Еріктілер қызметі – көпке үлгі

Фото: zh-shugylasy.kz

Жыл сайын 5-ші желтоқсан Халықаралық еріктілер күні ретінде атап өтіледі. Бұл атаулы күн 1985 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 40-сессиясында бекітілген екен. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев әлеуметтік желідегі парақшасында өз құттықтауын жолдаған болатын.

«Бүгін – Халықаралық волонтер күні. Біз өзгеге қол ұшын беретін жандарды әрдайым құрметтейміз. Еріктілер мейірімділік пен сүйіспеншіліктің, тілектестік пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келеді. «Адал азамат» тұжырымдамасының тірегі – осы мызғымас құндылықтар. Қоғамға пайдалы іс-шараларға атсалысатын, қайырымдылық жобаларын жүзеге асыратын және мұқтаж адамдарға қамқорлық танытатын барша азаматтарға алғыс айтамын. Сіздердің жасампаздыққа толы қызметтеріңіз – шынайы отаншылдықтың көрінісі. Мемлекет волонтер­лерге қолдау көрсете береді», - деген тілегін білдірді Пре­зидент Қ.Тоқаев.

Жалпы елімізде 2016 жылы волонтерлік қызметтің құқықтық негіздерін, мақсаттары мен міндеттерін, қағидаттарын, нысандары мен түрлерін, сондай-ақ оны қолдау шараларын белгілейтін 19 баптан тұратын «Волонтерлік қызмет туралы» Заң қабылданған еді. Аталған Заңда көрсетілгендей, еріктілердің қызметі жеке тұлғаларға, кәсіпорын - компанияларға, әлеуметтік топтарға көмек көрсету, қоршаған ортаны қорғау, азаматтық пози­цияны қалыптастыру, өзін-өзі ұйымдастыру, әлеуметтік жауапкершілік, өзара көмек көрсету және қоғамда қайырымдылық жасау болып табылады.

Елімізде 2020 жылы жарияланған Еріктілер жылы пандемиямен тұспа-тұс келіп, еріктілердің санымен қатар, олардың атқарар жұмысы да арта түсті. Олар сол бүкіләлемді әбігерге салған індеттің өршіп тұрған кезінде жас-кәрі демей, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, қоғамдық іске бір кісідей жұмыла білді. Бойларындағы мейірімділік пен ізгілік жақсы іске жетелеп, ең алдымен өзгенің қам-қарекетін көбірек ойлауға талпындырады. Сол уақытта бетперде тігіп беріп, оны таратып, дертке душар болған жандарға көмектесу мақсатында оттегі ап­паратын алуға көпшілікті жұмылдыра білген ауданның еріктілері туралы газет бетіне жариялап отырғанымыз естеріңізде болар.

Пандемия аяқталса да, әлі де қоғамға пайдамды тигізсем деген ниетпен еріктілік қызметінен қол үзбей, жалғастырып келе жатқан жандар аз емес. Олар ізгі істерімен ерікті болудың нағыз үлгісін көрсетіп келеді. Атқарып жатқан ауқымды жұмыстарына қарап отырып, ерікті болу үшін міндетті түрде бай-жомарт болуы қажет еместігін, бұл қызмет адамдардың ұлтына, дініне, жасына қарамайтынын, тіпті оның аумағы, шегі жоқ екенін көруге болады.

БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

Ағымдағы жылы қазан айында Сарайшық ауылдық округінен жаңа балалар ойын алаңы салтанатты түрде ашылды. Құны 10 миллион теңгені құрайтын алаң «Атыра­уинжстрой» ЖШС-і бас демеушілігімен «Қырандар» деп аталатын еріктілер тобының бастамасымен тамыз айында басталған еді. Құрылысы толықтай аяқталып, пайдалануға берілген жап-жаңа ойын алаңына ауыл халқы дән риза. Осы іске мұрындық болған ерікті жандармен тілдескен едік.

- Үстіміздегі жылдың сәуір айында жан-жақтан жиналған әр түрлі сала мамандары алға қойған мақсатыңа жетуге бағыттайтын арнайы тренингте басқостық. Төрт айға созылған тренинг соңында он адам бірігіп, қоғамға пай­далы жобаны қолға аламыз деп шештік. Бізді қызықтырған балаларға арналған ойын алаңдарын салу жобасы болды. Қазір қала орталықтарындағы балалардың асыр салып ой­найтын ойын алаңдарын ауылдағы балаларға да неге салып бермеске деп ойладық. Сөйтіп, ауыл әкімімен сөйлесіп, құжаттарын дайындап, демеушілер іздеп, өз қалтамыздан да қосып, ойын алаңы құрылысын бастап кеттік. Бас демеуші «Атырауинжстрой» ЖШС-і мен «Диас» жарнама агенттіктерінің қолдауын ерекше атап өткім келеді. «Көз қорқақ, қол батыр» дегендей, санаулы уақыт ішінде қолға алып, аяқтағанымызға қуаныштымыз. Сарайшық киелі орындардың бірі болғандықтан, осы ауылды таңдадық. Бұл бастама келесі жылы да жалғасын табатын болады. То­бымызда он адам болса, оның ішінде қоғам белсенділері, кәсіпкерлер, көпбалалы әкелер де бар. Ең жасы 27-де, ең үлкені 43 жаста. Әрқайсымыздың өз жұмысымыз, кәсібіміз бар. Қоғамға пайдалы болсақ деген ниетіміз бізді бір арнаға тоғыстырды. Халқымыз «жақсы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтпаған. Біз жақсы істі көбірек насихаттап, оның ұлағатын өнеге етуіміз керек. Тек қана өзім үшін деп емес, өзгелерге де пайда келтіру жағын ойластырған жөн. Ең үлкен жетістік – өзгелерге қол ұшын беріп, қоғамға пайдалы болу, - дейді «Қырандар» еріктілер ұйымының жетекшісі Альберт Нұғыманов.

ҚАЙЫРЫМДЫ ІСКЕ ЖҰМЫЛҒАН ЖАСТАР

Елімізде осындай еріктілердің түрлі жобаларды қолға алып, қоғам игілігі үшін қызмет етіп, мұқтаж жандарға өз еріктерімен көмектесуі жақсы үрдіске айналған. Әсіресе, жастардың бастамасымен қайырымдылық бағытында түрлі шаралар ұйымдастыру қолға алынуда. Бүгінде елімізде 240 мың ерікті болса, облыста 60-тан астам еріктілер ұйымы жұмыс жасайды. Соның ішінде, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттері арасында еріктілер саны жыл сайын артып келеді.

- Университетімізде еріктілер қызметі 2019 жылдан ба­стап жаңа деңгейге көтеріліп, «ASUumit» қайырымдылық клубы іске қосылған болатын. Олар облыстағы мұқтаж жандарға қайырымдылық шараларын ұйымдастырып қолғабыс етті. Әлемге тараған ковид індеті асқынған тұста да еріктілер барлық қиындықтарды бағындырып, дертпен күресуде күш-жігерлерін танытты. Қазіргі таңда еріктілер саны 1500-ға жуықтап қалғанын мақтанышпен айтамыз. Олардың қатарында алған білімін замандастарына бөлісіп, арнайы тіл курстарын тегін ұйымдастырып жүргендері де бар. Солардың бірі – волонтер Диас Исмагуловты ерекше атап өтер едім. Көптілді білім беру факультетінің екі ше­тел тілі мамандығында оқитын 2 курс студенті, биыл «IDEP ағылшын тілі клубын» ашып, 55 студентті ағылылшын тілінде еркін сөйлеуге оқытып жүр.

Халқымыздың бойындағы даналық пен дегдарлық, қайырымдылық пен қамқорлық қасиеттерінің жа­стардан жалғасын табуы - зор мақтаныш. Әрқашанда еңбегін бұлдамайтын, ерік-жігерін елдің жүгін көтеруге жұмыла жұмсаған азаматтарға сәттілік тілеймін, - дейді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарама төрағасы-ректор Саламат Идрисов.

Еріктілердің қызметіне еріккеннің ісі деп қарамай, ерлікке теңеуміз өте орынды. Расында, олар қоғам үшін ерікті түрде ауқымды әрі маңызды жұмыстар атқарып, өз үлестерін қосып отыр әрі ізгі істерімен көпшілікке үлгі болуда.

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521