Қазақстандық заңгерлер сайлау процесінің барысын талқылады

 «Әділ сайлау үшін» республикалық штабында Орталық сайлау комиссиясы жұмысының ашықтығы қаралды.

Штаб мүшелері, яғни белгілі қазақстандық заңгерлер сайлау процесінің барысын талқылады. Президенттік сайлауға барлығы 12 адам кандидат ретінде ұсынылған. Дегенмен, Хайрулла Ғабжалилов, Талғат Ерғалиев және Фатима Бизақованың тапсырған құжаттары талапқа сай болмағандықтан Орталық сайлау комиссиясы оларды тіркемеді. Тағы бір кандидат Нұржан Әлтаев үшін Орталық сайлау комиссиясы сот ұйғарымымен процесті тоқтатты. Президенттікке үміткер қалған 8 азамат барлық талапқа сай. Республикалық штаб өкілдері Орталық сайлау комиссиясының бұл шешімін заңды және негізді деп таныды.

- Үміткерлердің бірі Әлтаев мырзаға қатысты сот шешімі бар. Сондықтан Орталық сайлау комиссиясы оған қатысты рәсімді әзірге тоқтатты. Тиісті шешімді сот органдары шығарып, оның президенттікке кандидат ретінде тіркелетіні яки тіркелмейтіні белгілі болады деп ойлаймын,- дейді «Әділ сайлау үшін» республикалық штабының мүшесі Еркін Оңғарбаев.

Жалпы штаб мүшелері бұған дейін халықпен 15-тен астам кездесу өткізген. Олардың міндеті өңірлердегі сайлау процесіне қатысушыларға құқықтық көмек көрсету. Сайлаушыларға құқықтары онлайн және офлайн режимде түсіндіріледі.

– Қарағанды облысына, одан бөлек Екібастұзға бардық. Ұжымдармен кездестік. Кейбір кездесу онлайн режимде өтеді. Мұндай форматта Өскемен, Алматы жұртшылығымен жүздестік. Барлық сұраққа жауап беруге мүмкіндік бар. Көпті толғандыратын сұрақтар кім президент бола алады, бақылаушылардың рөлі қандай деген сұрақтар қойылады,- дейді Е.Оңғарбаев.

Дереккөз: Хабар 24

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT