Желтоқсан айы үшін келген түбіртектерде электр энергиясының бағасы айтарлықтай өскенін байқаған халық бұл өзгерістерге наразылық білдіріп, «Атырау-Жарық» мекемесіне ағылғаны әлеуметтік желіде жарияланды. «Электр энергиясының тарифі 60 пайызға көтерілді» деген танымал блогердің жазбасы желдей есіп, тұрғындар әбігерге салынып кетті. Бір сөзбен, халық электр энергиясының тарифі едәуір қымбаттап кеткеніне алаңдаулы. Мәселенің мәнісі мен бекітілген тарифтер жөнінде сала мамандарынан сұрап көрдік.
ТӨЛЕМНІҢ ӨСУ СЕБЕПТЕРІ
Атырау энергокешенінің мәліметіне сүйенсек, 2024 жылдың 1 желтоқсанынан бастап, Атырау облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментінің шешімімен электр энергиясының жаңа тарифтері енгізілген. Яғни бұрын тұтынушы тұрғындар үшін тариф кВт/сағатына қосымша құн салығынсыз 10,56 теңге болса, енді ол 16 теңгеге жетіп, 52 пайызға өскен. Энергокешеннің мәліметіне сүйенсек, тарифтердің қымбаттауының бірнеше негізгі себебі бар.
Бірыңғай сатып алушының бекітілген болжамды жылдық бағасының 2024 жылғы 1 наурыздан бастап 12,70 теңгеден 13,50 теңгеге дейін артуы – алғашқы себеп. Бұл электр энергиясының кепілді жеткізушілерін нысаналы қолдау ретінде енгізілді. Сонымен қатар, «Интер РАО» ПАО-ның тарифтері 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 5,82-ден 6,3 ресейлік рубльге дейін өсті.
Екіншіден, электр қуатының дайындық қызметі үшін бекітілген бағаның 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 690 007 теңгеден 1195,963 теңгеге дейін (73%-ға) ұлғаюы. Ақшалай түрде бұл 1 МВт үшін 505 956 теңге өсімді құрайды. Үшіншіден, «КЕGОС» АҚ тарифтерінің: ұлттық электр желісін пайдалануға арналған қызметтерге – 3%-ға, техникалық диспетчерлеуге – 3,5%-ға, өндіру/тұтыну теңгеріміне – 6,7%-ға өсуі. Соңғысы – «Атырау Жарық» АҚ-ның өңірлік желілер арқылы электр энергиясын жеткізу қызметі үшін бекітілген бағаның 2024 жылғы шілдеден бастап 6,55 теңгеден 9,96 теңгеге дейін өсуі.
ТАРИФАУЫСТЫРЫП, ҚАРЖЫҢЫЗДЫҮНЕМДЕҢІЗ
Жеке тұлғалар электр энергиясы тарифтерінің екі түрін таңдай алады. Олар «орташа босату» және «сараланған» тарифтер. Мысалы, Атырау облысында «Орташа босату» тарифінің бағасы – 1 кВт/сағ үшін 17,92 теңге. Егер сіз 1 айда 300 кВт электр энергиясын қолдансаңыз, онда 5376 теңге төлейсіз. Тарифтің бұл түрі аз адаммен үлкен үйде тұратындар үшін тиімді.
Ал «сараланған тариф» ең төменгі, орташа және ең жоғары деп 3 деңгейге бөлінеді. Әр деңгейдің белгіленген бағасы мен шектеуі бар. Мысалы, бірінші деңгей 90 кВт сағатқа дейін. Оның бағасы – 16,98 теңге. Екінші деңгей тоқсаннан 190 кВт сағатқа дейін. Ол – 21,50 теңге. Егер 190 кВт сағаттан жоғары болса, ол үшінші деңгейге өтіп, 26,88 теңгемен есептеледі. Бұл тариф электр энергиясын қолданатын көлеміне байланысты және тіркелген адам санына байланысты үнемдей алады. Егер, абоненттің артында бірнеше адам тіркелген болса, онда оған сараланған тарифпен төлеу үнем болады.
– Абонент отбасы мүшелері туралы анықтаманы Халыққа қызмет көрсету орталығынан алып, бізге тапсырады. Мысалы, жалғызбасты кісілер немесе үйінде 2-3 адам тұратын отбасылар электр энергиясын көп тұтынып, белгіленген лимит 110 кВт-тан асып кеткен жағдайда да, «сараланған тарифпен» есептеліп кетуі мүмкін. Сондай жағдайда «орташа босату» тарифіне өту туралы «АтырауЭнергосату» мекемесіне арыз жазуына болады. Кейін біз оны базаға салып, алдағы уақытта «орташа босату» тарифімен есептейтін боламыз. Тұрғылықты мекенжайда 10 адам тұрып, олар 1100 кВт-дан аспайтын, шамамен 500-600 кВт электр энергиясын тұтынатын болса, «орташа босату» тарифінің қажеттілігі жоқ. Абонент ең төменгі тарифімен төлей береді. ХКО-дан анықтамалық алып келген жағдайда да, ол абонент «орташа босату» тарифіне салынбайды,- дейді аудандық Сбыт участогының басшысы Жанат Лұқпанова.
Заң бойынша отбасындағы әр адам айына 110 кВт сағат электр қуатын тұтынуға құқылы. Мысалы, үйде тек бір адам тіркелген. Ол айына 200 кВт қолданды делік. Онда ол өзіне тиесілі 110 кВт сағатты ғана ең төменгі деңгеймен төлейді де, қалған 80 кВт екінші және 10 кВт үшінші деңгеймен есептеледі. Қымбат шығатыны да содан. Ал егер пәтерде 3 адам болса, абоноентке айына 300 кВт-ға дейн лимит алуына болады. Мысалы, ол 400 кВт қолданса, 330 кВт-ты төменгі тарифпен төлейді де, қалғаны екінщі деңгеймен есептеледі.
Қ.АЙТҚАЛИҰЛЫ