Аудиттік тексеріс нәтижесі қандай?

Мемлекеттік қаражат - елдің әлеуметтік даму қарқынын, халықтың тұрмыс сапасын, экономиканың тұрақтылығын айқындайтын ең бағалы ресурс. Сондықтан әрбір жұмсалған теңге қоғам игілігіне қызмет етуі тиіс. Өңірде аудиторлық іс-шаралар нәтижесінде жалпы 34,6 млрд теңгеден астам қаржылық және рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде 18,5 млрд теңгесі – рәсімдік, 16,2 млрд теңгесі – қаржылық бұзушылықтар.

Мемлекеттік сатып алулар саласында да бірқатар заңбұзушылық тіркелген. Есепті кезеңде камералдық бақылау арқылы 10 926 сатып алу рәсімі қамтылып, оның 1 779-ында жалпы сомасы 30,4 млрд теңгенің бұзушылықтары анықталды. Анықталған кемшіліктер бойынша мемлекеттік органдарға 1729 хабарлама жолданып, барлығы толық орындалған. Бұл туралы Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Мәулен Мүтиев хабарлап отыр.

Департамент тарапынан заң талаптарын бұзған 383 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 29,9 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Оның 28 млн теңгесі мемлекет бюджетіне өндірілген.

Сондай-ақ, есепті кезеңде азаматтардан және ұйымдардан 654 өтініш түсіп, олардың барлығына мерзімінде жауап берілген.

Департамент ішкі аудит қызметтерінің жұмысын үйлестіру бағытында да бірқатар жұмыстарды атқарды. Атап айтқанда, ішкі аудит органдарына әдіснамалық және консультациялық көмек көрсетіліп, олардың есептері мен аудиторлық материалдарына талдау жүргізілді. Сондай-ақ тоқсан сайынғы есептер комитетке ұсынылып, мемлекеттік органдардың басшыларына ішкі аудит қызметі қызметкерлерінің жауапкершілігін қарау жөнінде ұсыныстар енгізілді. Мемлекеттік аудит объектілерінің жылдық тізбесі қалыптастырылып, тәуекелдерді басқарудың үлгілік жүйесін әзірлеу және бекіту жұмыстары жүргізілді.Тоғыз айда ішкі аудит қызметі 5 аудиторлық іс-шара жүргізді. Департамент төрт аудит материалын қарап, олардың Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарына ескертулермен сәйкестігін растайтын сапа бақылауының қорытындысын шығарды. Жалпы, есепті кезең мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету және бақылау жүйесін одан әрі күшейту бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізілгенін көрсетті,-дейді Мәулен Асқарұлы.

Айбөпе САБЫРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT