25 қазан – Республика күні. Бұл – егемен елдің ең ұлық мерекесі. Бұл – Қазақ елі үшін, Ұлы дала халқы үшін еркіндіктің бастауы, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған азаттық пен тәуелсіздіктің ақ таңы!
Түрлі себептермен Қазақстандағы мемлекеттік мерекелердің тізімінен алынып тасталған Республика күнімен он үш жылдан кейін қайта қауыштық. Сөйтіп, бұл күн еліміздің тарихындағы аса маңызды датаға айналды. Міне, осылайша биыл екінші рет оны тойлағалы отырмыз. Мұның өзі Президент пен Үкіметтің саясатының өңірлерде жүзеге асырылуына ұйытқы болып жүрген барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілерге де мерекелік көңіл- күй, алдағы күндерге үлкен үміт сыйлаумен қатар зор міндет жүктейтіні де кәміл. Өйткені, ел егемендігінің ғұмырлы, тәуелсіздігінің тұғырлы болуы бұқара мен биліктің арасындағы байланыстың беріктігіне, халықтың өмір сүру деңгейінің жоғарылап, әлеумет әлеуетінің артуына тікелей тәуелді екені даусыз. Мұндай жағдайды қамтамасыз етіп, қоғамда оң ахуалды қалыптастыру – сөз жоқ, мемлекеттік қызметшілердің ұйымдастырушылық, іскерлік қарым-қабілетіне, біліктілігіне байланысты.
Осы тұрғыдан келгенде, Махамбет ауданындағы мемлекеттік қызмет корпусының өкілдері де өздеріне сеніп тапсырылған міндетті жұмыстарын адал атқарып, мүлтіксіз орындауды мақсат тұтқан. Әсіресе, қоғамды іштен ірітіп, іріткі салатын, мемлекеттік қызметшіні елдің алдындағы беделінен айыратын сыбайлас жемқорлықтан аулақ жүріп, ешкімнің де ала жібін аттамай, антына адал, халқына қамқор, шын мағынасында оның қызметшісі болуды борышы санайды. Еліміздегі мемлекеттік қызмет туралы заңнамалар мен құқықтық-нормативтік актілерде атап көрсетілген қағидаттардың тиісті деңгейінде орындалуын басты назарда ұстап, Әдеп кодексін сақтауға жұмыстанады.
Елімізде жыл сайын 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні – кәсіби мереке күні ретінде атап өтіледі. Бұл да олардың мәртебесін көтеріп, қоғамдағы орнын айқындап, рөлін арттыруға айрықша мүмкіндік беріп, даңғыл жол ашты. Замана көші ілгерілеп, мезгіл алға озған сәтте осы сала өкілдерінің білімін шыңдап, білігін көтеруге де ерекше мән беріліп отыр. Сайып келгенде, осының бәрі елді егемендікке жеткізген мерейлі мереке – Республика күнінің жемісі әрі жеңісі деп бағалаймыз. Мемлекет басшысының халық Жолдауларында басты назарда ұсталынып, басым бағыт берілген «Еститін үкімет» саясатын дамыта отырып, бұқара мен биліктің арасын жақындатып, ынтымақты іс- әрекетін нығайтып, Президент бастамалары мен бағдарламаларының орындалуына, қоғамда тұрақтылық пен татулықтың, баянды бірлік пен берекелі тірліктің салтанат құруына дәнекер болар, бағыт-бағдар берер, ең бастысы, өз мүддесін мемлекет мүддесінен жоғары қоюға ынталы жетекші де негізгі тұлға – мемлекеттік қызметшінің мерейін, үстем етіп, мәртебесін биіктетер ілкімді істер мен өнегелі қадамдардың өрісі кеңейе түсетініне нық сенімдімін.
Нұрғали АРУЕВ,
аудан әкімінің аппарат
басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл