Елордада VII республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны басталды.
Биыл жиын тағы да онлайн форматта өтеді. Оған «Жас ұлан» республикалық мектептерінен, С.Нұрмағамбетов атындағы Қорғаныс министрлігінің Әскери колледжінен, еліміздің облыстары мен қалаларындағы Қарулы Күштердің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери-патриоттық клубтарынан құрамында 1100-ден астам жасөспірім бар 74 команда қатысады. Атырау облсының атынан аталмыш конкурсқа төрт команда қатысады. Олар «Батыс», «Хиуаз Доспанова», «Махамбет» и «Қайырғали Смағұлов».
Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында орналасқан фронт-кеңседен Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов пен Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Мұрат Бектанов жиынға қатысушыларға арнап сөз сөйледі. Қорғаныс министрі жиынға қатысушыларға жарыстарда сәттілік пен сергектік тіледі. Отан қорғаушыларымен бір қатарға тұруға лайықты болып, осы күрделі де құрметті мамандықты таңдап, өз өмірін әскермен байланыстырғысы келетін жастардың талпынысы мен ниетін атап өтті. Бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде сүйікті кәсібін оқытуға және қойылған мақсаттарын іске асыруға ұмтылатын жастар үшін қажетті жағдай жасалған. Жастарды әскери-патриоттық тұрғыда тәрбиелеу жолындағы ауқымды жұмысты облыстар пен қалалардың әкімдері, білім беру, жастар ісі жөніндегі басқармалардың басшылары жүргізеді. Жиын аясында әскери-қолданбалы спорт түрлерінен жарыстар, «Айбын дарыны» зияткерлік ойыны, «Айбын жұлдызы» шығармашылық конкурсы, «Смарт сарбаз» конкурсы өтеді. Онда жас құрастырушылар жасаған роботтар және роботтандырылған жүйелердің түрлері ұсынылады. Биылғы бағдарламада жаңа жарыстар пайда болды.
Олар жас тілшілер арасындағы «Жас сарбаз – жас тілші» байқауы және тоғыз-құмалақ ұлттық ойынынан онлайн-турнир. Алғаш рет тұрақты түрде «Жас сарбаз Хаб» коворкинг-орталығы іске қосылады. Оның ішінде жиынның фронт-кеңсесінің, брифинг залының және «Жас сарбаз медиа» студиясының жұмысы ұйымдастырылды. Өткен жылдағыдай, барлық жарыстар мен байқаулар қатысушылардың нормативтер мен тапсырмаларды орындау сәті түсірілген видеоларды мобильді қосымшаға жүктеу арқылы ұйымдастырылады. Ашылу салтанатына сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Юрий Ильин, Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов, төрағаның орынбасары – Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің директоры генерал-лейтенант Дархан Ділманов, Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары полковник Батырбек Байбосынов, Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асқар Омаров пен Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов қатысты. «Айбын-2021» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны 30 қарашаға дейін жалғасады. «Егемен Елдің ертеңі – мен жас сарбаз» атты бірінші жас патриоттар форумы аясында жиынның жабылу және жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтеді.