Ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы шотын кімдер аша алады?

Қазақстанның кез келген азаматы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына ерікті зейнетақы жарналарын аудара алады.

Ерікті зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі, оларды төлеу, сондай-ақ, зейнетақы төлемдерін жасау тәртібі шарт тараптарының өзара келісімі бойынша белгіленеді. Бұл ретте жарналардың мөлшерінен гөрі, олардың тұрақты аударылғандығы маңызды. Ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтар болашақта Қордан қомақты мөлшерде зейнетақы төлемдерін алуға септігін тигізеді.

Жеке тұлға бұл жарналарды өз табысы есебінен төлейді және өз атына немесе үшінші бір тұлғаның атына аудара алады. Бұл ретте заңды тұлғалар да жеке тұлғалардың, яғни өз жұмыскерлерінің атына ерікті зейнетақы жарналарын аударуға құқылы. Мұны көп жағдайда өздерінің қол астындағы мамандарын еңбекке ынталандыру мақсатында жасайды. Кәмелетке толмаған тұлғалар да ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасаса алады. Бұл ретте шартта кәмелетке толмаған тұлғаның атынан оның заңды өкілі қол қояды. Салымшы ерікті зейнетақы жарналары есебінен шот ашу үшін Қорға өзі келген жағдайда жеке басын куәландыратын құжат тапсырады.

Егер шарт үшінші тұлғаның пайдасына жасалатын болса алушы да Қорға келуі тиіс. Бұл ретте салымшының (алушының) заңды өкілі немесе оның орнына нотариат куәландырған сенімхат негізінде сенім білдірілген тұлға өтініш бере алады. Өз пайдасына ерiктi зейнетақы жарналарын аудару үшін салымшы (алушы) жеке басын куәландыратын құжат (түпнұсқа) тапсырса, үшінші адамның пайдасына шарт жасау үшін алушы да жеке басты куәландыратын құжат (түпнұсқа және көшірме) тапсырады. Заңды тұлғалар үшінші адамның пайдасына шарт жасасу үшін тиісті құжаттар топтамасын ұсынады.

Қажетті құжаттар тізімі Қордың enpf.kz сайтында көрсетілген. 2018 жылдың шілдесінде Қор сайтының Жеке кабинеті және «Электрондық қызмет көрсету» бөлімінде жаңа қызмет іске қосылды. Ол – «Ерікті зейнетақы жарналары есебінен (өз пайдасына) зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасу қызметі» деп аталады. Оны пайдалану үшін электрондық цифрлық қолтаңбаның өзекті кілті қажет. Сол арқылы тіркеліп, тиісті нысандарға қажетті деректер енгізіледі. Кейін осы электрондық цифрлық қолтаңбаның кілтімен қол қойылады. Бүкіл операция бірнеше минут уақытты ғана алады. Ерікті жарналар бойынша шотты сайт арқылы ашу – уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Бір айта кететін жайт, салымшылар Қор сайты арқылы шотты әзірге өз пайдасына ғана ашуға құқылы.

Р.Қадыржанов, аудандық БЖЗҚ басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521