Өмірден түйгені мен көргені мол абыз ақсақал Ұзақбай Төлегенов бала тәрбиесі, қоғам, ысырапшылдық тақырыптарындағы ойларымен бөлісті.
- Ұзақбай аға сұхбатымыздың басын бүгінгі қоғамдағы масылдыққа көзқарасыңыз қалай деп бастағым келіп отыр?
- Айналайын Айнұр сенің төмендегі сұрақтарыңа жауап қарапайым газет оқырманының пікірі деп қарарсың. Өйткені «Заман басқа, заң басқа», уақытпен үндесу, заманмен үйлесу дейтін ұлы ұғымдар бар. Мұхаммед пайғамбарды сахабалары қоршап алып: «Ана мәселені қалай шешуге болады, мына мәселеге не дейсіз?» - деп сұрақтың астына алғанда, пайғамбарымыз осы сұрақтардың тең жартысына «Оны заман шешеді, оны уақыт шешеді» - деп жауап берген екен. Қоғамда масылдық деген қай уақытта да болған. Кеңес үкіметі кезінде жұмыссыздарды қызметке орналастырып, қашқандарды заңмен қудалайтын. Ал, тәуелсіздік алғаннан кейін оларға ақшалай көмек, қоғамдық қызмет түрлерін ұсындық. Міне осы кезде масылдық көзқарас өршіп кетті. Мәселен, «Жасыл ел» бағдарламасымен жүрген жастарға көз салыңыздаршы. Бұл жұмыс олардың алғашқы еңбек жолы болғандықтан, әуелгі іргетасы дұрыс қалануы керек. Осы бастан олар еңбектің наны тәтті екенін ұғып, сезініп өсуі тиіс. Кейде тұрмыстағы қиындықты үкіметтен көріп жатамыз, шындығы олай емес. Үкіметтің міндеті тұрғындарға тиісті деңгейде өмір сүруге мүмкіндік жасау. Ол мүмкіндік қазір бар. Әр адамның жеке мәселесін тек мемлекет шешіп отыруы мүмкін емес. Менің ойымша тұрмысы қиын мүгедектерге, көп балалы жанұяларға, тұрмысы төмен зейнеткерлерге, денсаулығы нашар адамдарға үкімет болып, қоғам болып, жеке адамдар болып көмектескен дұрыс.
- Бала тәрбиесінде басты назар аударатын не нәрсе?
- Менің түсінігімде бала тәрбиесіндегі олқылық осы тәрбиені басты, қосалқы деп бөлуден басталады. Өйткені бала тәрбиесінде бірінші, екінші деген ұғым болмайды. Балаларды сүйіспеншілікпен тәрбиелеп, махаббат нұрын жаудыру әр ата-ананың міндеті. Жалпы бала тәрбиесі ата-ананың өз-өздерін тәрбиелеулерінен басталады. Өйткені балаға бір нәрсені айтып үйреткенмен, өз айтқандарын ата-ана өздері орындамайтын болса, одан балаға еш тәрбие жоқ. Бала жүрегі сезімтал, олар бұл алшақтықты бірден байқайды. Атақты академик А. Жұмаділдаевтың бір айтқаны есімде қалыпты:
-«Мен балаларыма былай бол, былай істе деп ешқашан айтпаймын. Олар менің іс қимылымнан, жұмысқа деген көзқарасымнан үйренсін. Өйткені мен бір сағат уақытымды текке өткізбеймін» - дегенді. Әрине біз бәріміз мұндай үлгі көрсете алмасымыз анық. Бірақ бала көзінше оған оғаш қылық көрсетпеуіміз керек. Бұл жерде жанұядағы ата-ана үлгісі үлкен роль атқаратындығын айтқымыз келгені. Қазақ атамыз: Қыз ақылды ескермес, Ана үлгісін көрмесе. Ұл жарылқап ас бермес Әке үлгісін көрмесе, - деп бекер айтпаған шығар.
Кейде арнайы педагогикалық- тәрбиелік дайындықтан өтпесе де кейбір жанұяда тәрбиеленген балалар өте тәрбиелі әрі білімді болып жатады. Балаларының осындай тәрбиелі болу себебін ата-аналарынан сұраудың қажеті жоқ. Сондай үйлерге барғанда оны өзіңіз-ақ аңғарасыз. Әкесі ықыласты, діні берік азамат, ал анасы – өте жұмсақ әрі жанашыр әйел екендігі көрінеді. Мұндай үйлердің ізгілікпен жақсылықтың ордасы екендігі байқалады. Бұндай жанұяларда жалғандық пен жасандылық болмайды. Үлкен- кіші демей бірін-бірі сыилап қадір тұтады. Ғалымдардың айтуынша, баланың ақылдылық, интеллектуалдық қабілетінің 80%ы алғашқы 7-8 жылда ашылып, жетіледі. Ата-аналардың ықпалы осы қасиеттердің кейбірін көбейтіп, кейбірін азайтады. Түйіндесек бала тәрбиесіндегі басты назарды жанұядағы жылылық пен сәбидің алғашқы 10 жасына дейінгі өміріне аударса жөн болар еді. Өйткені ерте бастан жауапкершілікті түсінген бала өмірде өз орынын табуға ұмтылады.
- Орыс тілді бала, орысша ойлай ма?
- Әрине, орыс тілді бала орысша ойлайды. Тек орыс тілін кейіннен үйренгендер ғана өз тілінде ойланып алып, оны орысшаға аударады. Калинин қаласындағы әскери академияға түсу үшін шығарма жазғанда уақытын оздырып алған Бауыржан Момышұлының сынақ алушыға айтқан сөзі есіңізде болар: «Біздерге, ұлт өкілдеріне сынақта уақыт ұзағырақ берілуі керек. Өйткені біз өз тілімізде ойлап алып содан кейін оны орысшаға аударамыз, ал бұған уақыт екі есе көп кетеді» ,- дегенді. Сол үшін де Жапонияда бастауыш класстарды бітіргенше тек өз тілінде ғана оқытатын болса керек. Қазір енді орыс тіліне ағылшын тілі қосылды. «Екіге бөлінгеннен, үшке жарылған жаман», - деуші еді аталарымыз. Жалпы қазір осы орыс тілін де, ағылшын тілін де ерте балабақшадан бастап оқыту белең алып бара жатыр. Бұл жерде жапондықтардан үлгі алсақ кәне. Жер бетіндегі халықтар арасында тек біздің елімізде ғана тіл туралы әңгіме айтылады екен. Әрбір азамат өз баласымен ана тілінде сөйлессе еш мәселе болмас еді. Ал жоғарыдағы билік өз балаңмен өзге тілде сөйлес деп отырған жоқ қой. Бүгінгі күннің кейбір түйткілдеріне орай ана тілімізге әлі мән бермей келеміз. Ана тілін білмейтін бала бабалар сөзін білмейді, өйткені өз ана тілінде оқи алмайды ғой.
- Сіз үшін депутат деген кім? Бүгінгі халық олардан не күтеді?
- Жеке өз басым кеңес кезінен келе жатқан бір ауыздан қолдауды қойғандарын қалар едім. Өйткені әр қилы пікір болмай іс ілгері жылжымайды. Сірә депутаттардың көпшілігі Гегельдің «Егер адамдардың бәрі бірдей ойласа онда ешкімнің ештеңені ойламағандығы» - деген сөзін оқымаған болар деп болжаймын. Бұны тарих та растайды. Өйткені кеңес үкіметі кезінде (Олар большевиктер үкіметі деп аталатын) олар 100% дауыс алатын. Ал ең ақырында большевиктердің емес меньшевиктердің айтқаны болды. Сіз білесіз бе, білмейсіз бе айта алмаймын. Сонау 1950 жылдары Азияда Чан-Кай-Ши деген елбасы болған. Халқы көп ел, парламентте депуттаттар саны да көп. Бірақ көбі елбасын жақтап, қол көтере беретінге ұқсайды. Тек оншақты коммунист депутаттар үнемі қарсы шығып, халық мұңын жеткізіп, қарапайым халық мүддесін ойламайтын заңдарға қарсы шығып парламент шырқын бұза берсе керек. Сонда елбасының жаңдайшаптары «Осылардан құтылайық, тіпті теңізге лақтырып жіберейік»- десе, Чан Кай-Ши: «Оларға тиюші болмаңдар, ештеңе ойламай дауыс бере беретін сендерден не пайда, ал олар түн ұйқыларын бөліп, заңдарға пайдалы өзгеріс еңгізуге жұмыстанып жүр.» - десе керек. Бұл да бір тәмсіл ғой. Біздер қарапайым тұрғындар депутаттардан ұлт намысы, ел намысы, отанын жантәнімен сүю үлгісін көрсетсе деп күтеміз. Бірақ ол үшін ұлт намысы, ел намысы дегеннің не екендігін анықтап алу керек қой. Барлық депутаттарымыздың осыны анық білетіндігіне, білсе де сол жолда жанын сала жұмыс істеп жүргендігіне күмәнім бар. Бұл жерде олар ұлт ұстазы Ахаңның сонау 1913 жылдары жазған:
- « Жұрт ісіне жаны ашып, жұрт намысына қаны қызатын қазақта адамдар аз болады. Себебі, жұрт намысы деген қазақтың әдетінде болған емес. Өзге жұрттан оңаша жүріп, қазақ басқа халықтармен бәсекелесіп, жарысқа түскен жоқ. Сондықтан жұрт намысы, ұлт намысы деген сөз қазақтың көбіне түсініксіз нәрсе. Отбасына келерлік пәле болмаса, жұрт басындағы пәлені ойлап уайымдамайды. Қуанышы, қайғысы өз басынан аспайды. Ұлт намысы дегенді халықтың көбі екі ауылдың, екі таптың я екі рудың намысы деп ұғады» - деген сөздерін зейін сала оқыса ғой. Маған кейде біздің депутаттар осында айтылған екі тап, екі рудың орнына кейбір топтардың сойылын соғатын сияқты болып елестейді. Дамымаған, демократия үстемдік етпеген, құйтырқылықтары шексіз, « дертті» мемлекеттердегі көсемдерді мақтау, марапаттау, дәріптеу, идеал тұту өркениетті елдер үшін топастықтың ең жоғарғы шыңы деп саналады. Қазіргі депутаттарымыз туралы айтпаймын, бұрынғы депутаттарымыз ішінде осындай кеселге шалдыққандары аз еместі. Олардың көпшілігінің өмірде, елімізде болып жатырған келеңсіздіктерді ашуға, айтуға, сынауға мүмкіндіктері болса да не батылдықтары жетпеді,не ішкі есептері болды. Бұл жерде «Патша сарайындағылар жүргеніне қарай емес, үргеніне қарай бағаланады» - деген сөз еске түседі. Ал батыстық саясаткерлер өзін-өзі сынауға қабілеті жеткен халық секіруге дайын арыстан сияқты, ал ол қолынан келмейтін халықтың өз-өзіне тым риза, көңілі шектен тыс пәс, семіз мысыққа ұқсайтындығын әлдеқашан айтқан болатын.
- Қазақтың тойында ысырап бар ма?
- Біздің тойларымыздың шектен шыққан ысырапқа апарып жүргендігі де шындық. Ең қиыны бұл шашпашылдықтың әзірге тізгін тарта қоятын түрі жоқ. Бұған көпсөзділікпен, тойды кеш бастауды қосыңыз. Бұлардың арғы жағында қанша ащы болса да шындықты айтайық қазақи менталитет жатса керек. Қазақ менталитетін терең зерттеген орыс тарихшысы Ф.Шербина сонау өткен ғасырда, 1905 жылы қазақтың жағымсыз және жағымды қасиеттерін атапты. Жағымсыздары: Өтірікшілік, жайбарақаттық, арызқойлық, жала жабушылық, айлакерлік, нәсіпқұмарлық, атаққұмарлық, мақтаншақтық, мылжыңдық, намыссыздық. Жағымдылары: Өзге дінге шыдаммен қарау, саудаға адалдық, білмегенін білгісі, көрмегенін көргісі келіп тұруы, арақ-шараппен әуестенбеуі, бала-шағаны сүюі, қонақжайлығы, үлкендерді сыилап, ақсақалдарды құрметтеуі, табиғатпен қоян-қолтық болуы, ақындық қасиетке ие болуы. Күні бүгін осы қасиеттердің қайсысы қайсысына ауысты оны таңдауды оқырмандарға қалдырайық. Менің айтқым келгені қазіргі тойларда ысырапшылық сол өткен ғасырдағы ұлтымыздағы мақтаншақтық, атаққұмарлықтың, мылжыңдықтың жалғасы емес пе екен деген ой. Қашықтан, жақыннан өнер «жұлдыздарын» шақыру шаңырақ құрып жатырған жас отауға не береді? Тіпті бір тойда сонау Мәскеуден жиырмалаған әртістер шақырылғанын да көрдік. Қанша шығын? Осы ысыраптың орнына жастарға баспана алып берсе-ші? Ұлы Абайда «Мақтаншақ, бекер мал шашпақ» - деп осындай ысырапшылдықты айтқан шығар.
- «Алыстағы ағайыннан жақындағы көршің артық » деген , көршімен араласпайтындарға не айтасыз?
- Мен үшін ең қиын сұрақ осы болды. Басқа сұраққа жауапты өз басымнан өткендіктен, не көріп жүргендіктен пікірімді қалыптастырдым. Мен осы 80 жылда тек екі ақ ауылда өмір сүріппін. 36 жыл Қамыс қалада, 44 жыл Махамбетте. Осы кездегі көршілеріміз бәрі есте, көз алдымда. Махамбетке көшіп келгенде ең алғашқы көршіміз Төлеутай апай болды. Қандай адам еді! Кесек мінезді, мойымайтын, ешкімнен, ештеңеден ығыспайтынды. Қолындағысын сұратпай үйге өзі әкеліп беруші еді. Иманы жолдас болғай. Кейінгі көршілер Спандияр, Мұсташтар болды. Ал қазіргі көршілерімізбен қатар қоныстандық. Әрқайсымыз шарбақ тартқанда есік салмаймыз, ашық қалдырамыз, балалар емін-еркін кіріп шығуға деп келістік. Әлі солай. Ал араласпайтын көршілер қалада көппәтерлі үйде тұратындардың ішінде болуы мүмкін. Оларға не айтарсың. Ағайыннан жат-жақын таныс болса, Арғымақтан ат жақсы шабыс болса. Сондықтан көршілеріңмен тату-тәтті араласып тұрғанға не жетсін – дейміз де.
- Біздің елде ажырасу көп. Бақытты некенің кепілі неде?
- «Бақытты адамдар барлығы бірдей, ал бақытсыздық әр адамда әртүрлі» - деген сөз бар ғой. Ал ажырасу, деген – бақытсыздық. Оның арғы жағында екі адамның ғана тағдыры емес, ең бастысы балалардың тағдыры жатыр. Меніңше жанұядағы реніштің басы бірін-бірі түсінбеуден туындайды. Бұл кеңестер негізінде жастарға арналады. Олардың ата-аналарына да бір ауыз кеңес. Бұрында қазақта «Жастар тату болса, бәрі үйлеседі»- деуші еді, қазір құндылықтардың өзеріп жатырған уақыты ғой. Сондықтан осы мақал «Үлкендер (құдалар) тату болса, жастарда үйлеседі» - болып өзгерген сияқты. Сондықтан үлкендерге де ренішке емес татулыққа қадам басқандары жөн-ау деп ойлаймын. Қадыр ағаның: Таласып өту оп-оңай Жарасып өту болмаса ! - деген сөздерінде қанша мән жатыр. Жастардың тұрмыс құрар алдында бір бірінің мінез-құлқын зерттемеуі де қателікке ұрындырады. Пайғамбарлардан қалған «Егер екі адам өлгеніне пейіл болып аяусыз ұрысса, сөйтіп жүргенде біреуі өлсе, екеуі де тозаққа барады» - деген тәмсіл де әрқашан есте болса жанұяда түсініспеушілік азаяр еді.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан: Айнұр САТАЕВА