Қазақстан – Орталық Азиядағы экономикалық көшбасшы

Еліміз жыл санап Орталық Азиядағы (ОА) экономикалық көшбасшы ретіндегі ұстанымын күшейтіп келеді. Пандемия мен 2022 жылғы геосаяси шиеленістен кейін ірі сауда-логистикалық хабқа айналу мәселесін де күн тәртібіне шы­ғардық және ол нәтижесіз де емес. Қазір ел аумағы арқылы жүйткіп жатқан тауар ағыны ұлғайды. Бұл біздің сауда, инвестиция және инновация орталығына айналу мүмкіндігімізді еселейтіні даусыз.

Еуразиялық даму банкінің сарапшылары Орталық Азия экономикасы жаһандық орташа көрсеткіштен 1,4 есе жылдамырақ өсіп жатыр дейді. Сарапшылардың бағалауынша, аймақ инвесторлар үшін бар­ған сайын тартымды болып, Еуразияда жаңа мүмкіндікке жол ашты.

ЕАДБ басқарма төрағасының орынбасары Евгений Вино­куров­тың айтуынша, 2022–2024 жылдары өңірдің орташа жылдық экономикалық өсімі 4,7% болды, бұл әлемдік орташа көрсеткіштен 40%-ға жоғары. Былтыр ОА-дағы номиналды ІЖӨ 520 млрд долларға жетті.

«Аймақтың инвестициялық тар­тымдылығы экономикалық өсіммен ғана емес, халық санының артуымен де байланысты. Қазір аймақта 80 миллионнан астам адам тұрады. Орталық Азияның көлік-логистикалық әлеуеті де ауқымды, бұл оны Еуразиядағы негізгі транзиттік тораптардың біріне айналдырады», дейді Е.Винокуров.

2024 жылы еліміз жаңа жо­баларға инвестиция тарту бойын­ша Солтүстік және Орталық Азия елдері арасында көшбасшы атанды. Өткен жылдың қоры­тындысында елге 15,7 млрд доллар инвестиция тарттық, бұл – аймақтағы инвестицияның 63%-ы. БҰҰ жанындағы Азия және Тынық мұхиты үшін Экономикалық және әлеуметтік комиссия баяндамасына сүйенсек, Қазақстан тартқан 15,7 млрд доллар көлеміндегі инвес­­тиция 2023 жылғы көрсеткіштен 88%-ға жоғары. 

Қазақстаннан кейін 4 млрд доллар инвестиция­мен Өзбек­стан, Қырғызстан (2,1 млрд доллар), Әзербайжан (1,2 млрд доллар), Түрік­менстан (339 млн доллар), Грузия (126 млн доллар) және Армения (67 млн доллар) тұр. Мамандардың пайымынша, инвесторлардың Қазақстанға қызығу­шылық білдіруі ең бірінші кезекте әртараптандыру стратегия­сы, жасыл энергияны қолдау, цифр­ландыру және техно­ло­гия­лық инновациялармен байланысты. Ма

Пәкістанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Науман Башир Бхаттидің айтуынша, сенімді электрондық сауда плат­формалары, финтех шешім­дері және өңірлік байла­ныс­тары дамып жатқан Орта­лық Азия – экономикалық өсудің зор әлеуетіне ие. Тиісінше, осы баста­малардың барлығында Қазақстан алдыңғы қатарда дейді. ҚХР-дың еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлинь Қытай мен Қазақстан арасындағы сау­да көлемі кейінгі 8 жыл бойы тұ­рақ­ты өсіп келе жатқанын, 2024 жы­лы Қытай деректері бойынша 43,8 млрд долларға жеткенін айтады.

Қазір Қазақстан Қытаймен сауда-экономикалық әріптестікті нығайтып, өңірдегі транзиттік хабқа айналу мүмкіндігін пы­сықтап жатыр. Қаржыгер Расул Рысмамбетовтің айтуын­ша, біз Орталық Азиядағы аймақ­тық ынтымақтастықтың жай қаты­сушысы емес, оның архитекторы болатындай мүмкіндікке иеміз.

«Шығыс пен Батысты бір-біріне қарсы қоймаймыз, қабырға тұрғызбаймыз – біз дәліз саламыз. Сол дәліздердің бірі – Қытаймен терең, теңгерімді әрі прагматикалық серіктестік. Қазақстан қазірдің өзінде Қы­тайдың Орталық Азияға шы­ғатын қақпасына айналып отыр. Бірақ бұл аз – біз Еура­зия кеңістігіндегі серіктестік архи­тектурасының орталығына айналуымыз қажет және соған лайықпыз. Бұл – Еуропа мен Таяу Шығысқа шығатын жолды қамтитын ауқымды миссия», дейді қаржыгер.

Дүниежүзілік банк (ДБ) ма­мандарының болжамынша, Орталық Азиядағы биылғы эко­номи­калық өсім 5% деңгейінде болуы мүмкін. Бұл жағынан ай­мақ барлық субөңірдің өсім қар­қынынан алда тұр. Бұл ең бірінші кезекте мұнай өндірісін арттыру фонындағы Қазақстанның динамикалық өсімімен байланысты дейді ДБ сарапшылары.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT