Ит атқанда абай бол!

Жердің тоңы жібіп, күн жылынсымен қат-қабат шаруа басталатыны белгілі. Әр күні жылға азық көктем күнін босқа өткізбей, тиімді пайдалануға жұмылған аудан тұрғындары қора-жай маңын тазалап, шарбақтарындағы жылда егін салатын жердің топырағын қопсытып, алдағы тірліктеріне қамданыс жасайды. Осы уақытта көктемгі тазалық айлығы басталып, жапатармағай сенбілікке шыққан жұртшылық жергілікті әкімшілікпен бірлесіп, Жайық өзені жағалауларын күл-қоқыстан тазартып, көшелерге тал отырғызуға ден қояды.

Менің айтайын дегенім, тазалық айлығына байланысты жоспарлы жұмыстардың ішінде көшеде жүрген бұралқы ит-мысықтарды ату да бар. Округ әкімдері есеп беру жиындарында пәленбай ит-мысықтың көзі жойылды деп ақпар беріп жатады. Теледидардан бұралқы иттердің адам талап, тіпті кісі өлтіргені туралы хабарды естіп, жанымыз түршікті. Сондықтан көше кезіп жүрген иесіз бұралқы иттер жойылуы тиіс. Алайда, оларды атқанда абай болған жөн. Біреудің есігінің алдында қарайлап жүрген итті бас салып, атып тастағанын көргенде қынжыласың. Мойнында қарғы бауы бар иттің иесі бар екендігі айтпаса да түсінікті емес пе? Көшедегі итті әрлі-берлі жүргіншінің, бала-шағаның көзінше қанын сорғалатып атқанды да өз басым қош көрмеймін. Тіпті қаңғыған оқ тасадан шыға келген біреуді жазым қылмасына кім кепіл? Сондықтан ит-мысықты арнайы тор құрып, аулауға болмас па екен?!.

Қ.Сисенов, Махамбет ауылының тұрғыны.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521