг жүргізу және талдау жасау керек.

 

Мәдени-гуманитарлық саясат

Мәдени-гуманитарлық саладағы мемле­кеттік саясаттың тиімділігін қамтамасыз ету үшін:

қоғамда жасампаздық пен жаңашылдық құндылықтарын, білімге құштарлықты ілгерілету, ғылымды дәріптеу;

қоғамның құқықтық, қаржылық, саяси, цифрлық, ақпараттық және экологиялық сауатын арттыру;

мемлекеттік тілді және оның халықты ұйыстырушы тіл ретіндегі әлеуетін дамыту;

Қазақстандағы барлық этностың тілдерін дамытуға қолайлы жағдай жасау;

мәдениетті, әдебиетті және өнерді дамыту, сондай-ақ креативті индустрияны қолдау;

елдің тарихи-мәдени және деректер мұраларын сақтау;

ономастика және тарихи-мәдени мону­менттік өнер саласындағы рәсімдерді жетілдіру;

тіл саласын, тарих пен ономастика мәсе­ле­лерін саясиландыруға жол бермеу қажет.

 

Отбасы саясаты

Отбасы саясатының тиімділігін қам­тамасыз ету үшін:

отбасы институтын нығайту және отбасы құндылықтарын қолдау;

жауапты ата-ана идеясын дәріптеу;

тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы тұру, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

отбасы саясаты саласындағы норматив­тік-құқықтық базаны жетілдіру қажет.

 

Жастар саясаты

Жастар саясатының тиімділігін қамта­масыз ету үшін: 

жастардың зияткерлік және жеке әлеуе­тін дамыту, олардың қоғамдық және эконо­микалық белсенділігін арттыру үшін қолай­лы жағдай жасау;

патриоттық тәрбие беру жүйесін дамыту, мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау­ды дәріптеу, жауапты азамат болу идео­ло­гиясын және Отан тағдырына жан­ашыр­лық сезімін күшейту;

жастарды волонтерлік және басқа да әлеуметтік маңызы бар жобаларға қатысуға ынталандыру;

жастар арасында жасампаздық құнды­лықтарын және өмірге деген құлшынысты дәріптеу;

жастардың жағымсыз қылықтарға, соның ішінде нашақорлыққа, маскүнемдікке, ойынқұмарлыққа, озбырлық пен тұрмыс­тық зорлық-зомбылыққа, вандализмге, ысырапшылдыққа қарсы тұруы;

мемлекеттік жастар саясатын әзірлеу және жүзеге асыру үдерісіне жастар өкіл­дерін белсенді қатыстыру қажет.

 

Ақпараттық саясат

Ақпараттық саясаттың тиімділігін қамтамасыз ету үшін:

еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары­ның бәсекеге қабілеттілігін арттыру;

ағартушылық, ғылыми-танымдық және тәрбиелік мәні бар сапалы контентті дамыту;

мемлекеттік органдардың бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланысын жетілдіру;

журналистік этиканың жалпыға ортақ қағи­даттарын дәріптеу, ақпарат кеңістігін­дегі кез келген заңсыз әрекеттің таралуына қарсы іс-қимыл жасау;

деструктивті идеологияның және үгіт-насихаттың, жалған ақпараттың таралуына жол бермеу;

масс-медиа саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру қажет.

 

4-тарау. Ішкі саясатты іске асырудың институционалдық негізі

Ішкі саясат саласындағы жұмысты үйлестіруге Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жауапты болады. 

Орталық деңгейде ішкі сая­сатты жүзеге асыру ісінде Қазақстан Респуб­ли­касының Үкіметі атынан Үкімет Аппараты, Мәдениет және ақпарат ми­нистр­лігі, Ғылым және жоғары білім министр­лігі, Оқу-ағарту министрлігі, Туризм және спорт министрлігі, Қорғаныс ми­нистрлігі, Ішкі істер министрлігі, Әділет министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және олар­дың аумақтық бөлімшелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және оның аумақтық бөлімшелері басты рөл атқарады.

Жергілікті жерде ішкі саясатты жүзеге асыруға барлық деңгейдегі әкімдер, сон­дай-ақ әкімдердің ішкі саясат жөніндегі орын­­басарлары және басқа да уәкілетті жергі­лікті атқарушы органдар жауапты болады.

Ішкі саясатты жүзеге асыру барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы, Ұлт­тық құрылтай, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі жанындағы қоғамдық палата, барлық деңгейдегі қоғамдық кеңес­тер және Қазақстан Республикасының Президенті, Парламенті, Үкіметі және жер­гілікті атқарушы органдары жанындағы басқа да консультативтік-кеңесші органдар маңызды рөл атқарады.

Жекелеген бағыттар бойынша ішкі саясатты жүзеге асыру мәселелерімен Қазақстан Республикасы Парламентінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Халықтың әлеуметтік жағынан осал санат­тарының құқықтары жөніндегі уәкіл, саяси партиялар, бұқаралық ақпарат құрал­дары, үкіметтік емес ұйымдар, ғылыми, шы­ғармашылық және кәсіби бірлестіктер мен одақтар өз құзыреттері мен өкілеттіктері аясында мемлекеттік органдармен бірлесе отырып айналысады.

 

Қорытынды

Ішкі саясаттың негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары жалпыұлт­тық сипатқа ие және оларды барлық мем­лекеттік органдар өз қызметінде ескеруге міндетті.

Ұсынылған тәсілдер қоғамдық-саяси, экономикалық және әлеуметтік сипаттағы маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде негізгі бағдар болады.

Осы құжаттың ережелерін іске асыру ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуға, қоғамның және мемлекеттің орнықты дамуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ әрбір азаматы біртұтас, жауапты және озық ойлы ұлттың өкілі саналатын Әділетті Қазақ­станды құруға ықпал етеді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT