Өткен жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі «AMANAT» партиясымен бірлесіп қолға алған «Қарызсыз қоғам» жобасы биыл да жалғасын табады.
Жоба ауыл тұрғындарының қаржылық сауаттылығы бойынша құзыреттіліктерін арттыруға бағытталған. Жоба аясында несие бойынша берешегі бар және борышкерлер тізілімінде тұрған,ағымдағы несиелері бар және олар бойынша кешіктірулері болуы мүмкін адамдарға және мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржыландырылатын, жеңілдетілген несиелер алатын ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге кеңес беріледі.
- Өткен жылы еліміздің сегіз өңірінде 65 000 адам тегін оқудан өтті. Енді тағы да оқығысы келетін ауыл тұрғындарын оқуға шақырып жатырмыз. Өтінімдерді қабылдау 2024 жылғы 8-29 қаңтар аралығында өтеді. Оқыту 2024 жылдың 5 ақпанында басталады. Өтінімді тіркелген жері бойынша ауылдық әкімдікке немесе «AMANAT» партиясының кеңселеріне хабарласу арқылы беруге болады. Оқыту бес күнге созылады. Осы уақыт ішінде қатысушылар отбасылық бюджетті жүргізуді, шығындарды басқаруды, ірі сатып алуларды жоспарлауды үйренеді. Несиелік қарыздарды мерзімінен бұрын өтеу бойынша ұсыныстар алады. Тиімді шарттармен несие таңдауды меңгереді. Депозиттердің әртүрлі шарттарымен танысады. Сондай-ақ оқыту шеңберінде қаржы сарапшылары жеке консультациялар өткізетін болады, ал қатысушылардың қалауы бойынша өз бизнесін ашу үшін мемлекеттік гранттық және кредиттік бағдарламаларға бизнес-жоспар жазуға көмектеседі. Жоба аясында білікті заң көмегі беріледі, -дейді «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Б.Мұхамбетқалиев.
Б.СҮЙЕУОВА