Намысты таптаған фильм хақында бір ауыз сөз.
Жарнамасы жер-жаһанға жайылған «Борат-2» фильмінің көрсетілімі алдында Австралияның Сидней қаласында басты кейіпкері Боратқа арнап 6 метрлік ескерткіш қойылды. Оған табынуға барған Бораттың образындағы адамдар (адамдар деуге ауыз бармайды) жағалауға туымызды толтыра іліп, ортаға шығып би билеп, қазақтың туын да, намысын да аяққа таптады.Тіпті біз қызығатын Ұлыбританияның астанасы Лонданда да фильмнің жарыққа шығуына орай акция ұйымдастырды. Қазақ елінің туын ілген және Бораттың мүсіні орналасқан баржа Темза өзені арқылы қаланың әсем жерлерімен жүзіп өтті. Бораттың рөліндегі британдық комик Саша Барон Коэн қазақты сонша неге жек көреді? Бұл сонша кім? Биліктің бұл сайқымазақты тоқтатуға шамасы болмағаны ма?
"БОРАТТЫ БОРАТПЕН ҰРАЙЫҚ"
Бірінші фильмнің дау-дамайы толастамай жатып, екінші фильмінің триллерін көрген қазақстандықтар «Халықаралық сотқа берейік, ең құрығанда қолымыздан келетін қандай шара бар, соның бәрін жасайық» деп жанұшырды. Әлеуметтік желіге фильмге қарсылық танытқан фотоларды, еліміздің әдемі жерлері мен көк байрағымызды с а л ы п , # C a n c e l B o r a t 2 # М е н т у ы м д ы с ү й е м і н #WhereBoratLives деген секілді хэштегтер арқылы әлемнің назарын өздеріне аударып, осылайша Қазақ елінің расында қандай екендігін, ал «Борат» фильмінің қиял екендігін көрсеткілері де келді. АҚШ-тағы отандастарымыз да бейбіт митинг ұйымдастырып, Бораттың және Қазақ елінің шын мәнінде қандай екендігін дәлелдеуге тырысып бақты. Бірақ мұндай қолға желбіретіп, қағаз алып шығып, қарсылық танытқаннан және көлікке мініп алып, туымызды құр желбіретіп жүргеннен не қайыр?! Оны фильмнің режиссері көріп, фильмді көрсетуден бас тарта ма?! Жоқ, әрине.
Танымал блогер, журналист Өркен Кенжебек өзінің әлемжелідегі парақшасында «Боратты боратпен ұрайық» деп керемет теңеумен жазба қалдырыпты.
«Біздің елдің үстінен саяси тапсырыс түскен секілді. Әйтпесе Борат Қазақстан демей, Салақстан немесе Талақстан деген образ ел тауып алса да, ештеңе демес едік. «Стан»-ды қолдана бер, сот жоқ. Бірақ, өмірде бар елдің атымен қоймай, мемлекеттік рәміздерін аярлықпен қолдану - басыну. Басқаша ештеңе емес. Атырау облысына сапарымда Индербор деген кентті басып өткенмін. Бұл жер несімен әйгілі еді? Бораты көп. Тым көп. Экс-СССР аумағындағы ең ірі бораттың орны осында әлі. Ал борат деген – тұз. Тас қой. Вот, сол боратпен Боратты ұрсаң, ешкім ештеңе демейтін шығар, ә? Өзін-өзі ұрды дей саламыз»,- депті саяхатшы.
ПАЙДА ҮШІН БӘРІНЕ ДАЙЫН
Біздің елде туды аулаңда желбіретіп жүрсең, болмаса балконға ілсең,құзырлы органдар жапа-тармағай сені қудалап, айыппұлды да мойныңа іледі,сотқа да беріп жіберуі ғажап емес.Бәрін күтуге болады. Бұл жерде тек бір ғана шешім. Осы фильмнің авторларын тауып алып, сотқа беру керек.Басқа мүмкіндік жоқ. Ал еліміздегі белсенділер Мәдениет және спорт министрлігіне «Борат-2» фильмін көрсетуге тыйым салуды талап ету жайлы петиция жолдады. Фильмге қарсылық танытқан тұрғындардан қол жинаған алматылық белсенділер АҚШ консулдығының алдына жиналып, бұл фильмнің нәсілшіл және дөрекі екендіктерін мәлімдей отыра,петициясын таныстырды. Қазақ елінің туы мен намысы аяққа тапталып жатқанына шыдамағандар Қазақстан Республикасының Сыртқы Істер министрлігіне өтініш жазып,шара қабылдауды талап еткен еді. Көп ұзамай министрлік мынадай мәтінде түсінік берді:
- «Борат-2» фильмі – коммерциялық жоба. Фильм авторлары ҚР билігінің ресми наразылығын арандатып, өз фильміне жақсы жарнама жасамақ. Арандатушылық мақсатта Қазақстан халқы да, оның мемлекеттік рәміздері де мазаққа салынуда. Наразылық нота жолдау мағынасыз, өйткені оның адресаты жоқ. Неғұрлым дүрліктіре берсек, соғұрлым фильм авторлары пайда табады. Үлкен пайда табу авторларды фильмді жалғастыруға итермелейді. Негізінде фильмде нәсілшілдік пен ксенофобияның айқын формасы бар. Біздің азаматтарымыз ашық нәсілшіл шабуылдарға әділ наразы», -делінген хабарламада.
