Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасын әртараптандыруға жаңа серпін беру қажеттігін атап өтті. Кейінгі жылдары өңдеуші өнеркәсіптің жалпы қосылған құны екі есе өсіп, 17 трлн теңгеге жуықтаған. Дегенмен оның ІЖӨ-дегі үлесі небәрі 12,4% болып отыр. Президент бұл жеткіліксіз екенін айтып, әртараптандыру қарқынын арттыруды тапсырды.
Қандай нәтижеге жеттік?
«Экономиканы әртараптандыруды тың қарқынмен жалғастыру керек. Ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық берілуге тиіс. Қазір бұл жұмыс жүйесіз жүргізіліп жатыр. Бұл саланы ретке келтіріп, үйлестіру жұмысын толығымен қолға алу керек», деді Мемлекет басшысы.
Премьер-министрдің ресми ресурсына сүйенсек, алдағы жылдары экономикаға шамамен 150 млрд доллар тікелей инвестиция тарту көзделген. Оның негізгі мақсаты – экономиканы тұрақтандыру, жаңа өндірістерді іске қосу, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту. Биылғы жеті айдың қорытындысында елдің ішкі жалпы өнімі 6,3%-ға өсті. Нақты сектордағы өсім 8,3%-ды, ал қызмет көрсету саласында 5,2%-ды құрады. Экономикалық серпінге ең көп үлес қосқан салалар қатарында көлік (+22,5%), құрылыс (+18,5%) және сауда (+8,6%) бар.
Өңірлердің әлеуетін арттыру үшін Үкімет 2025–2030 жылдарға арналған өңірлік даму тұжырымдамасын қабылдады. Бұл құжат аясында артта қалған аймақтарға қаржыландыру көп бөлініп, моноқалаларды дамытуға ерекше назар аударылады. Ірі кәсіпорындармен ұзақмерзімді келісімшарттар жасалып, индустриялық аймақтар құрылуға тиіс. Сонымен қатар шағын және орта бизнеске қолдау күшейтіледі. Ауылдық жерлерді дамыту да басты назарда. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2025 жылы 50 млрд теңге бөлінсе, 2028 жылға дейін шамамен 450 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражаттың арқасында 25 мыңнан астам жоба жүзеге асырылып, 30 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Инвестициялық саясаттың белсенді жүзеге асырылып жатқаны да байқалады. 2025 жылғы қаңтар-шілде айларында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 9,9 трлн теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 16,1%-ға артты. Инвестициялар негізінен тау-кен өнеркәсібіне, жылжымайтын мүлікке, көлік пен қоймалауға, ауыл шаруашылығына, білім беру мен денсаулық сақтау салаларына бағытталған.
Халықаралық агенттіктердің (Moody’s, S&P, Fitch) бағалауынша, Қазақстан инвестициялық тартымдылығын сақтап отыр. 2022–2024 жылдары Қазақстанға 69 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Оның ішінде 22%-ы өңдеуші өнеркәсіпке, 39%-ы тау-кен секторына бағытталды.
Сапа да маңызды
Сенат депутаты Евгений Больгерттің айтуынша, мәселе тек инвестиция көлемінде емес, ең алдымен олардың сапасында. Әңгіме өндірістегі жаңа технологияларды енгізу, өнімнің инновациялық деңгейін арттыру, еңбек өнімділігін өсіру туралы болып отыр.
«Президенттің жаңа инвестициялық циклді бастау туралы айтқаны орынды. Бірақ бұрынғы қателіктерді қайталамау қажет. Бұған дейін тартылған тікелей инвестициялардың басым бөлігі шикізаттық салаға бағытталды. Енді аймақтар мен салалар нақты қажеттілігін айқындап, өздері «инвестициялық тапсырыс» жасауға тиіс. Ал жауапты институттар сол бағытқа сәйкес инвесторларды тартып, әртараптандыруға үлес қосуы керек», деді ол.
Е. Больгерттің пікірінше, Мемлекет басшысы атап өткен тағы бір маңызды мәселе – инвесторлармен жұмыстың бірнеше ведомство арасында бөлініп кетуі. Бұл жүйені ыдыраңқы етіп көрсетеді. Сондықтан болашақта «инвестиция» сөзі нақты аталған, инвесторларға тікелей серіктес бола алатын уәкілетті орган құру керек секілді.
