Махамбет ауданында азаматтар мен автокөліктерге жүруге тыйым салынған шектеуді бұзып, көлік құралдарын басқарып жүрген деп хабарлайды Махамбет аудандық баспасөз қызметі.
Атырау облысының Махамбет аудандық сотында Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 476-бабының 6-тармағымен бір күнде 5 әкімшілік істері қаралды. Әкімшілік іс қашықтықтан «TrueConf» қосымшасын қолдану арқылы жүргізілді.
Мәселен, азамат Е.Е. 2020 жылғы 2 мамырда 21 сағат 30 минут шамасында, төтенше жағдайдың жариялануына байланысты, мемлекеттiк орган белгiлеген режим бойынша Махамбет ауданында азаматтар мен автокөліктерге жүруге тыйым салынған шектеуді бұзып, Таңдай ауылы, Есенжанов көшесі бойында маркасы «Лада- 2110» көлік құралын басқарып жүрген.
Сот отырысында «WhatsApp»-желісі арқылы байланысқа шыққан Е.Е. өз түсінігінде әкімшілік құқық бұзушылық жасағанын мойындайтынын, жасаған әрекетіне өкінетінін, алдағы уақытта мұндай әрекеттерге жол бермейтінін, сол күні жол жүріп келе жатып көлік құралының дөңгелегі жарылғанын, дөңгелегін оңдатып келе жатқан кезінде полиция қызметкерлері тоқтатқанын айтып көрсеткен.
Сот қаулысымен Е.Е. кінәлі деп танылып, оған ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданылды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Сурет:дереккөз