Бюджет қаражаты тиімді пайдаланылып, мақсатты жұмсалуы тиіс. Оған заң аясында тексеріс жүргізіліп, бақылау жасалып отырады. Алайда, заңнаманың осы талабы сақталмайтын мекемелер де бар екен. Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті Махамбет аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемеден осындай кемшілікті анықтады.
Тексеріс кезінде жалпы сомасы 191 437,3 мың теңге аудиттік іс-шара жүргізіліп, 5 254 мың теңгенің бұзушылықтары анықталды. Оның ішінде 400,2 мың теңгесі қаржылық бұзушылық болса, 4 853,8 мың теңге рәсімдік сипатта орын алған.
Аудит барысында мемлекет активтерінің дұрыс есебін қамтамасыз етпеу, дебиторлық және кредиторлық берешектерді жасыру, бюджеттік қаражатты тиімсіз пайдалану, бухгалтерлік тәртіпті бұзу, пайдаланылмаған демалыс бойынша қызметкерлерге резерв сомасын есептемеу фактілері анықталды.
Сонымен қатар, жүктелген функционалдық міндеттерді толық орындамау жағдайлары да белгілі болды. Іс-шара биылғы қаңтардан бастап сәуір айына дейінгі кезеңде жүргізілді. Осы кезең аралығында аудиторлар кемшіліктер мен қателіктерді анықтауды ғана емес, оларды уақтылы жоюды да қамтамасыз етті. Осылайша, 5 254,0 мың теңгенің қаржылық және рәсімдік сипаттағы бұзушылықтары бойынша бухгалтерлік жазбалар беріліп, қалпына келтірілді.
Рүстем ТҮСІПБЕРГЕН,
Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік
аудит департаменті басшсының орынбасары