Болмысы бөлек, арманы асқақ жан еді...

Халқымыз «Жылқыда да жылқы бар қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар азаматы бір бөлек» деп тауып айтқан. Сондай бітім-болмысы бөлек, жүрегі кең, жаны жайсаң, арманы асқақ ауданға белгілі кәсіпкер азаматтардың бірі де бірегейі Жұмекеев Ризабек Балтабайұлы еді. Ол небәрі 35 жасында ағып түскен жұлдыздай өмірден өте шығып, артында өшпес із, саналы ұрпақ қалдырып кетті.

Жұмекеев Ризабек Балтабайұлы 1975 жылы 19 маусымда Махамбет селосы Лесхоз ауылында дүниеге келген. Әкесі Балтабай мен анасы Бағыттың үш қызының ішіндегі атұстарын атасы мен әжесі 7 жасқа дейін бауырына салып бақты. Жұмеке қарт пен Жамиға анамызды риза қылып, қуанышқа кенелтіп өмірге келген Ризабекті олар ерекше ықыласпен жақсы көріп, алақандарына салып өсірген-ді. Тіпті, Жұмеке қарт үйге қонақ келе қалса да «балама көз тиеді» деп қазанның ең түбіндегі күйесін жақтырып әлекке түсіп жүретін көрінеді. Осылайша қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, маңдайына шаң тигізбей өсірген бала әкенің де, атаның да үмітін ақтаған өр мінезді, намысшыл, еңбекқор азамат болып жетіледі. 1982 жылы Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінің табалдырығын аттағаннан қатарының алды, озат оқушы атанып, ата-анасының, ұстаздарының да мерейін өсіреді. Небәрі 5-сынып оқушысы бола тұра үлгілі тәртібі мен үздік оқуы үшін сол кездегі бүкіл Кеңестер одағының астанасы Мәскеуге жолдамамен демалып келеді. Оның туабітті зерек, талантты, түбі бір шыңды бағындырар бала екенін ұстазы Бөбек Сариева да, мектеп директоры Хамза Бимағамбетов те байқаған екен.

3d925020-093b-4347-bbf4-9e840a6ab2cc

Достарының арасында көшбасшылығымен, ұйымшылдығымен көзге түсіп, өзінен кішілерге үлгі бола білген Ризабек 1992 жылы аталмыш білім ордасын озат бітіріп, Алматы қаласындағы Банк және қаржы техникумына оқуға түседі. Кейін оны тәмамдаған соң, Орталық Азия университетінен қаржы және несие саласы бойынша экономист мамандығын меңгеріп шығады. Оның студенттік шағы еліміздің тәуелсіздікті енді алып жаңа өмірге, жаңа бетбұрыстарға тәй-тәй қадам басқан шағы еді. Азғантай ғана шәкіртақысын үнемдеп жеткізіп, ауылдағы ата-анасына салмақ салмаймын деп кеткен бозбала компьютерлік технологияны жетік меңгеруге бетбұрады. Бар зейіні мен уақытын білімге арнап, аядай ғана ауылына заманның жаңа мүмкіндіктерін жеткізсем, халықты сауаттандырсам деген асқақ арманмен оралады. Сөйтіп алғашқы еңбек жолын Махамбет Агробанкінен бастап, Гуманитарлық университетте информатика пәнінен жетекші маман, «Казагроинновация» мекемесінде инженер-бағдарламашы, Халық банкінің Махамбет аудандық филиалында меңгеруші болып қызмет етеді. Бір жылдары Махамбет ауданында жаңадан ашылған «Бизнескласс» жастарына информатика пәнінен сабақ беріп, компьютердің қыр-сырын үйретуге үлкен күш салады. Ол алдағы 10-20 жылда күнделікті өмірдегі көп нәрсе осы электронды техникаға тәуелді болатынын, оның қай саласын болса да оқып-үйрену жастарға керектігін жақсы түсінсе керек. 2007 жылы білікті маман өз қаржысына Махамбеттің орталық көшесінен екіқабатты ғимарат салып, «Асылаида» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің негізін қалады. Бүгінгі күннің талабымен қарағанда бұл шағын бизнес-орталық. Себебі, ішінде оннан астам адам әр түрлі бағытта қызмет көрсету кабинеттерін ашып, сауда-саттықпен айналысып, жеке кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Жақсы экономист, жақсы программист қана емес Ризабек Балтабайұлы өзінің жақсы маркетолог маман екенін де дәлелдеп кетті. Себебі, Асылаиданың орналасқан жері, ғимараттың құрылысы, бөлмелердің жабдықталуы да халыққа ыңғайлы болды.

Сол кездегі аудан тұрғындары ең қажет, қолжетімді көшірме жасау, түрлітүсті принтер құрылғылары, кітап, брошюра дайындау ісі, олардың сыртқы қабының дизайнын жасау бәрі осы шағын ғимараттың ішінде қайнап жатқан қызу жұмыс еді. Жергілікті ақын ағамыз Әміржан Молдашевтың «Ғибрат», журналист Бағытжан Рамазановтың «Сыр перне», Қазақстан Журналистер одағының, Жазушылар одағының мүшесі Қажымұқан Есқалиевтың қаламынан туған «Тәуелсіздің нұры», «Намыс жасы» кітаптары да осы «Асылайдада» теріліп баспаға кеткенін бірі білсе, бірі білмес. Елдегі, соның ішінде ауданымыздағы шағын және орта бизнесті дамытудағы алғашқы жаңа, батыл қадамдарды жасаған Ризабек Жұмекеевтің еңбегін халық та, билік те ескерген еді. 2010 жылдың қорытындысымен 35 жасында «Үздік кәсіпкер» атағын иеленіп, аудандық мәслихаттың «Алғыс хатымен» марапатталады. Осылайша адал кәсібінен нәсібін көре білген азамат өз туғантуыстарын да қанатының астына алып, бауырларын, достарын да қолдан келгенше қомдап, жақсылық жасаудан жалықпаған. Бүгінде оның осы ақ пейілі мен кең көңілін еске алып айтып жүретін ет жақындары мен жанында жүрген жолдастары жетерлік. Атпал азаматтың өмірде осындай ширақ, епті, әрі іске икемді, шыдамды, тәуекелшіл болуына асқар тау әкесі Балтабайдың өмірден ерте кетуі де себеп болса керек. 1996 жылы әкесі ауыр науқастан қайтыс болғанда, отбасындағы бар ауыртпалық анасы екеуінің иығына түседі. «Ат тұяғын тай басар» демекші, бір үйдің азаматы болып аманат арқалап қалған Ризабек артынан ерген қарындастарын оқытамын, жетілдіремін деп бар күшін салады. Ол кезде өзі де небәрі 21 жастағы жігіт еді... Жастығына да, заманның қиындығына да қарамастан ол кенже қарындасы Динараны Атырау мемлекеттік университетіне ақылы бөлімге түсіріп, оқу ақысын өз мойнына алады.

f34089c5-fc3b-4667-a435-18ec5fc2584b

Оның осы бір бәріне татитын, бауыр десе бауыр етін бөліп беретін, еркектік сөзінен таймайтын қасиеті үшін де жан жары Гүлбаршын ерекше жақсы көрді. 2000 жылдың басында отау құрып, дүркіретіп той жасаған жастар, ел сүйсінерлік бақытты жанұя болды. Таңдаулысы Гүлбаршын жанын түсінетін, биязы, байсалды мінезімен ата-анадан көрген тәрбиесімен әрдайым разы етсе, бой десе бой, ой десе ойы бар, алға қойған мақсаты мен арманы бар, білімді, талапты, жанашыр Ризабектей ер азаматы жанында болғанда жары да еш қиындықтан қаймықпады. Осындай үлкен сыйластық пен махаббаттан өмірге , Аида, Асылай, Ұлжан есімді үш қыз дүниеге келген. Олар үлкен өмірге қол ұстасып бірге қадам басты, үлкен кәсіпті де иық тіресіп қатар жүріп қолға алды. Жұбайлық өмірлерінің 10 жылы 10- ақ күндей өте шыққанын да байқамай қалған Гүлбаршын Бұрханқызы жолдасынан айырылғанына біраз уақыт мойынсұнбағанын айтады.

– Ризабек екеуміздің жұбайлық өмірімізде көптеген қуанышты күндер болды. Соның бірі екі қатарлы зәулім ғимаратты үш айда тұрғызғанда, ашылуын сенің 30 жасыңда тойлаймыз деп уәдесін беріп еді. Сөзіне тұрды. Он жыл өмірімізде ойлаған барша мақсаттарын жүзеге асырып, артында қалған үш қызғалдағына үлкен мұра етіп «АсылАиданы» қалдырып кетті. Ал, өзінің орны ойсырап қалды... - деп еске алды жары Гүлбаршын.

7243bfec-0c37-4973-8d97-4309275fb094

Құдай қосқан серігі өмірден жас кетсе де, оның бастаған ісін жерге тастамай, ошағының отын сөндірмей, қыздарына қамқоршы, ана да әке де өзі болып отырған Гүлбаршын Бұрханқызын келін боп түскен әулеті де, әріптестері де ерекше құрметтейді. Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінде ұзақ жылдар ұстаздық еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеумен қатар ол «АсылАида» сервис орталығының жұмысын жандандырып, ауданның кәсіпкер әйелдері қатарында да белсенділік танытып келеді. Келіні ата-ананың осындай адал сүт емген қызы болғанына Бағыт апай да Аллаға шүкіршілік айтамын дейді. 2015 жылы жарық көрген Ризабек Балтабайұлын еске алуға арналған кітапта: «Келінім Гүлбаршын 33 жасында сүйген жарынан айырылса да, жүрегіндегі жарасын маған көрсетпеуге тырысуда. 15 жыл өтсе де өзінің ішкі мұңын , жандүниесіндегі қиналысын көрсетіп, артық сөз айтпаған. Қарапайым жанұяда тәрбиелеген қүдақұдағайыма мың алғыс» деп келіні туралы жақсы лебізімен бөліседі.

Сөз басынан бері Ризабек Балтабайұлының озат оқушы, талапшыл студент, жаңашыл кәсіпкер, жақсы дос, асыл жар, ардақты бауыр екенін айттық. Ал, оның қандай елгезек, ата-анаға деген сый-құрметі бөлек ұл болғаны бір бөлек әңгіме. Анасы Бағыт апай әлі күнге дейін бауыр еті баласының бұл өмірде жоқтығына сенгісі келмейтіндей. Бірақ, Алланың ісіне амал бар ма? Әуелде шыр етіп дүниеге келгеннен сұңғақ бойлы сұлу баласының пешенесіне тағдыры қысқа боп жазылғанын уақыт өте ол да түсінді. Әрбір жиын, тойда қуаныш пен қайғыда Ризабегінің төбесі бір көрініп қалардай күтіп, пендешілікке салынады да қояды.

«Өмірінің соңғы сәттері таяп қалғанын сезгендей еді. 2010 жылдың 4 шілдесінде Оралдан қызым Динараға құда түскен соң Ризабек 5 шілдеде күйеу баласын шақыртып алып қарындасын аманаттап тапсырды. 6 шілде күні үйден шығарында маған ұзақ күліп, қимас көзбен шығарып салған. Сол көзқарасы жүрегімде мәңгі қалады. Баламның суыт хабарын естігеніме бақандай 12 жыл өтсе де аналық жүрегім оны әлі қимайды...» деп анасы Бағыт сағынышпен еске алды.

Жұмыр басты әр пенде осы бір қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда артына бір жақсы іс, із қалдырсам деп тілейді. Кәсіпкер Ризабек Балтабайұлы 35 жастан асқан шағына дейін үйленіп, ұрпақ сүйіп, үйін де салып, кәсібін де бастап үлгерген үлгілі азамат. Ол өз ісінен көп пайда тапсам деп емес, «көбірек пайдамды тигізсем» деген ұранды берік ұстанды. Жаңа технологиямен жабдықтарды меңгеру барысында Қазақстанның қалалары былай тұрсын, шет елдерге де шығып, Қытай асып тәжірибе жинақтап, компьютердің мүмкіндігі шектеусіз екенін жастарға ұғындырғысы келді. Сонымен қатар бүгінгі таңда өкінішке орай ақсап бара жатқан сервистік қызмет көрсетуді ауданға алып келді. «АсылАйданың» ішіне келген әрбір тұтынушыны өзі жылы қабағымен қарсы алып, шаруасы шешілген соң күліп шығарып салатынына тұрғындар таңданады екен. Барша жақсы игілік халық үшін жасалуы керек деген кәсіпкерлердің бірі болғаны да осыдан айқын.

d87951eb-baed-4b11-a64b-7c835c63f5c7

Өкініштісі, сол халқының маңдайына сыймай кетті. Ойындағы мың-сан идеясы, арман-мақсатын да өзімен ала кетті. Алланың қалауы осы болды. Ол өзіне берілген өлшеулі уақытын барынша пайдалы іске жұмсап, жақындарына жарқын естеліктерін ғана қалдырған. Қазақ «орыны бар оңалар» деп бекер айтпаған. Бір әулеттің сүйікті ұлы, бір үйдің отағасы Ризабек Балтабайұлының артында үш қызғалдағы, үш қызы қалды. Үлкені Аида мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетін тәмамдаған. Бүгінде АНПЗ мекемесінің зертханасында өз мамандығымен жұмыс жасайды. Ортаншысы Асылай С.Асфендияров атындағы Алматы медициналық университетінің фармацевтика факультетін бітіріп, биыл дипломын алып жатыр. Сүт кенжесі, әкесінен айрылғанда небәрі 2,5 жаста болған, бүгінде бір өзі он ұлға татитындай ержүрек, батыл боп өсіп келе жатырған Ұлжаны Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінің 8-сыныбын бітірген. Қыздардың екеуі де оқуда озат болып, анасы мен әжесіне салмақ салмай грантта білім алған. Қыз бала қашанда әкесіне жақын өсіп, еркелеп, бүйрегі бұрып тұрады емес пе? Аида, Асылай, Ұлжан үшін де мектеп бітіргенде, оқуға түскенде, тұрмыс құрғанда асқар тау әкенің орыны ойсырап тұрары сөзсіз. Әйтсе, де әкеден қалған жақсы естеліктер мен жарқын бейнесі олардың көңіліне медет. «Менің үш қызым бар, демек жұмаққа барамын» деп құрдастары арасында жиі айтатын ол үш қызын үш төбесіне балап кетті. Солардың жарқын болашағы үшін күні-түні еңбек етіп, бар ынтасы мен білімін кәсібіне, отбасына арнады.

Асыл азамат, ардақты ұл, адал дос, аяулы жар, асқар тау әке, қимас бауыр жұмекеев ризабек балтабайұлының биыл өмірден өткеніне 12 жыл толса, мектеп бітіргеніне 30 жыл болыпты. Жақсының артынан өшпейтін із жатады. Ауданның даму сатысында, кәсіпкерлік саласында оның қолтаңбасы қалды, есімін ескеріп жүрер ұрпағы қалды. Қырыққа да жетпей қиылып түскен ғұмыры қаншалықты келте болса да, жасаған жақсылығы, атқарған ісі ауыз толтырып айтарлықтай. Оның табандылығы мен алыстан бағамдап білетін біліктілігі, кәсіпкерлік саладағы өзіндік жолы, жаңашыл бастамасы өзінен кейінгі көп жастарға үлгі болғаны сөзсіз.

А.САТАЕВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT