Бақытын еңбектен тапқан Гүлнар Қайыржанқызы

Қазіргі заманда әйелдердің қоғамдағы рөлі орасан. Олардың қатарында аналар ғана емес, сондай-ақ іскер әйелдер мен басшы тұлғалар да бар. Соның ішінде Гүлнәр Қайыржанқызының есімін атауға болады.

Ол ұзақ жылдар бойы ауданның қаржы және мемлекеттік сала­ларында абыройлы еңбек еткен. Қарапайым отбасында өмір есігін ашқан Гүлнәр қаршадайынан еңбекке араласады. Мектепті бітірген соң банк саласының ма­маны болуды армандаған ол Алматы есеп-кредит техникумына оқуға түседі. Талабы таудай жас оқуын ойдағыдай аяқтап, мамандығы бойынша алғашқы еңбек жолын 1985 жылы Балықшы мемлекеттік банкінде экономист болып бастаған. Бір-екі жыл мемлекеттік бан­кте еңбек етіп, кейін жұмысын Махамбеттегі мемлекеттік банкте жалғастырады. Іскер де алғыр жастың өзі сүйген ісін жасауға де­ген құлшынысы ерекше болса ке­рек. Кейін Агроөнеркәсіптік бан­кте (Агропромбанк) экономист, бөлім басшысы, басшының орын­басары, банк директоры болып, 1999 жылға дейін қызмет атқарды. 1999 жылы Агропромбанк жұмысы тоқтап, Махамбет аудандық төлем орталығында бас маман болады. Өз ортасына іскерлігімен қатар табандылығымен танылып, 2000- 2007 жылдары Махамбет ауданы бойынша салық комитетінде бас ма­ман, бөлім басшысы болып та еңбек етті. Сонымен қатар, 2007-2008 жылдары «Қазпошта» аудандық бөлімшесінің бастығы, 2009-2014 жылдары Атырау қаласы бойынша Салық басқармасында бас маман қызметтерін атқарғанын да атап кет­кен жөн.

Әр ізденістің өз олжасы бар. Білікті маман Г.Нұрхиева жұмыс істей жүріп, Қазақстан экономика және құқық институтын, Алматы халық шаруашылығы институтын сырттай оқып бітірген. Гүлнәр өз ортасында сыйлы, беделді бола жүріп, қолына алған істі үлкен жауапкершілікпен атқарды. Ол 2014-2018 жылдары аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімінің басшысы лауазымында болды. Ал 2019 жылдан күні бүгінге дейін арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету аумақтық орталығының ди­ректоры болып абыройлы еңбек етуде.

Қоғамдық жұмыстарға да бел­сене араласқан іскер әйел талай рет облыс, аудандық мәслихат депутаттарының сайлауларына қатысып, тіпті бірнеше рет аудандық мәслихат депутаттығына кандидат болып тіркелді.

Жауапты қызметімен отбасылық өмірді қатар алып келе жатқан білікті маман Гүлнәр Қайыржанқызы өнегелі шаңырақ ұйытқысы, үш ұл, бір қыздың сүйікті анасы. Бала­лары ержетіп, қалаған жоғары оқу орнын бітіріп, бір-бір мамандық иесі атанды. Ұлының үлкені Райымбек ауысымдық жұмыста, Қуанышбегі Қызылорда қаласындағы «ИнтергазОрталықАзия» АҚ фили­алында еңбек етеді. Одан кейінгі Бақтыбек атты ұлы шетелдік ком­панияда болса, қызы Айгерім аудандық орталық ауруханада бала­лар дәрігері.

Адам өмірі оның қанша жыл жасағанымен емес, өмірдегі игі істерімен, артындағы ұрпаққа қалдырған өлшеусіз өнегесімен өлшенеді. Біз Гүлнәрды еңбекте де, отбасында да жарқын із қалдырып отырған жан деп білеміз. Адам бойындағы ізгі қасиеттер туралы Гүлнәр Қайыржанқызы былай деді.

- Жалпы өз басым адам бойындағы қайсарлықты, рухани құндылықты, жаңалыққа деген құштарлықты жоғары бағалаймын. Рухани байлықты өмірімдегі сарқылмайтын, тау сылмай­тын, алға қарай талпындыратын, сайып келгенде қанат бітіретін ең асыл қазына деп білемін. Өзімді қарапайым адаммын деп есептеймін. Қарапайымдылық-қанмен берілген қасиет. Адамгершілік, мейірімділік, ізгілік, парасаттылық, адалдық- өмірімнің негізгі қағидалары. Адам жаратылысынан ішкі мазмұны бай, таза рухани тіршілік көрінісіне толы келеді. Халқымыз «еңбек ер атанды­рады», «еңбек етсең емерсің» деген аталы сөздер қалдырған. Жалпы, еңбек еткеннің еншісі мол, - дейді кейіпкеріміз.

Бүгінде отыз жеті жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман мемле­кет дамуына өз үлесін қоссам де­ген асқақ арманына үздіксіз, адал еңбегінің арқасында жетіп отыр.

Әр адам өз несібесін еңбектен ғана табады. Өз нәпақасын ешкімге жалтақтамай, адал еңбекпен ғана табуға ұмтылған осындай еңбек адамдары жоғары сый-құрметке лайық деп білеміз.

 

Арман ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT