Елде коммуналдық сектордағы қалдықтардың 25 пайызы ғана қайта өңделеді

АСТАНА. KAZINFORM – Коммуналдық секторда жыл сайын 4,5 млн тонна қалдық түзіледі. Бұл туралы Үкімет отырысы ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев мәлім етті.

    - Экономиканың өсуі, құрылыс көлемінің артуы және тұтынудың өзгеруі барлық санаттағы қалдықтардың көбеюіне алып келді. Негізгі үлес өнеркәсіптік қалдықтарға тиесілі, жыл сайын жүздеген миллион тонна техногендік минералдар жиналады. Кәсіпорындарда қалдықтарды қайта өңдеуге ынталандыратын немесе міндеттейтін механизмдер жоқ, сол себепті қалдықтар жылдар бойы жиналып, экологиялық қауіп тудырып жатыр.

    Коммуналдық секторда жыл сайын шамамен 4,5 млн тонна қалдық түзіледі, алайда оның тек 25–26 проценті ғана қайта өңделеді. Қалдықтың басым бөлігі экологиялық және санитарлық талаптарға сай келмейтін полигондарға жіберіледі, - деді Ж. Әлиев.

Оның айтуынша, тағам қалдықтары әр аймаққа байланысты тұрмыстық қалдық массасының 30-40 пайызын құрайды, бірақ оларды өңдеуге арналған инфрақұрылым іс жүзінде жоқ.

    - Құрылыс қалдықтары заң бойынша көмуге болмайтынына қарамастан, әлі де полигондарға түсіп жатыр немесе стихиялық қоқыс санын көбейтіп жатыр. Осылайша, қалдықтарды басқару саласы өзара байланысты экологиялық, экономикалық және институционалдық сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр, - деді вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елімізде 178 млрд теңгеге жуық қайта өңделетін қалдықтар полигонда көміліп жатыр.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT