2022 жыл табалдырықтан аттай сала елімізде үлкен дүрбелең орын алды.
Бұл кім-кімнің де қабырғасын қайыстырып, егемендіктің қадірін ұқтырды. Біздер Жаңа жылды қарсы алып, үш күннен соң 18 спортшыны алып, Атырау-Алматы бағытына қарай жолға шықтық. Сапарымыздың мақсаты - оқу-жаттығу жиыны. Сол түні Жаңаөзен, Ақтау қалаларында газ бағасының 50 теңге болуын талап еткен халықтың көтеріліп жатқанын естідік.
4 қаңтар. Пойызда байланыс жоқтың қасы, түске дейін Атырауда халықтың көтерілісі болып жатқанын естідік. Түнде Қазалы станциясынан өтіп кеттік, бізден кейінгі поездарды тоқтатқан. Біздер жүріп барамыз, байланыс жоқ. Түркістан,Тараз Шымкенттен өтіп кеттік. Телефонға ата-аналарымнан қоңырау түсе бастады. "Алматыға жетпей түсіп қалыңдар, ол жаққа жоламаңдар" деген. Сөйтсек, Алматыда көтеріліс басталып кеткен. Желілерге кіруге мүмкіндік жоқ, кімге сенерімізді білмей уайымдап келдік. Алматылықтармен хабарлассақ, біреуі тыныш десе, біреуі қатты көтеріліс болып жатқанын айтты.
Түн. Алматы облысына пойыз кіріп келеді. Балаларға ұйықтамауды сұрадым, бірақ баланың аты бала көздері ілініп көбі ұйқыға кетті. Жолдасым Нұрболат және жаттықтырушы Қуаныш үшеуміз қандай әрекет жасарымызды білмедік, бірақ қалайда балалардың амандығы үшін амал жасауымыз керегін түсініп, келесі станциялардан түсіп қалуды ойластырдық. Сонын арасында шәкіртім Мединаның әкесі хабарласып, Шамалған немесе Отардан түсіп, балаларды өзінің Қаскеленде тұратын досының ата-анасының үйіне орналастыратынын айтты. Бас жаттықтырушымыз да Алматы қаласында күтіп жүрген болатын.
Бәрі қарбаласып кетті. Таңғы сағат 4-5 шамасында Отар станциясынан түстік, күн суық, жер тайғақ, балалар ұйқылы ояу. Вокзалына кіріп, көлігімізді күттік. Вокзал ішіндегі диспетчер, күзетшілер Алматыда қатты қырғын болып жатқандығын айтты. Интернет, байланыс болмағасын біздер осылай әр жерден жағдайды біліп отырдық. Сол ауылдан жалдайтын көлік тауып, Қаскелеңге дейін 150 км жүріп қараңғы, қалың тұманда аман есен жеттік. Бар ойымыз әрі қарай Алматы әуежайына жету болды. Алайда ұшақтар ұшпайды, әуежай жұмысы тоқтатылыпты.
Алысты-жақыннан хабар ала алмай, туған-туыстың амандығын біле алмай қалдық. Көзімізді теледидардағы жаңалықтан үзбей, тілегіміз "бейбітшілік" болды. Мен сол күндерде "еліміз аман, жұртымыз тыныш" болсын деген сөздің қаншалықтты қасиетті екенін ұқтым. Қаскелеңдегі үйде екі күн қонып, 8 қаңтарда Алматыға жолға шықтық. Осындай кезде қолдау білдіріп, жылы шыраймен қарсы алған Сәуле апаға ризамыз.
Алматыға кіріп келеміз, көзімізбен көріп, таң қалдық. Расыменде Райымбек көшесінің бойы адам танымастай күйде, бәрі өртеніп кеткен. Айналада, постта спец әскерлер тексеріп. Шынымда айтсам қорқынышты түс сияқты. Өзім үшін емес маған аманаттап жіберген 18 шәкіртім үшін қатты уайымдадым. Атырауға кері қайту уақыты 14 қаңтар еді. Оған дейін кететін әуежай да, теміржол вокзалы жұмыс істемеді. Пойыздар 10 қаңтардан бастап жүре бастады, бірақ билет болмады. Сөйтіп қаланың жоғары көшелерінің бірінен пәтерге орналасып, сол пәтерден шықпадық. Балалардың көңілін аулап, барынша уайымға салынбауға тырыстық.
12 қаңтарда қаладағы ахуал қалыпқа келе бастады, ойын-сауық орталықтары белгілі бір уақыт аралығына жұмыс жасады. Осы уақыттарда балаларды қыдыртып, екі күннен соң Атырауға жолға шықтық.
"Жақысының жақсылығын айт" демекші, осы қиын сәтте қасымызда болмаса да мәселемізді реттеуде бағыт-бағдар берген Еркебұлан Кенжеғалиев ағамызға мың алғыс. Және де Қаскелеңдегі үйдегі барша жанға ризашылығымды білдіремін. Біздерді құшақ жая қарсы алып, тамақтарымызды уақытымен беріп, өз балаларындай көрген осы кісілерге жалғыз 18 шәкіртімнің ғана емес, өзімнің де, ата-аналарымның да атынан алғыс айтамыз.
Қаңтар оқиғасы біз үшін ұмытылмас оқиғалардың бірі болды, шәкірттерім бір-бірімен тығыз байланыста болып, бір-біріне қолдау көрсетіп, бір үйдің баласындай болды. Осындай жағдайда тілеуімізді тілеп, сабырлық танытып, сенім білдірген ата-аналарыма да рахмет. Еліміз тыныш болсын.
Айгерім АЙШУАҚОВА, каратэ-до кекушинкайдан жаттықтырушы