Атырау көшелері мен саябақтарында жасыл желек жыл бойы жайқалып тұратын болды.
Биыл өңірде 400-ден астам табиғи шырша отырғызылған. Жалпы, шаһарда 900-ден астам қылқанжапырақты тал егілген. Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин күтіп-баптаса, жері сортаң мұнайлы өлкені жасыл шырша мекеніне айналдыруға болатынына сендіріп отыр.
Бүгін шаһар басшысы Шәкір Кейкин қалалық мәслихат депутаттарымен бірге абаттандыру жұмыстарымен танысты. Ең алдымен қала әкімі Дамбы ауылдық округіндегі саябаққа аялдады. Көгалдандыру жұмыстарының сапалы жүргізілуін алдыңғы кезекке қойған ол күтім мен суару мәселесіне айрықша назар аударды. Себебі паркке табиғи шыршалар егілген. Жылдың төрт мезгілінде де бір түсте болатын тал жайқалып тұруы үшін оны тұрақты түрде баптап тұру керек.
— Өздеріңіз де көріп жүргендеріңіздей, шыршалар Әбілқайыр хан даңғылының бойына отырғызылды. Ал Жайық жағасына қарағайдың “экстра” сорты егілді. Әдемі талдың биіктігі 3 метрден кем емес. Бұлардың барлығы қала көшелеріне ерекше сән беріп тұр. Бұдан бөлек, 200-ге тарта шыршаны Исатай–Махамбет алаңына ектік. Бұрын ол жерде басқа талдар болатын. 30-ға тарта ағаштың орнын ауыстырдық. Сондай-ақ әдемі гүлдер де егілді. Исатай–Махамбет бабаларымыздың ескерткішінің артында, шыршалардың арасында отырғызылған әсем гүлдердің жемісін көктемде көреміз деген ниеттеміз. Геологта да қарағай талдары бар. Дамбыда 80-ге жуық қарағай, Жастар саябағына 200-ге жуық шырша егілді. Жайық жағасында отырғызылған қарағай “Француз кварталы” тұрғын үй кешеніне дейін жетпек, — дейді Шәкір Кейкин.
Ең бастысы, қаланың көркін келтіретін жасыл шыршалар экологиялық ахуалы сын көтермейтін өңірге оң септігін тигізбек. Ал қалада сирек кездесетін қылқанжапырақты талдардың келешегіне күмәнмен қарайтын тұрғындарға қатысты Шәкір Кейкин мынадай пікір білдірді: — Әрине, “біздің жерімізге қарағаштан басқаны екпеуіміз керек, мемлекет қаражатын босқа шығындауға болмайды” деп керітартпа пікір айтқандар бар. Алдымен, шырша, қарағай секілді талдардың барлығына бюджеттен бір теңге де бөлінген жоқ. Оның бәрі демеушілік көмектің арқасында жүзеге асты. Күтіп, баптай білсе, бізде қай тал да шығады. Қаланың кейбір көшелерінде, белгілі ғимараттардың алдында шырша өсіп тұр. Сондықтан қаланың басқа жерінде де қылқанжапырақты тал жайқалатынына ешкімнің күмәні болмауы тиіс деп есептеймін. Дер кезінде суын құйып, тыңайтқышын салып отырса, ағаштар өсетініне сенімдімін, — деді қала әкімі. Қалалық мәслихат депутаты Руслан Күмісқалиевтың айтуынша, көгалдандыру жұмыстарына белсене атсалысу үшін халық қалаулылары арнайы чат ашып, тал егу жұмыстарына бір кісідей жұмылып отыр.
— Зиянкестермен күрес, маса улау, басқа да жұмыстар ұдайы біздің назарымызда. Тапсырыс беруші — қалалық ТҮКШ бөлімі, мердігер мекеме күтіп-баптау ісімен айналысуда. Қаламыз жыл сайын гүлденіп келеді. Бірлесіп көтерген жүк жеңіл, — дейді ол.
Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ


