Бейбарыс ауылдық округіне қарасты Талдыкөл және Бейбарыс ауылында арнайы мекеме күшімен жеке үйлердің аумағында дератизация жүргізілуде. Жұмыс көлемі — 100 аула, шамамен 150 мың шаршы метр. Қолданылатын төртінші деңгейлі удың адамдар мен үй жануарларына зияны жоқ,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Осыған дейін ауылдан ауланған тышқандар арнайы зертханаға тапсырылып, сараптамадан өткізілген. Мамандардың айтуынша, әзірге ешқандай қауіпті инфекция анықталмаған.
- Зиянкестермен күрес мекемесімен келісіп, 1000-нан астам үйге дәрілер тараттық. Қосымша улағыш дәндер алынып жатыр. Дератизация жұмыстары үшін арнайы компаниямен келісім шарт жасақталып, Талдыкөл ауылындағы 47 үй уланды. Дератизациялау тұрғындардың келісіміне қарай кезең-кезеңімен жалғасады,- деді Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаев.

Ауылдарды дезинфекциялаудан бөлек шөп шабу жұмыстары жүргізілуде оған арнайы үш техника бөлінген. Бұл тышқан індерінен құтылуға көмек береді.
Эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстау және балалар денсаулығын қорғау мақсатында алдын алу шаралары қабылданды. Бейбарыс ауылындағы А.Байтұрсынұлы орта мектебі мен Талдыкөл орта мектебіне дератизация жасалып, 19 қарашадан бастап уақытша қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Сондай-ақ, «Балдырған» және «Айналайын» балабақшаларының жұмысы да дератизация толық аяқталғанға дейін тоқтатылды.


