«ЕҢ ҮЛКЕН БАЛЫҒЫМ – 14 КЕЛІ»

 Еуропа мен Азияны бөліп жатқан Жайық өзенінің жағасы жаз күндері жайнап кетеді. Күні ұзақ тамыз- қыркүйек айларында жұмыстан шаршап келген адамдар күн ұясына еңкейген шақта қармақтарын қамдап, өзен бойындағы ерке самал­мен тыныстап дем алады. Бұл адамға төзімділік береді және табиғатпен бірігудің қуанышын сезінуге мүмкіндік береді.

 КӨРШІДЕН ҮЙРЕНГЕН КӘСІП

Е р т е д е н б а с т а с а қ , м а л шаруашылығымен айналысып, көшіп-қонған қазақ халқы ертеде балық аулауды арнайы кәсіпке айналдырмағанымен, үлкен дария мен теңіз, көл жағасындағылар қарапайым тәсілдермен балық аулағандығы туралы бізге жет­кен деректерде айтылады. Олар қарапайым құрал түрлерімен шанышқымен, қармақ салу, найза­мен түйреу, ілме салу, тоспа, сүзу сияқты тәсілдермен аулаған. Балық аулауға сере, шанышқы, тартпа (шаппа) сияқты шаншып аулау құралдарын, қармақты пайдаланған.

Сонымен қатар ұзын таяққа аттың құйрық қылын бекітіп жасаған ілмені суға салып, балық түсуін асықпай күтіп, ілме қозғалғанда оны тартып алып, ұстайтын болған. Қармақтың түрі көп, соған орай құраушы бөлшектері де сан алуан: ине қармақ, әттік, жебе, темелек, жұтпа, шортан қармақ, жалтырауық, топтап салған бір етек қармақ, шаппа қармақ, салма қармақ т.б. Қазақтар орыс қоныстанушыларынан ау құрудың, көл ортасына «ыспа­мен» жетудің жолдарын үйренген. Балықшылық кәсібіне үйренген қазақтар малға айырбастап, қайық сатып ала бастады.

Балық аулауға сәуір мен мау­сым аралығы және қыркүйек пен қазан айының бірінші жартысы ыңғайлы деп есептелген. Балықтың уылдырық шашар кезі су жылып, өзен тасыған маусым-шілде айла­рында болады. Өзендер тасып арна­сынан асқан кезде, жайылма суларға да уылдырық шашады. Бұл кезде балық ауланбайды.

АҒЗАҒА ТАПТЫРМАС ЕМ

Балықтың денсаулыққа пайдасын қайталаудан дәрігерлер ешқашан жалыққан емес. Оның көз, жүрек, мидың жұмысына, жалпы бүкіл ағзаға таптырмас ем екені әлімсақтан белгілі.

- Көптеген адамдардың ең сүйікті тағамдарының бірі – бұл балық. Адамдар өзен, теңіз және мұхит, сондай-ақ, ақ және қызыл, майлы және майлы емес балықтарды, яғни әркім әртүрлі балықтарды жақсы көреді. Адамдар оны кез кел­ген түрінде жей береді. Және ол қайнатылған, қуырылған, буланған немесе көмбештелген, тұздалған, маринадталған, ысталған, тіпті шикі балық болсын, өзінің ерекше дәміне байланысты кез келген адамның көңілінен шығып, тәбетін ашады. Балықтың құрамында A, D, E дәрумендері мен кальций, йод, темір, магний, фосфор, селен, мы­рыш бар. Ол тері, шаш, тырнақ, сүйек пен тістің жағдайын, көру қабілетін жақсартуға, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға және жүрек-қан тамырлар жүйесін нығайтуға ықпал етеді,- дейді аудандық санитариялық- эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы Кәмшат Әжденғалиева.

АРНАЙЫ МЕРЕКЕ ДЕ БЕЛГІЛЕНГЕН

Өзіңнің қолыңызбен ұстаған а л ғ а ш қ ы б а л ы қ е ш қ а ш а н ұмытылмайды. Кейінірек балық аулауға деген ынта-жігер шы­найы құмарлыққа айналуы мүмкін. Расында солай. Каран­тин уақытында бірқатар демалыс орындары жабық болғандықтан Жайық жағалауға тура келді. Ар­найы құралдарды сатып алып, мау­сым айында балық аулауға қойылған шектеу алынғаннан кейін өзенге қармақ салып көрдім. Байқаймын, жанымдағы балықшылар 3-4 тор­манды қағып үлгерген. Спиннингімді лақтырғаным сол еді, көп уақыт өтпестен белгі берілді. Өзіне қарай балық тартып барады. Сазан екенін анық сездім. Содан жағаға топ ете қалды. Алғашқы балығымның са­зан болуы да балық аулауға деген құштарлығымды одан бетер арт­тырды. Қазір де қолым қалт ете қалса, жұмыстан кейін тынығу үшін қармағымды алып, Жайыққа асығамын. Одан кейін қатарынан 5 сазан ұстаған күндер де болды. Бірақ ең алғаш ұстаған балығым өзіме ыстық. «Өз қолыңмен ұстаған бірінші балық ұмытылмайды» деген сөзге келіспеске болмады.

