«Ерте араласу» бағдарламасы баланың дамуында шешуші рөл атқарады

«БолашақК» қоғамдық қоры 2024 жылы «Теңізшевройл» ЖШС қолдауымен Атырау облысында «Ерте араласу» бағдарламасы бойынша «Ерте оңалту» жобасын жыл басынан бері жүзеге асыруда. Жоба балалардың мүгедектігін азайту, өмір сүру сапасын жақсарту және жүйке-психо-мотор кемістігі бар балалар мен олардың отбасыларының әлеуметтік интеграциясына жәрдемдесуді көздейді.

«Ерте оңалту» жобасы – 2023 жылы Атырау облысында іске асырылған «Ерте араласу» бағдарламасының жалғасы. Осы жоба аясында Атырау облысындағы балалардың денсаулығын жақсарту мақсатында «БолашақК» қоғамдық қоры, облыс әкімдігі және денсаулық сақтау басқармасының қолдуын тауып, ерте жастағы балалардың дамуындағы бұзушылықтарды анықтау және оңалту жұмыстарын ұйымдастыруда.

Жоба аясында «БолашақК» қорының мамандары Атырау қаласындағы №1, №5 емханалар мен Жылыой орталық аудандық емханасының қызметкерлеріне тегін оқыту семинарларын өткізді. Бұл семинарлар балалардың дамуындағы бұзылуларды ерте анықтауға бағытталған. Сонымен қатар, «БолашақК» қорының дәрігер-реабилитологтары мен невропатологтары №5 қалалық емханада 3 жасқа дейінгі балаларға тегін консультациялар өткізді. Консультациялар барысында мамандар балалардың дамуындағы мәселелерді ерте анықтап, оңалту процесін уақытылы бастауға көмектеседі.

Ерте араласу маманы, кинезиотерапевт Әдемі Тұрсынғалиева мұндай бағдарламалардың маңыздылығын атап айтты.

– Ерте араласу баланың дамуында шешуші рөл атқарады. Біз балалармен неғұрлым ерте жұмыс істей бастасақ, бұзушылықтарды сәтті түзету және күнделікті өмірге бейімделу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Мысалы, науқас Зейін Қанат бізге 4 айлық жасында, ОНМК (инсульт) салдарымен келді — Зейін өзінің дамуы бойынша құрдастарынан артта қалды, басын ұстай алмады, аяқ-қолына сүйене алмады. Қазір оңалту курсынан кейін біз айтарлықтай жақсаруды байқаймыз. Массаж, сенсорлық интеграция және педагогикалық түзету бойынша тұрақты сабақтар оның физикалық және танымдық дағдыларын қысқа мерзімде айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді, — деді ол.

Жылыой ауданы, Құлсары қаласында әр тоқсан сайын балаларға тегін тексерулер мен консультациялар өткізіледі. Мамандардың құрамында невропатолог-дәрігер және реабилитолог-дәрігер бар топ әрбір баланың жағдайын мұқият бағалайды, емдеу бойынша ұсыныстар береді және қажет болған жағдайда, балаларды «БолашақК» оңалту орталығына жіберіп, тегін емделуге шақырады.

Ата-аналарға ерекше назар аударылып, олар үшін балалардың физикалық және психоэмоционалды дамуы бойынша семинарлар өткізіледі. Бұл семинарларда ата-аналар балалардың дамуындағы және оңалтудағы маңызды рөлін түсінеді.

Жоба аясында үй жағдайында бақылау және кеңес беру бастамасы қолға алынды. «БолашақК» қорының мамандары ата-аналарға балалардың дамуындағы бұзушылықтарды жеңу үшін қандай жаттығуларды үй жағдайында жасау керектігін үйретеді, сонымен қатар баланың тұрмыстық жағдайларын қалай жақсартуға болатыны туралы ұсыныстар береді.

Ерте араласу және оңалту маңызды, өйткені олар асқынулардың алдын алуға, емдеу уақытын қысқартуға және шығындарды азайтуға көмектеседі. «БолашақК» қоғамдық қорының бұл бастамасы Атырау облысындағы балалардың денсаулығын жақсартуға, олардың болашағын жарқын етуге бағытталған.

 

Жайна МӘЛІМҚОЖА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT