«Қасқа жолдан» Ата Заңға дейін...

Қазақстан Республикасы Ата заңына биыл – 29 жыл. Елдің алтын тұғыры ұзақ жыл бойы қалыптасты. Бұл –  халықтың ең жоғары заңдық күшке ие құжаты. Ата заңның мақсаты – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары боп саналатын .еліміздің ең жоғарғы құндылықтарын қамтамасыз ету және қорғау. 

ЗАҢҒА БАҒЫНУ ЕРТЕДЕН ҚАЛЫПТАСҚАН

Біртұтас Қазақ хандығы кезеңіндегі алғашқы заңның авторы – Қасым хан. Тарихта «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен белгілі.

Көрнекті қазақ заңгері, академик С.Зимановтың пікірінше: «Қасым ханның реформалары ғасырлар бойы тұтастай қалыптасқан көшпелілер өмір салтына нұқсан келтірместен белгілі бір жаңалықтар енгізді әрі олар көлемді болды». Сонымен қатар, олар «жаңалығымен бірге, көшпелі қауымдарда күші бар немесе бір кездері күші болған ел керегіне жарайтын, құқықтық нор­маларды жаңа тілектерге сай етіп қолдану тәртібіне арналған ережелер болды», – деді ғалым.

16 ғасырдың ортасына қарай Қасым ханның заңдары негізін ала отырып, толықтырулар енгізіп, қазақ халқын тәртіп пен заң алдында тең ұстаған құжаттың бірі – «Есім ханның ескі жолы». Авторы – қазақтың ханы Есім хан. Қазақ хандарының әзірлеген заңдары бес бөлімнен тұрған. Бірінші бөлімі – жер мен мал, мүлікке қатысты бап, екінші бөлімі – қылмыс пен жаза, үшінші бөлім – әскери тәртіп пен қызмет. Төртіншісі – халықаралық қатынастар. Ал бесінші бөлімі дәстүрлерге арналған.

Қазақ хандығының үшінші заңдық құжаты – Тәуке ханның «Жеті жарғысы». «Жарғы» сөзі қазақша «әділдік», «шешім» деген ұғымды білдірген. 17 ғасырда қазақ хандығының ыдырау қаупінің тууына байланысты Тәуке хан елдің ауызбірлігін арттыратын шаралар қарастырып, хандық билікті нығайтуға күш салды. Қазақ қоғамының дамуы мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесін қажет етті. Оған үш жүздің көрнекті билері – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би шақырылып, қатысты.

«Жеті жарғы» – жеті әдеттік құқықтық жүйеден тұратын қоғамдық қатынастарды реттейтін құжат. Заңдық құжатта жер дауы, жесір дауы, құн дауы, бала тәрбиесі және неке, қылмыстық жауапкершілік, рулар арасындағы дау, ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қамтылған.

1-жарғы. Көтеріліс жасап, бүлік шығарған кісілерге өлім жазасы бұйырылсын. Бұл жарғы мемлекеттің бүтіндігі талабынан туды.

2-жарғы. Түркі халқының мүддесін сатып, елге опасыздық еткендер өлім жазасына бұйырылсын. Бұл жарғы – халықтың ортақ мүддесі – елдің бүтіндігін қорғаған біртұтас қоғамдық сананың жемісі.

3-жарғы. Мемлекет ішінде жазықсыз кісі өлтіргендер өлім жазасына бұйырылсын. Бұл жарғы да – жабайылықтың төменгі сатысына тән кісі өлтірушілікке тыйым салған және мәдениеттіліктің белгісі ретінде танылуға тиіс өте елеулі жаңалық.

4-жарғы. Өзге біреудің әйелімен зинақорлық жасап, ақ некені бұзушыларға өлім жазасы бұйырылсын. Бұл жарғы да – шаңырақтың бірлігін қамтамасыз еткен, неке парызына адалдықты талап еткен маңызы зор жаңалық.

5-жарғы. Өреде тұрған, тұсаулы жүрген сәйгүлік атты ұрлаған кісіге өлім жазасы бұйырылсын. Ол кезде «ер қанаты – ат» елдің, мемлекеттік соғыс күші ретінде бағаланады.

6-жарғы. Төбелесте мертігудің түріне қарай төмендегіше мүліктей құн төленсін: а) біреудің көзін шығарған кісі айыпқа қызын береді, ал қызы жоқ болса қыздың қалыңмалын береді. ә) төрт мүшенің бірін мертіктірген кісі айыпқа ат береді.

7-жарғы. Ұрланған жылқы, өзге де құнды мүлік үшін он есе артық айып төлеттірілсін.

КЕҢЕС ҮКІМЕТІ ТҰСЫНДАҒЫ ЗАҢНАМА

Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1926 жылы 18 ақпанда қабылданды. Жаңа заңға сәйкес Қазақстан Ресей Кеңестік Федерациялық Социалистік Республикасы (РКФСР) құрамындағы құқықтық респу­блика болды. Бұл конституцияда мемлекеттік құрылысты, заң басқару нысанын, саяси режимді, мемлекеттік билік органдары құрылымын, атқарушы, өкім беруші орган­дары бекітілген. Сондай-ақ, сайлау құқығын, қаржылық құқықтық бастаулары белгіленген болатын.

Кеңес үкіметі тұсында ел аумағында екі заңнама қабылданды. Біріншісі 1937 жылы 20 наурызда қабылданып, бұл құжат бой­ынша Кеңес Одағының құрамында Қазақ КСР құрылды. 11 тараудан және 125 баптан тұратын құжатта: «КСРО Конституциясының 14-бабынан тыс Қазақ КСР өзінің егемендік құқықтарын толық сақтай отырып, мемлекеттік билікті өз бетінше жүзеге асы­рады»,- деп жазылған.