Айта кету керек, жыл сайын 27 маусымда балықшылар күні атап өтіледі. Мерекенің негізін қалаушы 1984 жылы өткен балық аулауды реттеу және дамыту жөніндегі конференцияның қатысушылары болды. Ал 1985 жылдың маусым ай­ында балықшылар алғаш рет ма­рапатталды. Іс-шараның мақсаты – балық кәсібінің беделін арт­тыру. Конференцияға қатысушылар барлық елдердің үкіметтеріне үндеу жолдады, онда олар табиғи ресурстарға қамқорлық жасауға және планетаның биосистема­сын қорғауға шақырды. 27 мау­сым – халықаралық балық аулау күні кәсіпқой балықшылар да, осы кәсіптің әуесқойлары да құрметке ие. Балық инспекциясының қызметкерлері және балық ау­лау кемелерінің бригадалары, мұғалімдер мен су шаруашылығы мекемелерінің студенттері бұл мерекені тойлайды.

«ЕҢ ҮЛКЕН БАЛЫҒЫМ – 14 КЕЛІ»

Бүгінде балық аулау және балық өңдеу салалары ауқымды деңгейге жетті. Олар халық шаруашылығының құрылымында маңызды орын алады. Бүкіл әлемде балық аулау өнеркәсіптік және әуесқойлыққа бөлінеді. Өнеркәсіптік балық аулау балық аулау кемелері, траллерлер, сусындар, крабдар және т.б. арқылы жүзеге асырылады. Бұл заманауи ке­мелер балық аулау құралдарымен, траулермен, арнайы торлармен және торлармен жабдықталған. Әуесқой балық аулау жағалаудан, қайықтардан немесе басқа жүзу құралдарынан балық аулау және ай­налдыру арқылы жүзеге асырылады.

Жас кезінен бастап балық аула­уды өзінің сүйікті ісіне айналдырып үлгергендердің бірі – махамбеттік Сергей Ким. Тіпті YouTube-тан өзінің HunterQZ Kim деп аталатын арнасын ашып, балыққа шыққан кездегі бейнежазбаларын жүктеп отырады. Қазіргі таңда 3000-нан астам тіркелушісі бар арнаға қосылушылар саны артып келеді. Оның айтуынша, соңғы кездері өзендегі балықтардың саны жыл сайын азайып бара жатыр.

- Балық аулауды әкем үйреткен. Ең алғаш рет қаракөз балығын ұстағандағы қуанышты сәтім әлі есімде. Қармағыма түскен ең үлкен балықтың көлемі 14 келі шама­сында болды. Балыққа шығуды жоспарлаған күні қандай ауа райы болмасын шыққан жөн. Бірақ қазіргі кезде бұлтсыз, ашық күні шыққан қолайлы. Қайраңды және терең жер­лерден аулаймыз. YouTube арқылы да, былайғы күндері де қалай және қандай қармаққа балық түсетіндігін барынша түсіндіруге тырысамын. Ал жалпы HunterQZ Kim арнасы ашудағы мақсатым – елімізде қандай балықты қалай аулайтындығын, сондай-ақ табиғатымыздың әдемілігін әлемге жариялау болды. Шыны керек, қазіргі күні балық азайды. Сондықтан 90-100 шақырым жерлерге дейін барып, жағада түнеп, таңмен балық аулаймыз. Әуесқой балықшылар арасындағы өтіп тұратын жарыстарға да қатысып тұрамын,-дейді әуесқой балықшы.

Жалпы, балық аулау кәсібі – адамның тәнімен қоса, жанын да тыныштандыратын іс сана­лады. Психологтардың сөзінше, балық аулауға жаны кұмар жандардың бойына байсалдылық пен сабырлылық серік болады екен. Биыл балық аулау науқаны 15 маусымнан бастап ашылды. Келесі жылдың мамырына дейін бұл маусымның жалғасатынын балықшыларға құлаққағыс ретінде айта өтейік.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT