Қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру бүгінде мемлекет саясатының маңызды бағытына айналды. Осы тұрғыда Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысы қоғамның кең қолдауына ие болып, ел азаматтарын табиғатты аялауға үндеп келеді. Бұл бастама туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырып қана қоймай, елдік сананы нығайтуға да үлкен серпін беруде.
Үкіметтің кезекті отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов осы бастаманы іске асыру барысына тоқталып, оның мән-маңызына ерекше назар аударды. Ол өз сөзінде: ««Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті арттыруға және табиғатқа, туған жерімізге деген жанашырлық сезімді қалыптастыруға бағытталған. Президент бастамасы бүгінде үлкен қоғамдық қозғалысқа және мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне айналды», – деді.
Премьер-министрдің айтуынша, еліміздің экологиялық мәселелерін шешу ісіне қазақстандықтар белсенді түрде атсалысып келеді. Әсіресе, білім ошақтарында экологиялық тәрбие беру жүйелі жолға қойылған. «Адал азамат» бірыңғай бағдарламасы аясында оқушыларға табиғатты қорғаудың маңыздылығы түсіндіріліп, экологиялық мәдениетке баулу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл іске ата-аналар мен ұстаздар да белсене қатысуда.
«Тазалық – тазартылған жерде емес, қоқыс тасталмаған жерде. Бәріміз осы бір қарапайым қағиданы жадымызда ұстауымыз керек. Әлемнің дамыған елдерінде бұл қалыпты өмір салтына айналған. Біз де табиғаттың бір бөлшегіміз, сондықтан оны көздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Өскелең ұрпақтың бойында осы қасиетті оятуға тиіспіз», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
«Таза Қазақстан» бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асып, мыңдаған азаматтың ортақ ісіне айналды. Бұл бастама қоғамның экологиялық санасын жаңғыртып қана қоймай, ұлттың болашағына деген жауапкершілікті де күшейтуде.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Сурет: Ашық дереккөз