Атыраулық студент Париж паралимпиадасына қатысады

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттері Парижде өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындарынан кейін басталатын XVII жазғы паралимпиадаға жолдама алды. Еліміздің абыройын әлемдік ареналарда қорғап жүрген спортшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінде оқитын Альфия Әділқызын Парижге сапары алдында университет басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов қабылдап, әлемдік додада жеңіске жетуіне сәттілік тілеп,  университет ұжымы жарыста жанкүйер болатын жеткізді.

ҚР чемпионатының жеңімпазы, әлем чемпионатының командалық белдесуінде қола жүлде, Финлиндияда өткен халықаралық турнирда күміс жүлде иеленген Альфия «Паралимпиадаға парадзюдадан 57 келі салмақта күресуге жолдама алдым. Осы уақытқа дейін Азия чемпионатында чемпион атандым. Бұл менің ең үлкен жетістігім»,- деп атап өтті. Альфияның жаттықтырушысы Жандос Қарақожаұлы да «Алфия қызымыз 2022 жылдан бастап парадзюдомен айналысып, көптеген жетістіктерге жетті. Қазіргі таңда ұлттық құрамадағы ең жас дзюдошы және болашағынан үміт күттіретін палуандардың бірі»,-деп спортшымызға сенім білдірді.

Сондай-ақ, Атырау университетінің дене шынықтыру мамандығының 2024 жылғы түлегі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Али Махұлбеков пара үстел теннисінен жарысқа қатысуға лицензия алды.

XVII жазғы Париж-2024 Паралимпиада ойындары 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында өтеді. Олимпиада қатысушылары 23 спорт түрінен 549 медальды сарапқа салады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT