Ішкі нарықты қорғайтын шешімдер

Үкіметте вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Сыртқы сауда және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) отырысында ішкі нарықты қорғауға және орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге арналған бірнеше шешім қабылданды.

Туризм және спорт министрлігі­нің бастамасымен ВАК біздің елдің аумағына ойын автоматтарын әкелуге рұқсат беру тәртібін алты ай мерзімге мақұлдады. Оларды тек ойын бизнесіне мемлекеттік лицензиясы бар ұйымдар ғана әкеле алады. Лицензия беру тетігі Заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды жүзеге асыру шеңберінде енгізіледі.

Сондай-ақ ВАК-та 2023 жылғы 4 ақпаннан бері қолданылып келе жатқан күнбағыс тұқымын экспорт­тауға салынатын кедендік бажды (ЭКБ) одан әрі сақтаудың қаншалықты мақсатқа сай екендігі қаралды. Оның мөлшері 20%-ды, бірақ бір тоннасына 100 еуродан кем емес соманы құрай­ды. Баж қолданылған уақыт ішінде бюджетке 24,1 млрд теңге түс­кен. Ол ел бюджетіне құйылып, кейін ауыл шаруашылығы тауарын өндіру­­шілерге субсидия ретінде бері­­летіні белгілі. Сонымен қатар баж қол­­данылған үш жыл ішінде еліміз­­де күнбағыс майын өндіру 2,5 есе, экс­порт 4,8 есе өскен. Осылайша, еліміз алғаш рет күнбағыс майын экспорт­таушылардың таңдаулы ондығына еніп, 8-орынды иеленді. ЭКБ-ны енгізу нәтижесінде ішкі нарықта күнбағыс майының бағасы тұрақтанды: бүгінде оның 1 литрінің орташа бағасы 843 теңге тұрады. Ал баж алымы енгізілген 2023 жылдың қаңтарында 900 теңгеден жоғары болған еді.

Әйтсе де, күнбағыс тұқымын өндірушілер егін жинау науқаны кезінде күнбағыс тұқымын сатып алу бағасы олар күткен деңгейден төмен болып тұрғанын айтады. Талқылау қорытындысында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне күнбағыс майының көтерме нарығына талдау жүргізіп, май өңдеу кәсіпорындарының сатып алу бағасын зерделеу тапсырылды. Кейін бұл мәселе комиссияның кезекті отырысында қайта қаралмақ.

Жиында ВАК шешімімен ел аумағынан сұйытылған мұнай газын автомобиль және теміржол көлігімен әкетуге салынған тыйым 6 айға ұзар­тылды. Бұл шара сұйытылған газды отын ретінде пайдаланатын автомобиль қатарының өсуін және оның әлеу­меттік маңызын ескере оты­рып, ішкі сұранысты қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ ЕАЭО елде­ріне тасуды қоса алғанда, бұқашықты әкетуге салынған ты­йым да 6 айға ұзартылды және ұсақ мү­йіз­ді малдың 120 бас қошқарын әке­туге берілетін квотаның күші сақталды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT