Атырау облысы аумағында 14 желтоқсанда ауа райының күрт бұзылуы себебінен кей учаскелерде электр энергиясын беру уақытша тоқтады. Қазіргі уақытта апаттың 85 пайызы толықтай қалыпқа келтірілді.
Бұл туралы «Атырау Жарық» ЖШС басшысы Мейірбек Губашев мәлімдеді.
— Облыс көлемінде апатты жағдайларды жою мақсатында 40 арнайы бригада күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Магистральдық және жеке тұрғын үйлерге тартылған желілерді қалпына келтіру жұмыстары параллель түрде жүргізілуде. Электрмен жабдықтау жүйесін кешке дейін толық қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз,- деді М. Губашев.
Бүгінде «Атырау Жарық» мекемесі күшейтілген режимде қызметін жалғастыруда. Электр энергиясына қатысты өтінімдер мен хабарламалар 109 бірыңғай байланыс орталығы арқылы қабылданады.



