Елдестірмек-елшіден

Ақжайық ауылдық мәдениет үйінде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған сот жүйесін жетілдіру жөніндегі тапсырмасын орындау, соттардағы цифрлық технологияның мүмкіндіктерін таныстыру, сондай-ақ, «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы негізінде дауларды соттан тыс шешу тәсілдерін жетілдіріп, түрлі тұрмыстық, отбасылық кикілжіңдердің алдын алу мақсатында тұрғындар жиыны болып өтті.

Тақырыпқа байланысты сөз алған аудандық сот судьясы А.Ерғазиева дауды шешудің балама жолы-сотқа дейінгі екі тарапты татуластыру тәртібі туралы тарқатып айтты. Болмашы нәрседен туындаған дауды сотқа жеткізбей оңтайлы шешуде бітімгершілік жасайтын медиацияның маңыздылығына тоқталды.

-Медиация уақытты үнемдейді,-деді сөзін одан әрі сабақтаған судья Алмагүл Өтешқызы,

-сәл нәрсеге бола ашу-араздыққа барып, жалған намыстың жетегінде бір-біріне иілмей жүрген тараптардың медиация арқылы татуласуына біз де мүдделіміз. Өйткені, сотқа түскен істер бойынша түрлі дәлелдемелер, құжаттар жинақталып, оған біраз уақыт кетеді. Медиация арқылы екі тарап татуласып жатса, төленген мемлекеттік алым талапкерге кері қайтарылады. Сөзінің соңында Махамбет аудандық сотында татуласу орталығы, билер кеңесі ашылғанынан хабардар етіп, мектеп, колледж сияқты үлкен ұжымдарда медиация кабинетін ашуға болатынын түсіндіріп, ол үшін ұсыныс беру қажеттігін қаперледі.

Келесі кезекте сөз алған медиатор М.Есжанов өзі төрелік еткен істер туралы мысалдар келтіріп, «жылқы кісінескенше, адам түсініскенше» дегендей, қазақтың құнарлы тілімен жеріне жеткізе айта білсе-шешілмейтін дау жоқ деді. Көк тайғақ жолда бағдаршамға тоқтап тұрған екі көлік қозғалғанда тайып барып, алдыңғы көлікті болар-болмас жанап өткен. Соған бола сотқа жүгініп, бәленбай мың өтемақы талап еткен. Дауға медиатор араласып, жүргізуші әдейі соқпағанын алға тартып, түсіндіріп, сол бойда көлік жөндеу стансасына хабарласып, азын-аулақ қаржыға жөндетіп, екі тарапты татуластырған.

Аудандық соттың бас маманы Ә.Қосымбаева 2019 жылы неке бұзу туралы 61 азаматтық іс қаралып, 38 жұп сот шешімімен ажырасқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, соттың қолжетімділігі, жаңа технологиялардың тиімділігі туралы түсіндіріп берді. Мәселен, виртуалды сот жобасы бойынша ауысымдық қызметте немесе іссапарда жүрген адамдар бейне конференция арқылы өзінің ұялы байланыс телефонының көмегімен сот отырысына сырттай қатысуларына, жауап берулеріне мүмкіндіктері бар.

-Медиация арқылы тараптарды татуластыру - ата-бабамыздан қалған мұра деп білемін. Өйткені «бас жарылса-бөрік ішінде, қол сынса-жең ішінде» деген қағиданы ұстанған ауылдың дуалы ауыз ақсақалдары ауылдас ағайындар арасындағы дау-дамайды сыртқа шығармай, ың-шыңсыз өздері шешіп, тентек пен телісіне тыйым салып отырған,-деді мәселеге байланысты пікір білдірген Ақжайық ауылдық округінің әкімі С.Жұмағалиев.

Ал, қазір осы ұлттық құндылықтарымыз жоғалып бара жатқан тәрізді. Бұрындары есіктері кілттеніп көрмеген көршілердің шүйіркелесіп, шәй ішулері былай тұрсын, араласы азайып барады. Бұл нарықтық қатынастар үстемдік құрған заманда рухани жан дүниеміздің жұтаңдана бастағанының көрінісі деп білемін. Кездесу жиыны аяқталғаннан кейін Махамбет аудандық сотының судьясы А.Ерғазиева түрлі сауалдары бойынша азаматтарды жеке қабылдады.

Н.Ерғалиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT