Зияткерлік меншік саласындағы заңнамамызға 2022 жылдың 20 маусымдағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік және мемлекеттік кепілдік берген заң көмегін көрсету салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңымен өзгерістер енгізілген болатын. Нақтырақ айтатын болсақ, еліміздегі зияткерлiк меншiк құқықтарын сақтау және қорғау саласында өнеркәсіптік меншіктің жаңа объектісі «Географиялық нұсқама» термині пайда болды.
Ұлттық заңнамаға «Географиялық нұсқама» термині жақын күндері енгізілгенімен оның шығу тарихы тереңде жатыр. Қысқаша тоқталатын болсақ, географиялық нұсқама дәстүрлі түрде зияткерлік құқықтарға қатысты. Өнеркәсіпті қорғау жөніндегі 1883 жылғы Париж конвенциясының 1(2) бабында, өнеркәсіптік меншік объектілері ретінде «шығарылған жерге нұсқама» және «шығарылған жердің атауы» айтылған. Сол баптың 3) тармағында «өнеркәсіптік меншік» терминінің мазмұны «өнеркәсіп және сауда» терминімен шектеліп қалмай, өңдеуші және өндіруші ауыл шаруашылығы саласына да қолданылатыны көрсетілген.
Осы жерде, «Географиялық нұсқама дегеніміз не?»-деген сұрақ туындауы мүмкін. Географиялық нұсқама – географиялық объектінің аумағынан шығарылатын, белгілі бір сапасы, репутациясы немесе басқа да сипаттамалары едәуір дәрежеде оның географиялық шығу тегімен байланысты тауарды сәйкестендіретін белгілеме яғни, атауында шығу тегі (елді-мекеннің атауы) көрсетілген белгілі бір аймақтан келетін тауарлар. Тұтынушылар бұл тауарларды оның шыққан жеріне назар аудара отырып, белгілі бір сапа деңгейімен, қасиеттерімен немесе беделімен байланыстырады. Мысал ретіде, Қазақстан құрты, Алматы апорты, Түркістан мақтасы т.б. келтіруге болады.
Жалпы, географиялық нұсқама ауыл шаруашылығын дамытуда, ұлттық брендтерді ілгерілетуде, шетелде өнімді тануда маңызды рөл атқарады. Географиялық нұсқама әдетте ауылшаруашылық өнімдеріне, азық-түлікке, шараптарға және спирттерге, қолөнер бұйымдарына және өнеркәсіптік өнімдерге қолданылады. Яғни, өңірлік брендтерді дараландыру құралдары ретінде географиялық нұсқама және тауар шығарылған жердің атауы пайдаланылуы мүмкін.
Бұл жерде, зияткерлік меншік объектілері «географиялық нұсқама» және «Тауарлар шығарылған жерлердің атаулары» айырмашылықтары қандай?- деген екінші сұрақ пайда болады.
Тауар шығарылған жерлердің атауы- ол елдің, елді мекеннің, жергілікті жердің немесе басқа да географиялық объектінің қазіргі немесе тарихи, ресми немесе бейресми, толық немесе қысқартылған атауын білдіретін не атауы бар, осындай атауды қамтитын немесе осындай атаудан шыққан және ерекше қасиеттері тек қана немесе негізінен осы географиялық объектіге тән табиғи жағдайлармен және адами факторлармен айқындалатын тауарға қатысты оны пайдалану нәтижесінде белгілі болған белгілеме болып табылады. Ал, географиялық нұсқама жоғарыда айтылғандай – белгілі бір жер аумағынан шығарылатын, сапасы, репутациясы немесе басқа да сипаттамалары оның шығу тегімен байланысты тауарды сәйкестендіретін белгілеме.
Айырмашылықтарына келетін болсақ, «тауар шығарылған жерлердің атауы» белгілемесін пайдалану үшін осы географиялық объектінің аумағында тауар өндіруде тауардың ерекше қасиеттерінің қалыптасуына елеулі әсер ететін барлық сатысы жүзеге асырылуға тиіс болса, «географиялық нұсқама» белгілемесін пйдалануға географиялық объектінің аумағында тауардың сипаттамаларының қалыптасуына елеулі әсер ететін, оны өндірудің кем дегенде бір сатысы жүзеге асырылуға тиіс. Қысқаша түсіндіретін болсақ, «тауар шығарылған жерлердің атауы» объектісі ретінде тіркелу үшін белгілі бір тауарды шығаруға пайдалынатын шикізаттардың барлығы сол географиялық объектінің аумағында өндірілу (дайындалу) керек болса, «географиялық нұсқама» объектісі ретінде тіркелу үшін тауарды шығаруға пайдалынатын шикізаттар басқа географиялық объектінің аумағынан әкелініп, пайдалануға болады.
Енді үшінші сұрақ, «Географиялық нұсқама» жаңа зияткерлік меншік объектісін тіркеу бойынша жауап берейік.
«Географиялық нұсқама» объектісі 1999 жылғы 26 шілдедегі «Тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері, географиялық нұсқамалар және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы» №456 Заңымен реттелген. Сонымен қатар, аталған Заң өнеркәсіптік меншіктің тауар таңбасы, қызмет көрсету таңбасы, тауар шығарылған жердің атауы объектілерінде қамтиды.
Географиялық нұсқама объектісі ретіде тікелу үшін, тауар:
- географиялық объектінің аумағынан шығарылуы;
- белгілі бір сапасы, репутациясы немесе басқа да сипаттамалары едәуір дәрежеде оның географиялық шығу тегімен байланысты болуы;
- географиялық объектінің аумағында тауардың сипаттамаларының қалыптасуына елеулі әсер ететін, оны өндірудің кем дегенде бір сатысы жүзеге асырылуға тиіс.
Сонымен қатар:
- тауардың ерекше қасиеттері болмауы мүмкін, ал өтініш беруші негізінен географиялық аймақтың табиғи жағдайларымен және (немесе) адами факторларымен анықталатын ерекше қасиеттерді дәлелдеуге міндетті емес;
- географиялық объектінің аумағында тауар өндірудің барлық кезеңдері жүргізілмеуі керек, бір ғана кезең жеткілікті;
- қорғанысқа тек ауызша емес, біріктірілген белгілер (бейнелі, ауызша, әріптік және т.б.) жатады.
Географиялық нұсқаманы тіркеуге және географиялық нұсқаманы пайдалану құқығын беруге өтінімді (үлгілік бланкіде) сараптама ұйымы яғни, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Ұлттық зияткерлік меншік институтына береді және өтінім бір географиялық нұсқамаға қатысты болуға тиіс.
Сонымен бірге, өтінімге:
- егер атауы географиялық нұсқама ретінде мәлімделетін географиялық объект Қазақстан Республикасының аумағында болса, өтінімге осы географиялық объектінің шекараларында өтініш берушінің тауардың ерекше қасиеттерінің қалыптасуына елеулі әсер ететін, тауар өндірісінің кем дегенде бір сатысын жүзеге асыратыны туралы жергілікті атқарушы органның қорытындысы және мәлімделген тауардың белгілі бір сапасы, репутациясы және (немесе) басқа да сипаттамалары едәуір дәрежеде оның географиялық шығу тегімен айқындалатынын растайтын құжат немесе құжаттар;
- сараптама ұйымының сараптама жүргізу жөніндегі көрсетілетін қызметтеріне ақы төленгенін растайтын құжаттар;
- іс өкіл арқылы жүргізілген жағдайда өтінімге сенімхаттың көшірмесі;
- географиялық нұсқамаға арналған өтінім, тауар шығарылған жердің атауына арналған өтінім және оларға қоса берілетін құжаттар қазақ немесе орыс тілінде ұсынылады. Егер құжаттар басқа тілде ұсынылса, онда өтініш беруші өтінім берілген күннен бастап бір ай мерзімде олардың қазақ немесе орыс тіліне аудармасын ұсынуға тиіс.
Сараптама, өтінім берiлген күннен бастап үш ай iшiнде жүргiзіледі және сараптама барысында сараптама жасау ұйымы қосымша материалда сұратуға құқылы, олар өтiніш берушiге сұрау жiберiлген күннен бастап үш ай iшiнде тапсырылуға тиiс.
Өтініш берушінің өтінішхаты бойынша бұл мерзім өтінішхат сұрау салуға жауап ұсыну мерзімі өткенге дейін келіп түскен жағдайда, алты айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
Тіркеуден кейін:
- географиялық нұсқаманың құқық иеленушісі оны пайдаланудың айрықша құқығына ие болады, ол географиялық нұсқаманың Мемлекеттік тізілімінде үзінді көшірмемен куәландырылады;
- географиялық нұсқаманың тіркеу мерзімі тауардың белгілі бір сапасы, беделі немесе басқа да сипаттамалары сақталған жағдайда және олардың географиялық шығу тегімен едәуір дәрежеде байланысы болса мерзімсіз әрекет етеді;
- географиялық нұсқаманы пайдалану құқығы сараптама ұйымына өтінім берген күннен бастап он жыл бойы жарамды болады.
Географиялық нұсқамаға берілген құқық оның иелеріне өнімдері қолданыстағы стандарттарға сәйкес келмейтін үшінші тұлғалардың географиялық нұсқаманы пайдалануына жол бермеуге мүмкіндік береді.
Алайда, қорғалатын географиялық нұсқама өз иесiне осы нұсқамаға арналған стандарттарда белгіленген технологияны пайдалана отырып, басқа тұлғалардың оған ұқсас өнiмдердi өндiруiне тыйым салу құқығын бермейдi.
Осы артықшылықтардың барлығы жалпы алғанда өтініш берушілер үшін икемді қорғаныс талаптарын қамтамасыз етуге, сонымен бірге өңірлердің жергілікті өнімдерін дамытуға, белгілі бір аймақтың дәстүрін сақтауға, туристік тартымдылық үшін өңірлер брендтерін танымал етуге, өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға септігін тигізетіндігі сөзсіз.
Атырау облысы Әділет департаментінің
Зияткерлік меншік құқығы
бөлімінің басшысы С.У.Абилхайров