Алматыда ата-аналардың наразылығын туғызған мектеп дауы әлі шешілген жоқ. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында қаланың Бостандық ауданында салынған №224 мектеп жарғысына сәйкес мемлекеттік тілде ашылуға тиіс еді. Алайда наразы топ білім ордасының аралас мектеп болуын талап етіп отыр. Балаларын ана тілінде оқытқысы келетін ата-аналардың дені бұған үзілді-кесілді қарсы. Мектеп тапшылығынан балаларын қашыққа тасып қажыған олар қазақ тілінде ашылуын қалайды.
Жаңа мектеп 2 500 оқушыға арналған. Қалалық білім басқармасының берген жауабында: «Біздің басты ұстаным – әрбір балаға өз ана тілінде сапалы білім алуына мүмкіндік жасау», делінген. Басқарма дерегіне сүйенсек, оқу жылының екінші тоқсанында ашылған №224 жалпы білім беретін мектептің қазақ сыныптарына балалар қабылданып, қазіргі кезде 51 сыныпта 1 269 оқушы білім алады. Мұғалімдер саны – 95. Ал орыс тілінде оқығысы келетіндерден 403 өтініш түскен, бірақ мұғалім жетіспегендіктен, тиісті мамандар «enbek.kz» электрондық еңбек биржасы арқылы іздестіріліп жатыр.
Алматы қаласы білім басқармасының басшылығы мектеп ашылғанға дейін ата-аналармен кездесіп, оқыту тілін айқындау еліміздің Ата заңына, «Тіл туралы», «Білім туралы» заңдарына сәйкес жүзеге асатынын жеткізді. Сондай-ақ «Әр баланың білім алуға құқығы бар. Сондықтан шағын ауданда ата-ана қандай тілді таңдайды, біз осы бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз. Кадр мәселесін де қарастырамыз», деп жауап берген еді.
Бостандық ауданында биыл екінші рет қайталанып отырған мектеп дауы оқу жылының басында №215 мектепке қатысты туындаған еді. Ата-аналар наразылық білдіріп, Парламент депутаттары, қоғам белсенділері көтерген мәселе Президент Әкімшілігіне жеткеннен кейін қазақ тілінде ашылды. Бұл мәселеге әбден қанық Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса сонау кеңестік дәуірден қалған аралас мектептерден арылуды тұрақты көтеріп келеді. Оның айтуынша, ата-аналарды даурықтырып отырған мектеп мәселесі – жергілікті билік жұмысының шикілігі. Ал жарғысында қазақ мектебі болып ашылатын білім ошақтарының аяқасты аралас болып кетуі ақылға қонымсыз.
«Мектеп – мемлекеттікі. Өз азаматтарына білім алу үшін қолайлы орта қалыптастыратын да мемлекет. Сондықтан елімізде ашылып жатқан «Келешек мектептерінің» дені мемлекеттік тілде болуы керек. Қазақ мектебі қазақ мемлекеті дегенді білдіреді. Ал мемлекет болашағы мектеппен байланысты», дейді Мәжіліс депутаты.
Баласын қай мектепте оқытқысы келетінін ата-ана таңдайды дегенді желеу ету мүлде қисынсыз. Елімізде азаматтардың қай тілде білім алатынына шектеу жоқ. Мектепті таңдау үшін де қазақ, орыс тілді мектептер жұмыс істеп жатыр. Орын алған екі жағдайда да аралас мектепті талап етіп жүрген ата-аналардың тұрғылықты мекенжайынан қарыс қадам жерде орыс тілінде білім беретін оқу ошағы орналасқан. Ал №224 мектеп осы микроучаскеде қазақ мектебі болмағандықтан, ана тілінде білім алғысы келетін балалар үшін салынды. Өз тілінде білім алуға заңда көрсетілгендей, олардың да құқы бар. Сондықтан жергілікті басқару құрылымдарына ішкі-сыртқы тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүдделі, елге жанашыр мамандарды таңдауға мән берілу керек», деп санайды халық қалаулысы.
Қазіргі кезде депутаттың атына №224 мектептің қазақ мектебі болып ашылуына қатысты 50-ден астам ата-анадан ұсыныс түскен. Осыған орай Оқу-ағарту министріне, қала басшылығына арнайы сауал жолдаған депутат өз атына келіп түскен хаттардың дені «еліміздегі «Келешек мектептері» мен колледждер, жоғары оқу орындарында білім жүйелі түрде қазақ тіліне көшірілсін» деген мазмұнда екенін атап өтті.
Бүгінде Алматы қаласында 225 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 87 мектеп – қазақ тілінде, 57 – орыс тілінде, аралас тілде – 78, 3 мектеп ұйғыр тілінде оқытады.
Бүгінде ата-аналарды мектептің қазақ сыныптарымен қатар, орыс сыныптарына да оқушы қабылданып жатқаны алаңдатады. Бостандық ауданында осы микроучаскеге жақын маңдағы №65 мектепте аралас тілде білім беріледі. Ата-аналардың айтуынша, олар балаларын ана тілінде оқыту үшін кезекке тұрып, басқа аудандарға апарып оқытуға мәжбүр. Ал жақын аудандағы қазақ тілінде білім беретін №140 мектепте оқушылардың саны шамадан тыс көп. «Қамқор ана» қоғамдық қорының басшысы, қоғам белсендісі Аида Букаеваның айтуынша, Бостандық ауданында қазақ мектебінің жоқ екені әуелден-ақ дәлелденіп, бюджеттен қаражат бөлінген. Мемлекеттік қызметтер дерлік цифрланып жатқан кезеңде қазақ тілді мектептерге сұранысты білу еш қиындық туғызбайды. Бұл ата-аналарды ешқандай әбігерге салатын жағдай емес. Мәселен, №224 мектептің мемлекеттік тілдегі білім ордасы болатынына қарамастан, ауданда ана тілінде оқығысы келетін балалардың ынтасы қаперге алынбай отыр. Бұл – тиісті басқарма жұмысының шикілігі», дейді ол.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақ мектептерінің үлесі артып, қазақ тілінде оқитын балалар саны көбейсе, «spik.kz» сараптамалық порталының дерегіне сүйенсек, балаларын орыс тілінде оқытқысы келетіндердің үлесі кейінгі бес жылда 15,34-тен 16,14-ға артқан.
Заңгер, тіл жанашыры Мейірман Шекеевтің айтуынша, ата-аналардың бар талабы – мектептің қазақ тілінде ашылуы. «Егер аралас болып кетсе, қазіргі оқып жатқан 1,5 мыңға жуық баланың ата-анасы бұл мектепке келуден бас тартуға даяр. Олар мектептің аралас болғанын қаламайды. Ана тілінде білім алу – олардың құқығы. Ешбір елде аралас мектеп ұғымы жоқ. Сондықтан қазақ балалары 5-сыныпқа дейін міндетті түрде өзінің ана тілінде білім алуы керек», деп санайды заңгер.
Абай атындағы ҚазҰПУ қауымдастырылған профессоры, психология ғылымдарының кандидаты Бақыт Жігітбекова қазіргі қалыптасқан жағдайда бір-екі жыл ішінде аралас мектептер мәселесі шешілмейді деген пікірде. Сондықтан бір мектеп, бір ұжым сияқты ортақ символдарды енгізу арқылы инклюзивті шараларды іске асыру қажет. Уақытша болса да бір ғимарат астында қазақ-орыс тілдерінде білім алып жатқан балалардың тілдік, коммуникациялық дағдысын арттыруға бағытталған шаралар іске асуға тиіс. Импатия, толеранттылықты дамытуға басымдық берген абзал. Ғалымның айтуынша, екі тілде білім алып жатқан балалар арасында тілдік кедергілер пайда болуы мүмкін. Өзін-өзі бағалау айырмашылықтары, түсініспеушілік, әзіл-эмоцияларды басқалай қабылдауы сияқты психологиялық мәселелер туындайды. «Екі мектеп, топтық оқшаулану, бәсекелестік, бөгделік сезімі пайда болуы мүмкін. Физикалық, психикалық шекарасы бөлінеді. Тілдік алшақтық, мәдени идентификация қақтығысы пайда болып, стереотиптер, әлеуметтік арақашықтық, балалардың эмоционалды оқшаулануы ықтимал. Бірақ аралас мектептер жағдайында балалардың қауіпсіздігі басты назарда тұруға тиіс», дейді ғалым.
Бүгінде Алматы қаласында 350 мыңнан астам оқушы білім алады. Ал «Келешек мектептері» жобасы аясында жалпы сыйымдылығы 30 мыңнан астам мың оқушы орнын қамтитын 20 шақты мектеп алдағы уақытта пайдалануға берілмекші. Биыл қала халқының саны 2 миллионнан асып, қазақтардың үлесі 64,2 пайызды құрады. Шаһар жұртшылығы жыл сайын 12–14 мың адамға өскендіктен, қазіргі жағдайда оқушы орнына сұраныс 30 мыңнан асады. Қала басшылығы тарапынан қабылданып жатқан іс-шаралардың нәтижесінде биыл бұл тапшылықты жыл соңына дейін азайту көзделіп отыр.


