19 қазан – Құтқарушылар күні. 1995 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған арнайы қызмет күні бүгінге дейін халыққа қалтқысыз еңбек етіп келеді. Құтқарушылардың жұмысы өз өміріне қауіпті болып келеді. Дегенмен олардың алға қойған басты міндеті – халықтың тыныш өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу. Орайы келгенде Махамбет аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Сәбит Борашевпен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Сәбит Мырзабайұлы, жыл басынан бері Төтенше жағдайлар қызметіне қанша адам көмек сұрап хабарласты?
– Махамбет аудандық №11 ӨСБ-нің қылмыстар, оқиғалар туралы өтініштерді, хабарламаларды және өзге де ақпаратты есепке алу кітабына жалпы саны 55 хабарлама тіркелді. Тіркелген хабарламалар бойынша 34 құжат номенклатуралық іске, 11 құжат әкімшілік іске және 10 құжат тергеу ретімен аудандық полиция бөліміне жолданды. Жыл басынан бері 16 өрт оқиғасы тіркелді. Өрт оқиғасынан тұрғындарға материалдық шығын келмеді. Газға улану, суға кету оқиғалары орны алған жоқ.
– Өрттің басым бөлігі қандай жерлерде орын алады және негізгі себептері қандай?
– Биыл тұрғын үй секторында 8, автокөліктерде 6 және өзге де орындарда 2 рет өрт оқиғасы орын алды. Өрттің пайда болуының негізгі себептеріне электр желісінің қысқаша тұйықталуы, пеш құрылғыларын дұрыс пайдаланбау, балалардың отпен ойнауы жатады.
– Аудан тұрғындарына өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру бойынша ақпараттық түсінік жұмыстары қаншалықты жиі өткізіледі?
– Бөлім қызметкерлерімен 1334 адамды қамтыған лекциялар мен нұсқаулар жүргізілді. Аудандық «Jaiyq shugylasy» газетіне 20 мақала жарияланып, үш рет жергілікті арнаға сұхбат берілді. Департаменттің және жергілікті әкім аппаратының әлеуметтік желілері арқылы 17 бейнеролик, 39 мақала шығарылып, брифингтер ұйымдастырылды. Сонымен қатар тұрмыстық жағдайда қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау жөнінде түсінік жұмыстары жүргізіліп, 6028 тұрғын үй секторы қамтылды. Өрт қауіпсіздігі ережесін сақтау тақырыбында жадынамалар мен брошюралар дайындалып, 5107 дана таратылды. Ауданның адам көп жиналатын орындарда баяндамалар жасалды.
Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебі базасында оқушылардың қатысуымен өрт қауіпсіздігін сақтау, төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында интерактивті сабақтар өткізілді. Аудандық №11 ӨСБ-нің ғимаратында мектеп оқушыларына арналған «Ашық есік» күні тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Өрт қауіпсіздігін насихаттау бағытында орталық көшелерге 9 дана билборд, 10 дана баннер ілініп, әлеуметтік, мәдени және басқа да нысандарда 44 дана өрт қауіпсіздігі бұрышы жасақталды.
– Төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша қандай жұмыстар жасалды?
– Аудан аумағында 353 объект есепке алынса, оның 64-і – жоғары, 13-і – орташа нысандар. Биыл 11 объектке тексеріс жүргізілді. 8 объектке жүргізілген тексеріс бойынша бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым беріліп, барлық объект тарапынан орын алған өрт қауіпсіздігінің кемшіліктері толықтай уақытында жойылуына байланысты тексеріс жүргізілген жоқ. Жоспарға салынған Қосарал орта мектебінде бұзушылықтар анықталмағандықтан және «PetroRetail» ЖШС аудит нәтижесі оң болуына байланысты бақылау тексерісі жүргізілмей есептен түсірілді.
Аудандық прокуратурасының ұсынысы бойынша «Атырау облысы білім беру басқармасының №2 Арнайы мектеп-интернаты» мекемесіне және К.Қалыбекоа атындағы орта мектебінің жанындағы «Арай» лагеріне жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде екі заңды тұлғаға ҚР ӘҚБтК 410-бабы 1-бөлімімен «Ескерту» әкімшілік жаза қолданылды. Тіркелген өрт, жану оқиғаларына жол берген жалпы саны 11 жеке, лауазымды және заңды тұлға ескерту түріндегі әкімшілік хаттама толтырылды.
– Құтқарушының қызметі қандай? Өрт сөндіруші мамандығын меңгеру үшін қандай оқу орнына тапсыру керек?
– Төтенше жағдайлар саласы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Құтқарушылар – ерекше адамдар, себебі күнделікті дабыл бойынша отпен күресіп, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алып және оларды жою жолдарын атқарады. Бұл күресте құтқарушы жұмысының қауіптігі сонша, әрбір басқан қадамы соңғы болуы мүмкін. Олар үшін құтқару, сақтау, көмектесу, қорғау ең алғашқы міндеттері болып табылады.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты М.Ғабдуллин атындағы Академиясы оқуға қабылдайды. Биыл аудан көлемінде орналасқан 15 білім беру мекемесіндегі оқушыларға түсінік жұмыстары жүргізілді. Үгіт-насихат жұмыстары барысында бейнекөрсетілімдер көрсетіліп, жадынамалар таратылды. Аудандық газетке мақала да жарияланды. Алайда оқуға тапсыруға ниет білдірдіргендер болмады. Осы жылы №11 Өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі, азаматтық қорғау кіші сержанты Айболат Даулешов қашықтықтан оқу бағдарламасы бойынша сырттай оқу бөлімін аяқтап, академияның дипломын қолына алды. Айта кету керек, бүгінде Төтенше жағдайлар бөлімінде 32 қызметкер жұмыс істейді.
– Махамбет ауданы бойынша ерікті өрт сөндіру жасағы құрылды ма? Жергілікті атқарушы орган өкілдерімен байланыс қандай деңгейде?
– Жалпы аудан көлемінде 9 ауылдық округте құрылған 140 адамды қамтитын ерікті өрт сөндіру жасағы бар. Аудандық әкімі аппараты қызметкерлерімен бірлескен түрде арнайы орталық мамандарының қатысуымен 80 еріктіні өрт қауіпсіздігі жағдайлары бойынша оқыту жұмыстары осыған дейін жүргізіліп, сертификат табысталған болатын. Өрт сөндіру бекеті Ақжайық ауылдық округінде құрылды. Өрт сөндіру модульдері Сарайшық және Алға ауылдық округі әкімі аппаратының теңгеріміне берілді.
Жоспарда тұрған Бейбарыс және Бақсай ауылдық округтерінде аталған бекеттерді ашу үшін қазіргі уақытта жергілікті әкімдік мамандарымен бірге тиісті жұмыстар жүргізілуде. Осы жылы өрт сөндіру модулін алу бойынша жеңімпаз анықталып, қазіргі уақытта Таңдай ауылына әкелінді. Сондай-ақ қазіргі уақытта Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты екі дана өрт сөндіру автокөлігі Бейбарыс және Алға ауылдарына алу бойынша жұмыстар жүргізіліп, құжаттары рәсімделуде.
– Бөлім қызметкерлерінің және құтқарушы қызметіне қызығушы жастардың жетістіктерімен бөліссеңіз.
– Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті 2023 жылға арналған облыс әкімінің орынбасары Қ.Нұртаевпен бекітілген «Жас құтқарушы» слетіне аудан көлемінде мектеп оқушылары арасында жарыс ұйымдастырылып, жеңімпаздар кубок және дипломдармен марапатталды. Жарыстың нәтижесімен жеңімпаз атанған үздіктер Атырау қаласында өткізілген облыстық жарыстан 3-орынды жеңіп алды. Департаментте Астана күніне орай өткізілген сурет сайысында бөлімнің жүргізуші қызметкері, азаматтық қорғау сержанты Т.Салиховтың қыздары Зейнеп пен Іңкәр жүлделі І және ІІ орындарға ие болды.
Махамбет аудандық Полиция бөлімінің және «Атырау Жарық» АҚ аудандық электр жүйесінің ұйымдастыруымен өткен кіші аяқ добынан жарыста жүлделі І және ІІ орынды жеңіп алдық. Сондай-ақ мекеме қызметкерлері арасындағы спортакидадан жарыс өткізілді. Махамбет ауданық ТЖБ және Махамбет ауданды №11 өрт сөндіру бөлімі ұжымынан құралған команда жалпы есепте 1 орынды жеңіп алды. Жарыс шағын футбол, волейбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, қазақ күресі түрлерінен өтізілген болатын.
– Қызмет барысында жиі кездесетін қандай мәселе бар?
– Бүгінде құтқарушылар төтенше жағдайларды жою жұмыстарына қатысуға дайын болу үшін арнайы, медициналық, психологиялық әзірлігін, авариялық-құтқару құрылымдарының құрамындағы қызмет дағдыларын үнемі жетілдіріп отырады. Десе де судағы қауіпсіздік шараларын алдын алу үшін ауданда сүңгуір құтқарушылар қарастырылмаған. Іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін Атырау қаласынан сүңгуір құтқарушыларды шақыртумыз қажет. Сондықтан суға кеткен адамды іздестіру жұмыстары ұзақ уақыт жұмсалады. Суға кеткен адамдарды құтқару, сондай-ақ іздеу жұмыстарын жедел жүргізу мақсатында Махамбет ауданына Атырау облысы ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» мемлекеттік мекемесінің жедел құтқару жасағы сүңгуір құтқарушыларымен суға шомылу маусымы кезеңінде қамтамасыз етіп, уақытша бекет ашуға ұсыныс білдірдік.
– Ашық әңгімеңізге рахмет. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!
Сұхбаттасқан: Қ.АЙТҚАЛИЕВ