Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің көшпелі отырысы өтті.
Елбасының тікелей тапсырмасымен құрылған кеңестің негізгі мақсаты - жергілікті мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар арасында байланыс орнату. Жиынға облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-і директорының орынбасары Ләззат Жылқышиева, облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Нұржан Ермұханов, аудандық мәслихат хатшысы М.Мырзашев, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы С.Жайлашев, ауылдық округ әкімдері мен қоғамдық ұйым басшылары қатысты. Модератор - аудан әкімінің орынбасары Света Ертілеуқызы.
Күн тәртібіне нақты үш мәселе ұсынылды. Алдымен, «Ауыл – ел бесігі» жобасының іске асырылуы барысы туралы Бейбарыс ауылдық округ әкімі М.Сәрсенғалиев баяндады.
- Бейбарыс ауылында 5,4 шақырым ауылішілік жол мен 3 шақырым жаяу жүргіншілер жолының құрылысы қазан айының соңында аяқталады деген жоспар бар. Талдыкөл ауылында 3,1 км ауылішілік жол мен жаңа мөлтекауданда табиғи газ желісінің құрылысы жүріп жатса, Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтарға арналған ескерткіш пен ардагерлер саябағының құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, Аққайың ауылында 11,6 км кірмежол құрылысы аяқталып, тапсыру жұмыстары жүргізілуде,-деді ауыл әкімі.
Айта кету керек, Бейбарыс ауылдық округінде құрамында бес адамы бар Қоғамдық келісім кеңесі жұмыс жасап келеді. Бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес қызмет атқаруда. Жалпы 4 мыңға жуық тұрғыны бар ауылда бірнеше ұлттың өкілдері тұрады. Оларға мерекелік шаралар кезінде сый-құрметтер көрсетіліп, түрлі танымдық бағдарламалар жүзеге асуда. Талдыкөл ауылының тұрғыны, беларус ұлтының өкілі Асемгүл Александрқызының облыс намысын түрлі сайыстарда қорғап, аудан абыройын асқақтатып жүргені қуантады. Ассамблеяның 25 жылдық мерекесі қарсаңындағы өткізілген шараға ауылдағы удмурд ұлтының өкілдері қатысып, қазақ тілінде құттықтау тілектерін айтып, өздерінің ұлттық билерін көрермендерге паш еткен.
Махамбет аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің жұмысын жүргізу өткен жылдың IV тоқсанынан бастап аудандық ішкі саясат бөліміне жүктелген болатын. Жыл басынан бері атқарылған жұмыстар жөнінде бөлім басшысы А.Сисенов баяндап, өз ұсынысын да жеткізді.
- Елдегі жағдайға байланысты бірқатар шараларды өткізе алмадық. Десек те, атқарылған жұмыстар да жоқ емес. Ауданда 19 ұлттың өкілі тату-тәтті ғұмыр кешумен қатар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлестерін қосып келеді. «Алғыс айту» күнінде Махамбет, Сарайшық, Бейбарыс, Сарытоғай ауылдық округтерінің кітапханаларында, мәдениет үйлерінде өзге ұлт өкілдерімен кездесу кештері ұйымдастырылды. Қоғамдық келісім кеңесі аудандағы қоғамдық және ҮЕҰ-мен, ардагерлермен, Аналар кеңестерімен бірлесе отырып бірқатар жұмыстар жасап келеді. Өткен жылы аудандық Қоғамдық келісім кеңесінде «сарапшы» деген лауазымдық қызмет болған еді. Осы лауазымдық қызметті кері қайтару жөнінде өз ұсыным бар. Бұл кеңестің халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, мінберлерде мәселе қылып көтеріп жүргені белгілі,-деді бөлім басшысы.
Соңғы мәселе, яғни Қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысын жандандыру бағытында тәжірибе алмасу бойынша сөз Л.Жылқышиева мен Н.Ермұхановтарға берілді. Облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-і директорының орынбасары Л.Жылқышиева:
- Иә, өткен жылдың соңында халық саны аз аудандардағы Қоғамдық келісім кеңесінің сарапшыларын қысқарту бойынша тапсырма келді. Осылайша Индер, Жылыой және Құрманғазыдан өзге аудандардағы аталған лауазымдар қысқартуға ұшырады. Бірақ бұл эксперимент жүзеге аспай, жұмыстарымыз тұралап қалды. Сол себептен де, келесі жылы «сарапшы» лауазымы қайта бөлінетін болады,-деді. Биылғы жылдың қаңтар айында облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағалығына жаңадан тағайындалған Нұржан Ермұхановтың айтуынша, жыл басында жоспарлған жұмыстардың біразы төтенше жағдай мен карантиндік шектеулерге байланысты жүзеге аспай қалған көрінеді.
- Қоғамдық келісім кеңесінің атқарылып жатқан жұмыстары аз емес. Биылғы жылы аудандарға шыға алмай, тек облыс орталығындағы шаралармен шектелдік. Тек кеше ғана Мақат ауданына барып, кеңес жиынын өткізіп, өзекті мәселерді талқыладық. Қысқа дайындық барысы, жастармен жұмыс жөнінде келелі ойлар айтылды. Сондай-ақ, бүгінгі Махамбет ауданындағы жиын өз деңгейінде өтті. Кеңес жұмысын жандандыру бағытында жұмыстар алға қарай да жүргізіле беретін болады,- деді Н.Мақсотұлы.
Халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы Қоғамдық келісім кеңесінің өзіндік үлесін қосу мақсатында өткен көшпелі отырыс өз мәресіне жетті. Аудан әкімінің орынбасары С.Ертілеуқызы кең көлемде пікір алмасып, ойларымен бөлісіп, кеңескен жиынның қатысушыларына алғысын жеткізіп, жұмыстарын сәттілік тіледі. Өз кезегінде облыстық Қоғамдық келісім кеңес төрағасы Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы мерекесіне орай кәдесыйды аудандық әкімдікке табыстады.
Қ.БАҒЫТ