Еңбек ұжымымен кездесті

«Ауыл» партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидат Қайрат Айтуғанов, Серік Егізбаев, Дәурен Рахымбек, Қантай Әлібек, Жандос Тұрсынғалиев Шығыс Қазақстан облысында орналасқан «Май» АҚ еңбек ұжымымен кездесті. Жиынға Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатына партия атынан ұсынылған кандидаттар да қатысты.

«Май» кәсіпорны – еліміздегі ең алғашқы, Орталық Азия аумағындағы күнбағыс майын өндіретін ірі зауыттардың бірі. Зауыт соңғы жылдары жабдықтарына терең жаңғырту жүргізді. Нәтижесінде, зауыт тұтынушыға Премиум маркалы тазартылған, иіссіздендіріліп мұздатылған күнбағыс майын ұсынуға қол жеткізді. Зауыттың жұмыс үдерісі толығымен автоматтандырылған, күнбағыс тұқымдары қол еңбегінің араласуынсыз күнбағыс майына айналады.

Зауытта ең заманауи жабдықтар – швейцариялық «Buhler» компаниясының тұқымдарды автоматты тазалау және дайындау желісі, соңғы өнімнің ерекше сапасын қамтамасыз ететін бельгиялық «De Smett Ballestra» компаниясының жоғары технологиялық тазалау желісі, пластикалық ыдыс өндіру және осы индустриядағы әлемдік көшбасшы италиялық «Sipa» компаниясының құю желісі орнатылған. Өндірістің жаңа технологиялары мен заманауи жабдықтардың арқасында зауыт шығаратын күнбағыс майы адам ағзасына қажетті пайдалы заттар мен дәрумендерді барынша толық сақтайды.

– Біз Мәжілісте аграршылар мен отандық азық-түлік өндірушілерін сөзсіз мемлекеттік қолдауға берік кепілдіктер беретін «Азық-түлік қауіп­сіздігі туралы» Конституциялық заң қабылдаймыз. Отандық бизнесті импорт қысымынан қорғау үшін жаңа кедендік-тарифтік саясатты қолданысқа енгіземіз. Квазимемлекеттік сектор арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу және кепілдендірілген сатып алу жүйесін құруға қол жеткіземіз, – деді кездесуде «Ауыл» партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидат Қайрат Айтуғанов.

Күнбағыс майын өндіру толық автомат­тандырылғанын өз көзімен көрген партия мүшелері зауыт тынысын жоғары бағалап, ұжымның алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Кездесу соңында кандидаттар зауыт жұмысшыларына «Ауыл» партиясы сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын түсіндірді.

"Егемен Қазақстан"

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521