Махамбет ауданына "Дала дидары" атты көшпелі өнер ұжымы келіп, әдеби-сазды бағдарламасын халыққа ұсынды.
Ол Батыс Қазақстан облыстық Қадір Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы жанынан "Қадыр жолымен..." жобасының аясында құрылған болатын. - Төскейде малы, төсекте басы қосылған Атырау мен Орал халқы құстың қос қанатындай, Ақжайықты тел емген, бір кеудеде бір жүрекке айналған көрші жатқан өлке. "Дала дидары" атты көшпелі өнер ұжымы бүгін Атырау жұртына Қадырдың мол мұрасынан тарта-таралғы, сый-сияпат ән жырлар алып келді.Есімі Абайдан кейін аталатын ұлтымыздың ұлы ақыны Қадыр атындағы орталықтың жанынан ашылған "Дала дидары" өнер ұжымының бүгінгі әдеби-сазды кешіне қош келдіңіздер!-деді Қадір Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының басшысы Бауыржан Ергенұлы. "Дала дидары" Қадыр ақынның шығармашылығын насихаттауға бағытталған әдеби-сазды бағдарламасы махамбеттік көрермендердің көңіліне жол таба білді. Шара соңында аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев өнер ұжымына алғысын білдіріп, ақ жол тілеп, аудан әкімі атынан "Алғыс хат" пен Махамбет бабамыз бейнеленген естелік сыйлық табыс етті.