Қалада тасқын судан зардап шеккен үш сайлау учаскесі бар

6 қазан күні елімізде өтетін референдумға ауданымыз да қызу дайындық үстінде. Осыған орай Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жұмыс сапарымен Құлсарыға келді. Ондағы мақсат – республикалық референдумның аудандағы дайындық жұмысымен танысу еді.

Бұл ретте алғашқы сапарын Атыраудан, соның ішінде көктемгі тасқыннан қатты зардап шеккен Құлсарыдан бастауды жөн көріпті. Жалпы облыста 9 аумақтық, 269 учаскелік референдум комиссиясы жұмыс істесе, оның 18 сайлау учаскесі біздің ауданда орналасқан.

Алдымен Н.Әбдіров ғимараттары су астында қалған учаскелерді аралады. Соның ішінде жөндеу жұмысы аяқталған №20 мектеп ғимараты, яғни №100 учаскелік референдум комиссиясының жұмысымен танысты.

-Көктемгі су тасқынынан көп зардап шеккен қала – осы Құлсары еді. Сондықтан мен, ең бірінші, осы аймаққа келіп отырмын. Ауданның тыныс-тіршілігін көрейін, осындағы комиссия мүшелерінің референдумға дайындық барысын қарайын деп ат басын тіредім. Табиғи апат кезінде сіздердің қиындыққа төтеп беріп, еш мойымастан ел үшін жасап жатқан қызметтеріңізге сәттілік тілеймін. Алдағы саяси науқанға бір кісідей атсалысып, референдумның жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болады деп сенемін,-деді.

Бұдан соң Н.Мәжитұлы 5 шілде күні қолданыстағы ҚР «Референдум туралы» конституциялық заңына өзгерістер енгізілгендігін тілге тиек етті. Қазіргі жұмыстың негізгі бағыты, сол өзгерістермен әріптестерді таныстырып, болашақ референдумға дайындық жұмыстары нақты осы қолданыстағы заң шеңберінің аясында өтуі керек екенін түсіндірді.

Бұдан соң Орталық референдум комиссиясының төрағасы №8 орта мектеп ғимаратында орналасқан №238 учаскелік референдум комиссиясының жұмысын да көзбен көрді. Аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлжансара Таңатарова 600 орындық мектепте 2 ауысыммен 1200 бала дәріс алып жатқанын айтты. Мұнда учаскелік референдум комиссиялары да дайындық жұмыстарын қызу бастап кеткен. Науқанға керекті урналар әкелініпті. Құлсары қаласы бойынша тасқын су астында қалған үш білім ордасы болса, соның бірі - №19 мектеп ғимараты. Мұнда №237 сайлау учаскесі орналасуы керек еді. Бірақ күрделі жөндеу жұмыстарының жүруіне байланысты сайлау учаскесі №7 Е.Халықов атындағы мектеп ғимаратына ауысты. Енді осы учаскенің сайлаушылары 6 қазан күні аталмыш мектепке барып, өз таңдауын жасайтын болады.

–Алдағы науқан кезінде бұл ғимараттың кең спорт залында №237 сайлау учаскесі жұмысына кіріссе, мына екінші үлкен дәлізде №95 учаскелік референдум комиссиясы отырады. Екі сайлау учаскесі бір-бірінің жұмысына еш кедергі келтірместен, халықтың емін-еркін өз дауысын беруіне бар мүмкіндікті жасайды,-дейді аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Зауреш Қалмұханова.

 

Дайындық барысын мұқият бақылаған Н.Әбдіров, ең алдымен, референдумға қатысып, өз дауысын бергісі келетін сайлаушыларға дұрыс жағдай жасалуы керектігін баса айтты. Жасы ұлғайған қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар сайлау учаскелеріне өздері келгісі келсе, оларды әкеліп-алып кететін арнайы көлік ұйымдастыруды тапсырды.

Сөз соңында учаскелік референдум комиссияларына сәттілік тіледі. Аудан бойынша саяси науқанға қатысу құқығы бар сайлаушылардың толық тізімі 16 қыркүйекте нақты белгілі болады.

П.Түркенбайқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT