ҚР Президенттігіне кандидат Салтанат Тұрсынбекова елдің оңтүстігіне сапарлады.
Кандидат Шымкент қаласында тігін фабрикасының жұмысшыларымен кездесті. Құқық қорғаушыны тыңдауға 250-ден астам қызметкер жиналды. Үміткер бір мезгілде ақша тауып, бала өсіріп, салт-дәстүрді сақтап, ірі кәсіпорынның жүгін көтеріп жүрген әйелдерді мақтан тұтатынын атап өтті. «Гауһар» – оңтүстіктегі жеңіл өнеркәсіптің флагманы. Мұнда жұмыс киімі, мектеп формасы мен тоқыма бұйымдары әдемі, тиімді және ыңғайлы тігіледі.
«Қазақстанда жасалған» деп мақтанышпен айта алатын өнімнің қалай жасалып жатқанын көру қуантады. Осындай ірі әрі танымал кәсіпорынды әйел адам басқарып отырғаны, тіпті үлкен қуаныш. Көпшілік әйелдің табысты көшбасшы бола алатынына сенбейді. Бірақ мен сенемін және білемін: әйелдің қолынан бәрі келеді: зауытты да, үлкен ұжымдарды да, тіпті бүкіл елді де басқара алады. Әйел-ана бір қолымен бала тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді», - деп атап өтті ол.
Кәсіпорын басшысы Әнипа Халбаева ұжымды кандидатты қолдауға шақырды. «Әйелдердің Президент болуға құқығы бар! Қазақстанда әйел адам Мемлекет басшысы болса, көп мәселе шешіледі, қазіргідей келеңсіз құбылыстар болмайды. Оның үстіне әйел әрқашан әйелді түсінеді, ол ер кісілер көрмейтін мәселелерді шеше алады. Мен Салтанат Тұрсынбековаға дауыс беремін», - деді.
Сондай-ақ, фабрика басшысы кәсіпорынның салықтың көптігі, білікті кадрлардың тапшылығы, тұрақсыз сала және арнайы оқу орындарының жетіспеушілігі сияқты мәселелерге тоқталды. Кейін ашық әңгіме айтыла бастағанда тігіншілер өз ұсыныстары мен сауалдарын ортаға салды. Әйелдер қазақстандықтардың табыс теңсіздігіне қалай алаңдайтыны туралы айтты. Салтанат Тұрсынбекова жұмыс істейтін әйелдердің өмірін жақсы жаққа өзгерткісі келетінін жеткізді. Баяндамашы өзінің сайлауалды бағдарламасынан үзінділермен бөлісті, онда әйелдердің зейнет жасын 58 жасқа дейін қысқартуды, сондай-ақ 1-2 топтағы мүгедектер мен мүгедек балаларға күтім жасауды, ең төменгі жалақы мен өмір сүру деңгейін арттыруды ұсынып отыр(зейнетақы жинақтары, жәрдемақылар мен шәкіртақылар). Көп балалы және қиын өмірлік жағдайдағы отбасылардың қарыздарын есептен шығару, толық емес отбасылардың мәртебесін заңнамалық тұрғыдан бекіту, жас отбасыларға ипотека алу кезіндегі жәрдемақылар мен субсидияларды енгізу және т.б. ұсыныстарын айтты.
Сондай-ақ ол өзінің ең ауқымды – «Тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасын оңтүстіктің орталығы – Шымкентте бастағанын атап өтті. Оның күш-жігерінің арқасында қалада бірінші мемлекеттік дағдарыс орталығы, сондай-ақ облыстың 17 ауылында отбасын қолдау қызметі ашылды. Үміткер отбасындағы зорлық-зомбылық толығымен жойылмайынша - отбасындағы ұрып-соғу сияқты жанжалдар ұят нәрсеге айналғанға дейін онымен күресуді жалғастыруға уәде берді. Кейін құқық қорғаушы Шымкент қалалық адвокаттар алқасымен кездесу өткізді.
Айта кету керек, Салтанат Тұрсынбекова құқық қорғау қызметі аясында өзін-өзі қорғау баптары бойынша бас бостандығынан айырылған әйелдердің құқықтарын қорғауға көп күш жұмсады.
Салтанат Тұрсынбекова штабының Баспасөз-хатшылығы