МӘЖІЛІСМЕН ҮНДЕУ ЖАРИЯЛАДЫ
Биліктегілер де бәрі бірдей үнсіз отыр деуге болмас. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында фильмге қатысты үндеу жариялады. Бұл фильмнің халықаралық құқықты бұзғанын жеткізе отырып, ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевқа, ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіге, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваға осы мәселеге қатысты түсініктеме беру керектігін және «ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы» Заңды қайта қарауды ұсынды.
- Өзімізге ғана емес, өзгелерге,әсіресе, алыс-жақын елдегі дипломатиялық инстанцияларға жетімді болу үшін үндеуімді БҰҰ-дағы алты тілдің бірі – орыс тілінде жасадым. Айналайын х а л қ ы м , т ү с і н і с т і к п е н қараңыздар. Еліміздің абыройы, халқымыздың намысы тапталып жатыр. Тәуелсіздігіміздің символы іспетті көк байрағымызды тексіздерге қорлатып отыра алмаймыз.Бұл үндеуді қолдауларыңызды сұраймын! - деді Мәжіліс депутаты.
Қазақты дүйім елге масқаралап, мазақтаған «Борат» фильмі ең алғаш 14 жыл бұрын өмірге келіп, еліміздің абыройын айрандай төккен еді. Батыс елі қазақстандықтар «арсыз» екен деген байламға келсе де, бұл фильмге біздің елдің Үкіметі ешқандай шара қолдана алмады. 1975 жылы Ұлыбритания елінде туып-өскен Саша Боран қазіргі таңда Америка азаматы. Актерлық мамандығы бар ол көбіне комедиялық жанрдағы, мысалы «Диктатор», «Али Джи» секілді фильмдерге түскен. Сюжетінде еш мән мен мағынасы жоқ «Борат» фильмінде ол Борат Сағдиев есімді қазақ журналисі болып ойнайды. Қазақ ұлтын азып-тозған қаңғыбас етіп әрі елімізді жезөкшеліктің отаны етіп көрсеткен бұл фильм қазақтардың құйқасын шымырлатып, кеудесін күйдіріп, күллі әлемді бір сілкінтті.
БЕЛГІЛІ БІР АДАМДАРДЫҢ ҚИЯЛЫ
Ал Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша,бұл белгілі бір адамдардың жай ғана қиялынан туған.
- Осы атаумен фильмнің жалғасы шыққанын елемеу мүмкін емес. Біз жаңалықтарды оқып, фильмнің екінші бөлімі шыққанын көріп отырмыз.Шығармашылық адамы ретінде олар ойын қалай білдірсе де өз еркі. Бірақ қай елдің болмасын азаматтарының ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келмеуі тиіс. Қазіргі таңда Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстанда бұл фильмді көрсету үшін прокатқа өтінім түскен кезде ресми түрде жауап бере алады. Бүгінгі таңда ресми мәліметтер болмағандықтан министрлік те ресми түрде жауап берген жоқ. Бірақ қазақстандық ретінде бұл менің де шамыма тиеді. Біздің шығармашылық тұлғаларымыз шын мәнінде БАҚ-та нағыз Қазақстанды көрсетіп жүр. Менің ойымша, бүкіл әлемде ақпаратты дұрыс қабылдайтын адамдар бар және олар бұл белгілі бір адамдардың қиялы екенін түсінеді,- деді министр.
«Мұртты» әзілкештің киносы 23 қазан күні көрсетілді. The New York Times секілді әлемдік баспасөз беттері қазақстандықтардың көзқарастарын да, әртістің өзінің де пікірін жарыса жаза бастады. Кей азаматтарымыз бұл әртіссымақтың әрекетіне мән бермеуді айтуда. Бірақ намысымызды аяққа таптап, қазақтың туын қорлаған бірде-бір азамат (қай елдің азаматы болса да) жазасыз қалмауы керек.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