HeadHunter онлайн платформасы Қазақстандағы вахталық әдіспен жұмыстың 2022 жылғы қорытындысын шығарды, деп хабарлайдыҚазАқпарат.
2022 жылы жалпы ел бойынша бүкіл бос жұмыс орындарының шамамен 4% немесе 20 мыңнан астамы вахталық жұмыс болды. Вахтамен істейтін қызметкерлерге ең үлкен сұраныс Атырау облысында тіркелді - вакансияның 16%-ыосында. Одан кейін Қарағанды (12%) және Алматы (7%) тұр.
Вахталық жұмыс іздегендер ішінде ең белсендісі Астанада - 27%. Жұмыс іздеуден Алматы, Ақтөбе және Ақтау вахташылары да қалыспайды — түйіндеменің 7-12% осы қалаларға тиесілі.
Вахта қызметкерлеріне ең үлкен сұраныс мына салаларда:
- құрылыс, пайдалануға беру, жобалау;
- өндіруші сала;
- металлургия, металл өңдеу.
Алайда, басқа мамандық өкілдеріне де жұмыс көп, олар - аспаздар, күзетшілер, күтушілер, бағдарламашылар, дәрігерлер, тіпті сатушыларға да вахталық ұсыныстар бар.
2022 жылы вахта жұмысшысына орта есеппен 350 мың теңге жалақы ұсынылды, бұл - ел бойынша орташа көрсеткіштен жоғары.
«Ең қымбат» вахта жұмысының рейтингін Атырау мұнай-газ саласындағы жобалау инженері бастап тұр - оған компания 1 600 000 теңгеден аса еңбекақы төлеуге дайын.
Екінші орында - Теңіз кентіндегі кәсіпорында ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ бойынша менеджер (айлық 1 500 000 теңгеден жоғары).
Үшіншісі - Қарағандыда технологиялық жабдықтар мен құбырларды дәнекерлеуші, жалақысы 1 300 000 теңгеден басталады.
Сурет zakon.kz сайтынан алынды