Атырау облысының Жастар ресурстық орталығы жыл басынан бері 14-35 жас аралығындағы жандарға жеті мәрте курс өткізіп, барлығы 150-дей адамды қамтыды. Бұл жөнінде Жастар ресурстық орталығының маманы Әли Төлеген жеткізді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Курс барысында қатысушылар қаржылық сауаттылықтың негізгі ұғымдарымен, активтер мен пассивтерді ажырату тәсілдерімен танысты. Сонымен қатар алаяқтық пирамидалар мен қаржылық тұзақтардан сақтану жолдары, қарыз алу кезінде ескерілетін маңызды қағидалар және жеке тұлғалардың банкроттық рәсімі түсіндірілуде. Бағдарлама табысын арттырғысы келетіндерге арналған қосымша модульмен толықтырылып, қаржыны басқарудың тиімді әдістерін меңгеруге мүмкіндік береді.