Гвардияшылар адасып кеткен балаларды тауып алған

Бір үйдің қос баласы ата-анасының рұқсатынсыз үйдің ауласынан шығып кетіп, бірнеше шақырым жүргеннен кейін адасып кеткен. Бұл туралы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінен хабарлады.

Подполковник Руслан Садықов пен ефрейтор Жасұлан Толеубаев кешке жұмыстан қайтып бара жатқан кезде Жұмыскер шағынауданындағы «Айза» дүкенінің жанында жылап тұрған 2 және 4 жас шамасындағы балаларды көріп қалған. Балалардан ата-анасының қайда екенін сұрағанда, адасып кеткендерін айтқан.

«Ең әуелі балалардың жанында ата-анасының бар-жоғын тексеріп алдым. Содан кейін балаларды тыныштандырған соң, олардың есімдерін сұрап, қалай адасып кеткендерін білдім. Алайда, балалар өздерінің тұрғылықты жерін айта алмады», - деді подполковник Садықов.

Әскерилер бірден ювеналдық полиция қызметкерлерін шақырып, балаларды полицейлердің қолына тапсырды. Өз кезегінде тәртіп сақшылары бүлдіршіндерді тағатсыздана күтіп отырған ата-анасымен қауыштырды.

«Менің балаларымды қиын жағдайда тастап кетпей, тауып бергендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Ең бастысы балалар ешқашан жоғалмасын, дендері сау болсын», - деді балалардың анасы.

5546 әскери бөлімінің командирі подполковник Мақсат Баймағұлов әскери қызметкерлер Руслан Садықов пен Жасұлан Төлеубаевқа алғыс айтып, қызметтік міндеттерін адал атқарғандары үшін алғыс хаттарын тапсырды.

BAQ.KZ

Сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT