Атыраудың жергілікті жолдарына ведомстволық сараптама жасалады

ҚР Индустрия және инфрақұрылымды даму министрлігі «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны жергілікті деңгейдегі автокөлік жолдарын орташа жөндеу жұмыстарының техникалық құжаттамасына ведомстволық сараптама жасайды. Бұл жұмыстарды кәсіпорынның әр облыстағы филиалы атқарады. 

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК АОФ директоры Дархан Сайлауовтың айтуынша, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттаманы ведомстволық сараптама - бұл қорытынды алу үшін тапсырыс берушінің порталға енгізілген өтініші бойынша филиал және орталық сарапшыларының жүргізетін бағалау әрекеттері мен қорытындыларының жүйесі. 
 Ведомстволық сараптаманың мақсаты - қабылданған шешімдердің негізділігін және ұсынылатын техникалық құжаттардағы көрсеткіштердің дұрыстығын айқындау, сондай-ақ қабылданған жобалық шешімдердің ҚР нормативтік-техникалық құжаттарына сәйкестігін белгілеу арқылы техникалық құжаттамаға талдау және бағалау жүргізу.
«Бұған  дейін  жалпыға ортақ пайдаланылатын автокөлік жолдарын сараптауға қала және ауыл ішілік жолдар кірмейтін. Әкімдіктерге қарасты Тұрғын үй коммуналды шаруашылығы, автокөлік жолдары және жолаушылар көлігі бөлімдері өздері жобалау сметасын бекітіп, конкурсқа шығарып, мердігер мекемені өздері анықтайтын. Енді, биылдан бастап енген заңға сәйкес, жергілікті әкімдіктер өздері жоба жасап, оны ұлттық сапа орталығына ведомстволық сараптамаға әкеледі. Оны филиал мамандары толықтай тексереді. Сол нысанға барып тапсырыс берушінің порталға енгізілген құжаттамасы егжей-тегжей қаралады. Қаржылай шығындары да мұқият тексеріліп, бағасы сәйкес пе, жоқ па анықталады. Айта кетейін, жол саласындағы қателіктердің басым бөлігі осы жобалау кезінде жіберіледі. Оның себебі, әкімдіктегілердің бәрі бірдей кәсіби жолшы емес. Олар жолдың жайын толық білмегендіктен кемшілік жібереді. Мәселен, асфальтбетон жабындысы, жолдың негізі дұрыс таңдалмайды. Соның салдарынан жол тез тозады. Енді жаңа заңға сәйкес, мұндай ақаулардың алдын аламыз деген ойдамыз» - дейді Дархан Сайлауов. 
Бұдан былай жан-жақты сараптамадан өткен жоба Автомобиль жолдары комитетіне жіберіліп, бекітіледі. Содан кейін ғана  қалалық және аудандық ТКШ бөлімдері тендер жариялайды.  
Заң күшіне енгелі бері «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау филиалына республикалық маңызы бар «Махамбет-Х.Ерғалиев» және облыстық маңызы бар «7-разъезд-Сүйіндік-Балқұдық» жолдарын орташа жөндеу жобасына ведомостволық сараптама жүргізуге тапсырыс түскен. 
  Техникалық құжаттамаға ведомстволық сараптама 30 жұмыс күні ішінде жасалады. Сараптама мерзімі келіп түскен құжаттамаларды тіркеген күннен бастап есептеледі. Ал, оң қорытынды берілген күннен бастап бір жыл ішінде жарамды, жөндеу жұмыстары басталмаған және мердігер ұйым анықталмаған бұрын бекітілген техникалық құжаттамалар да жаңа белгіленген тәртіппен жаңадан сараптамадан өтуі тиіс және қайта бекітіледі. Сондай ақ, ведомстволық сараптамаға жататын, бірақ белгіленген тәртіппен тексерілмеген техникалық құжаттама аяқталмаған болып есептеледі және оны пайдаланып, жол жөндеу жұмыстарын жүргізуге рұқсат берілмейді» -дейді филиал директоры. 
Естеріңізге сала кетейік, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» негізгі міндеті – жол сапасын арттыру. Дәлірек айтқанда, автомобиль жолдарын қайта жаңғырту, жөндеу және күтіп ұстау кезіндегі жұмыстарды тексеру, пайдаланылатын жол құрылыс материалдарының сапасын сараптау сондай-ақ жол активтерін басқару.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT