Өткен сенбі күні Атырау облысы әкімдігінің сұранысы бойынша облыстық ауруханаға 40 оттегі баллоны тапсырылды.
"Пандемия басталған уақыттан бүгінгі күнге дейін Ембі мұнайшылары Атырау облысының әкімдігімен бірлесе отырып, облыс халқына жан-жақты қолдау білдіруде",- деп хабарлайды «Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметі.
Бүгінде компания Атырау облыстық ауруханасына өкпені жасанды желдетуге арналған оттегі концентраторларын алуға, оперблоктарды, реанимацияларды, диализ орталықтары мен провизорлық бөлімшелерді медициналық газбен қамтамасыз ету жүйесін жүргізу үшін медициналық жабдықтарды алу үшін 146 миллион теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетті. Осындай мақсатта және жеке сақтандыру құралдарын алуға Жылыой аудандық ауруханасына 35 миллион теңге аударылды. Атырау облысы аудандық әкімдіктеріне жасалған өзге қолдау түрлерін есептемегенде, өңір тұрғындарына көрсетілген көмектің жалпы сомасы - 300 миллион теңгеге жуық.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Ембімұнайгаз» АҚ Атырау қаласының Береке ықшам ауданындағы карантиндік стационарларды тұрмыстық техникамен және гигиеналық қажетті заттармен қамтамасыз етуге 100 миллион теңге бөлген болатын. Атырау облысы әкімдігінің сұранысына сәйкес Махамбет ауданындағы провизорлық орталықтың қажеттіліктері үшін автобус бөлінді. Өткен сенбі күні Атырау облысы әкімдігінің сұранысы бойынша облыстық ауруханаға 40 оттегі баллоны тапсырылды.
Сонымен қатар, Исатай, Мақат, Жылыой және Қызылқоға аудандарының әкімдіктеріне блок-посттар ұйымдастыруға, дезинфекциялық жұмыстарды жүргізуге және халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарына қолдау көрсетілді.