1937 жылғы Конституцияда экономикалық, саяси-қорғаныс, басқа теңқұқықты республи­калармен ерікті бірігу, ҚазКСР келісімінсіз аумағының өзгертілмейтіні, республиканы басқару мәселелері бекітілген, сондай-ақ жоғарғы республикалық және жергілікті өкімет органдарының, заңнамаларының орын­далуын бақылау, мемлекеттік және қоғамдық тәртіпті және азаматтардың құқықтарын қорғау, салық салу деген секілді мәселелер қарастырылған.

1937 жылғы Конституцияда азаматтардың негізгі міндеттері мен құқықтары анықталған: еңбектенуге құқылы болу (96 бап), демалысқа құқылы болу (97 бап), кәрілікте, еңбекке жарамсыздық және ауруға шалдығу жағдайында материалдық қамсыздандыру (98 бап), денсаулықты қорғау, сөз бостандығы, баспасөз, жиналыс, митинг, көше шерулері және демонстрациялардың кепілдіктері, адамның жеке басына, баспанасына қол сұғылмаушылық, азаматтардың жат жазуына, шетелдік азаматтардың бас сауғалау құқығы.

Екінші заңнамалық құжат ІХ шақырылған республика Жоғарғы Кеңесінің кезек­тен тыс VII сессиясында 1978 жылдың 20 сәуірінде қабылданған. Ол кіріспе, 10 бөлім, 19 тарау мен 173 баптан тұрған. Жаңа Ата заңға сәйкес, үкімет билігі жұмысшы, шаруа, еңбек интеллегенциясының та­бына жататын халықта болды. Ал үкімет билігі мен басқару жүйесінің үстінен Қазақ КСР коммунистік партиясы бақылады. Республиканың экономикалық жүйесі мемлекеттік, кооперативтік-колхоздық және кәсіподақ және басқа да ұйымдардың меншігі деп жарияланды.

БИЛІКТІҢ ТЕПЕ-ТЕҢДІГІ АЙҚЫНДАЛҒАН КОНСТИТУЦИЯ

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш Конституция 1993 жылдың 28 қаңтарында қабылданды. Сол күні кешкісін тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясының қабылдануына арналған Жоғарғы Кеңестің салтанатты рәсімі өтті.

Заң 4 бөлімнен, 21 тараудан, 131 баптан тұрды. Конституцияда Қазақстан Республи­касы демократиялық, зайырлы, біртұтас мем­лекет деп атап көрсетілген. Ұлттық, унитарлы мемлекеттің бұлжымастығы қуатталды. Қазақ тілі – мемлекеттік, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі. Республика жері – біртұтас, ол бөлінбейді жəне оған қол сұғуға болмайды.

Халық – мемлекеттік биліктің қайнар көзі. Қазақстан халқының атынан билік жүргізуге Республика Жоғарғы Кеңесінің жəне Президенттің құқығы бар. Республика азаматтарына заңды жолмен ақпарат алу, еркін қоныс аудару, жиналыстарға, шеру­лерге, митингілерге қатынасу, ереуілге шығу, меншік иесі болу құқығы берілді. Қазақстан Республикасының азаматтығын алған адам басқа елдің азаматы бола алмайды. Шетелде тұратын қазақтарға тарихи отанына оралуға жол ашылды. 1993 жылғы Конституция екі жыл бойы Республиканың Негізгі заңы ретіндегі тарихи міндетін атқарды.

1995 жылы тамыздың 30-ы күні бүкілхалықтық референдум арқылы Қазақстанның жаңа Кон­ституциясы қабылданды. Алайда оған дейін Жоғарғы кеңес екі рет тарады.

Конституция – Қазақстан халқын біріктіруші үлкен күш. Өйткені, дәл осы Ата заңның алғашқы сөйлемінде: «Бiз, ортақ та­рихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып»,- деген сөздер мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі - халық екенін көрсетеді.

Халықты жоғары биліктің иесі ретінде тану – ел тәуелсіздігінің көрінісі. Ең бастысы бұл құжат өзінің нормалары мен принциптерінің көмегімен ғана емес, бекітілген идеялары арқылы да қоғам мен мемлекетті өркениетті елдердің қатарына жетелейді. Сондықтан, ел болу жолындағы басты міндеттердің бірі – Конституцияның құрметін арттыру.

БАСТЫ ҚҰЖАТҚА ЕНГЕН ӨЗГЕРІСТЕР

Ата заңға қазіргі уақытқа алты рет – 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары түзетулер енгізілді. Былтыр Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы­мен Конституциялық сот қайта құрылды. Адам құқықтарын қорғау жүйесінің өкілдерімен кездесуде Президент Конституциялық Сот алғашқы 7 айдың ішінде 43 істі қарауына алғанын, соның 23-і бойынша тиісті шешім шығарылғанын айтты. Яғни, азаматтар Конституциялық Сотқа тікелей жүгінуге мүмкіндік алды.

«Бұрын мұндай құқыққа билік ин­ституттары ғана ие болған еді . Жұрт Конституциялық сотқа шағымдану арқылы өз құқықтарын қорғап қана қоймайды, со­нымен бірге еліміздің бүкіл құқық жүйесін жетілдіруге үлес қосады. Азаматтардың ом­будсмендермен қарым-қатынасы едәуір жан­дана түсті. Өтініштердің саны екі есе артты. Конституциялық құқықтың қорғалуына прокурорлық қадағалау шаралары күшейді», - деді Тоқаев.

Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 8 маусымдағы Заңына сәйкес, Ата Заң 99-баппен толықтырылды. Яғни, басты құжат 9 бөлім, 99 баптан тұрады. 2022 жылы өткен жалпыхалықтық референдум аясында Конституцияның 33 бабы бойынша 56 өзгеріс енгізілді.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT