«Ауыл жастарына жеңілдік көп»

Қазақстанның тәуелсіздік шежіресінде «Болашақ» бағдарламасының алар орны ерекше.

Егемендіктің елең-алаңында Елбасының идеясымен жүзеге асқан жобаның аясында көп жас әлемнің үздік университеттерінде білім алды. Қазір олар Қазақстан деген алып құрылыстың кірпіші болып қаланып жатыр. Биыл құрылғанына 28 жыл болатын бағдарламаның үйлестірушісі – Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Айнұр Кәрібозовамен жедел сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Айнұр Бағдатқызы, қазір «Болашақ» бағдарламасына құжат қабылдау процесі жүріп жатыр. Биылғы жылы қандай өзгерістер бар?

-Рахмет. Иә, өзгерістер бар. Біріншіден, жаңалық конкурстық іріктеу кезеңіне қатысты. Осы жылғы 4 мамыр мен 28 қазан аралығында үміткерлерден құжат қабылдау процесі жүріп жатыр. 2021 жылы стипендия тағайындауға арналған конкурстық іріктеу маусым, тамыз, қарашада, үш кезеңде өтеді. Екіншіден, үкіметтің 2020 жылғы 6 мамырдағы №271 қаулысы бар. Яғни «Болашақ стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларына өзгерістер енгізілді. Жаңа ережеге сай енді барлығына тең мүмкіндіктер беру қарастырылған. Барлық квота санаттары жойылды. 2020 жылдан бастап стипендия тағайындау конкурсына шетелдік жетекші жоғары оқу орындарынан шартсыз шақыруы бар үміткерлер ғана қатыса алады. Жеңілдік тек ауылдан қатысқан жандарға ғана көрсетіледі.

Ауыл жастарына қандай жеңілдіктер бар? Мысалы Жылыойда тұратын жан «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты атана ала ма?

-Жеңілдік бар. Ол былай. Ауылдық елді мекендерден үміткерлер конкурсқа ауылдық елді мекендерде соңғы 3 жыл ішінде тұрған және соңғы 2 жыл ішінде еңбек қызметін жүзеге асырған жағдайда қатыса алады. Осыны ескеру керек. Сондай-ақ ауылдық елді мекендерден үміткерлер үшін бакалавр немесе маман дипломының орташа балының кемінде 2.67 (4.0/4.33-тен) GPA балына сәйкестігі талап етіледі. Алайда «ауыл» санатына жататын үміткерлерге шетелдік ЖОО-дан конкурсқа шартсыз шақыру ұсыну талап етілмейтінін атап өткен жөн. Оларды орналастырумен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ айналысады. Сонымен қатар олар стипендияға ие болғаннан кейін ағылшын тілінен тілдік дайындық курстарынан өтеді. Тілдік дайындық мерзімі Қазақстан Республикасының аумағында 6 айға дейін, «British Council» секілді беделді ұйымда өткізіледі. Бұл жерде айта кететін басты мәселе, конкурстан сәтті өтіп, стипендия иегері атанған «ауылдық» санат өкілдері жылжымайтын мүлікті кепіл ретінде ұсыну талабынан босатылған. Яғни, стипендиат екі кепілгерді ұсынса жеткілікті. Бұл мемлекеттің ауыл тұрғындарына «Болашақ» аясында көрсетіп отырған маңызды қолдауы деп білемін.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай қазақстандық 500 ғалымды әлемнің үздік университеттерінде тағылымдамадан өткізу процесі жүріп жатқанын естідік. Бұл қалай жүзеге асады?

-Иә, дұрыс айтасыз, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың пәрменімен ғалымдарымызды әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуге жіберу үдерісі жүріп жатыр. Бұл – үлкен мүмкіндік. Біріншіден, осы санат бойынша кез келген білім саласының ғалымдары тағылымдамадан өте алады. Екіншіден, «Ғалымдар» санаты бойынша үміткер шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының тізіміне кіретін шетелдік жетекші жоғары оқу орындары; әлемдік ғылыми-зерттеу орталықтары; зерттеу кампаниялары шеңберіндегі ғылыми ұйымдар, салалық және өндірістік, технологиялық ұйымдарда тағылымдамадан өте алады. Үміткер тағылымдамадан өту үшін ұйымды таңдау кезінде өзінің ғылыми мүдделерінің бағытын, оны ұйымдастырудың ғылыми байланыстарын және таңдаған мамандығын басшылыққа алуы қажет.

Тағы айта кететін жайт, «ғалымдар» санаты бойынша тағылымдамадан өтуге үміткерлер мынадай талаптарға сәйкес келуі тиіс: жалпы жұмыс өтілі кемінде 3 (үш) жыл, оның ішінде соңғы 12 (он екі) ай таңдаған мамандану саласында болуы керек. Ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне қол жеткізу; тағылымдаманың және одан кейінгі жұмыспен өтеудің жиынтық мерзімі құжаттарды тапсыру сәтінде заңнамамен белгіленген зейнетақы жасынан тыс шықпауы тиіс. Тағылымдамаға қабылдайтын шетелдік ұйымның шартсыз шақыруының (қаржы шарттарын қоспағанда) болуы; В1 (KazTest) деңгейінен кем емес нәтижесі бар мемлекеттік тіл бойынша емтихан тапсырғаны туралы сертификаттың болуы. Ал бакалавр немесе маман дипломының орташа балы есепке алынбайды.

«Болашақ» шеңберіндегі ауыл жастарына беріліп отырған мүмкіндіктерді егжей-тегжейлі зерттеп, ауыл жастарын шетелде оқу арманын «Болашақ» аясында жүзеге асыруға шақырамын. Бұл – мемлекет жасап отырған үлкен мүмкіндік. Қандай да бір сауалдар туындаса, Bolashak.gov.kz сайтымыз арқылы немесе Халықаралық бағдарламалар орталығының әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы мәліметтер алуға болады. Әңгімемімнің күрмеуінде жастарды, әсіресе, ауыл жастарын, ғалымдарды тәуекелге бел буып, бағдарламаға қатысуға шақырамын.

Әңгімеңізге рахмет!

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT