Қазақстанның Еңбек Ері, қазақ театр және киносының майталманы, көрнекті актер әрі режиссер Асанәлі Әшімов Атыраудағы Жастар театры саябағындағы ағаш отырғызу рәсіміне қатысты. Іс-шара «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды,- деп хабарлады Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Ағаш отырғызылғаннан кейін әртіс театр сахнасында өнер көрсетіп жүрген жалынды жастармен кездесіп, олардың өнерін тамашалап, шығармашылық шабыт тіледі.
- Көктемнің жайма-шуақ күндерінде Атырау облысына гастрольдік сапармен келіп қалдық. Бұл — «Жаңа ғасыр» театрының кезекті рухани сапары. Театрлар арасында пікір алмасып, бір-бірінің өнеріне баға беру — өте құнды әрі қажет үрдіс. Жастардың өсіп-өркендеуіне шын жүректен тілекшіміз. Шығармашылық шеберліктері шыңдала берсін! Барлық өнер халыққа тиесілі, сондықтан әрбір өнер иесі ел алдында абыройлы болғай. Атырау өңіріне мол бақыт пен жарқын болашақ тілеймін,- деді ҚР Халық әртісі.