«Жаңа бір тиімді құрал туралы да айтқым келеді. Өңірлердің рейтингі. Яғни әкімдердің аймақтың инвестициялық тартымдылығы бойынша бағалануы. Мұндай рейтинг нақты нәтижелерді көрсететін тетік болмақ. Өйткені әрбір инвестициялық жоба түптің түбінде белгілі бір өңірде іске асады. Негізгі күнделікті жұмыс та жергілікті жерде жүреді. Жалпы алғанда, бізде инвестициялық жобаларды қолдау жүйесі бар. Ол ең жоғары деңгейдегі – Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінен басталып, облыстар мен қалалардағы әкімдіктерге дейін жалғасады. Әкім орынбасарлары бар, олар осы жұмысты қадағалайды. Тіпті прокуратура жанынан да арнайы бөлімдер құрылған. Бір жағынан бұл жүйе ауқымды болып көрінеді, бірақ әрдайым тиімді жұмыс істей бермейді», деп түсіндірді сенатор.
Тиімді тәсіл керек
ҚСЗИ экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас сарапшысы Әсел Әбеннің айтуынша, әртараптандыру сыртқы сауданың да тынысын аша түскен. 2025 жылдың алғашқы жартысында өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспорты 12,8 млрд долларға жетіп, елдің жалпы экспортының үштен бірін құрады.
«Еліміз біртіндеп шикізат қана емес, күрделі өнім жеткізушісі ретінде де өз орнын бекітіп, жаңа нарықтарға шығып, серіктестер тартып, жаһандық өндірістік тізбектерде позициясын нығайтып жатыр. Бірақ әлі де ішкі және халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті терең өңдеу өнімдерін шығаруға басымдық беруіміз қажет. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар жүйесіз. Әдетте, қолдау шаралары тәсілдері мен шарттары бір-біріне ұқсамайтын әртүрлі институттар арқылы жүзеге асырылады, бұл кәсіпкерлерге түсініксіз. Сондықтан да тәсілдерді оңтайландыру керек», дейді сарапшы.
Расында, еліміздің жаһандық бәсекеге қабілетті болуы үшін инвестицияны көбірек тарту керек. Әсіресе өңдеу саласына қаржы салынса, ол жаңа технологиялардың келуіне, жұмыс өнімділігінің артуына жол ашады. Мұндай қолдау нәтижесінде жаңа өндіріс орындары пайда болып, білікті мамандарға деген сұраныс өседі.
«Өңдеу өнеркәсібінде шешімін күткен мәселе аз емес. Мәселен, ағаш бұйымдары мен жиһаз шығару тоқырауға ұшырады, фармацевтика саласында да өсімнің қарқыны баяу. Бүгінде өндірістің 40 пайыздан астамы металлургияға тиесілі. Бұл салаға әлемдік нарықтағы баға құбылмалылығы қатты әсер ететіндіктен, жалпы өнеркәсіптің тәуекелі артып отыр. Ұзақмерзімді тұрақтылыққа жетудің ең тиімді жолы – жоғары қосылған құны бар салаларды дамыту. Яғни шикізатты жай экспорттамай, одан дайын өнім шығарып, қосымша құн әкелетін өндірістерді өркендету қажет. Ал қазір қиындыққа тап болған салаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, бүкіл өңдеу өнеркәсібінің әлеуеті арта түспек», деп түсіндірді сарапшы.
Экономист Руслан Сұлтановтың айтуынша, экономиканы әртараптандыру ел экономикасын өсіреді.
«Бұл мұнай мен металға тәуелділіктен арылу, ауыл шаруашылығы, IT, қаржы, туризм, фармацевтика сияқты жаңа салаларды дамыту. Бұл мұнай бағасы құлдырағанда әр отандасымыздың табысына соққы тимеуінің кепілі. Өнеркәсіпті әртараптандыру қолданбалы деңгейде маңызды рөл атқарады. Бүгінде өндіру мен металлургия басым. Алайда Қазақстанның болашақ индустриясы машина жасауға, мұнай химиясына, фармацевтикаға, шикізатты қайта өңдеуге және жоғары технологияларға негізделуге тиіс. Бұл жоғары қосылған құнды өнімдер, экспорт көлемінің артуы және технологиялық егемендік әкеледі», дейді ол.